Accessibility links

"ГеБИТ-2007" жәрмеңкесі компьютер саласының болашығына көз тастап отыр


Германияның Ганновер қаласында "ГеБИТ-2007" жәрмеңкесінде 77 елден келген алты мыңнан астам компания компьютер саласындағы жаңа технология үлгілерін көрсетіп жатыр. "ГеБИТ" жәрмеңкесі компьютер, телекоммуникация және тұтыну салаларында ең тың жаңалықтарды көрсететін дүниедегі ең үлкен жәрмеңке. Бейсенбі күні ашылған көрме наурыздың 21-не дейін жұмыс істейді.

Ганновер көрмесінің 26 залы мен бірнеше павильонында бір апта бойы жұмыс істеп жатқан жәрмеңке ақпарат технологиясының болашағын білгісі келетін кез-келген адамға арналып отыр. Компьютер саласындағы жаңалықтар жеке адамдардың мұқтаждықтарынан бастап миллиардтаған доллар сапыратын корпорациялардың мүдделерін өтеуді көздейді. Дүниежүзі ақпарат технологиясының базары және коммуникация құралдары өндірісінің айналымы жыл сайын 2 триллион 600 миллиард доллар құрайды.

Жәрмеңке ашылуына қатысқан Германия канцлері Ангела Меркел жаңалық әкелу рұхы "ГеБИТ" көрмелеріне әр қашан тән деп мақтау айтты:

- Осы жәрмеңкеде дүниеге келген барлық нәрсенің түбінде әрқашанда шығармашылық идеялар болған. "ГеБИТ" жәрмеңкесінің түп-тамыры да осы, бұл – жақсы идеялар жәрмеңкесі.

Ашылу салтанатына, сол сияқты, Ресей бас министрінің орынбасары Сергей Нарышкин қатысты. Ол Ресей экономикасы жоғары технология саласынан демеу алатын болады, экономика қаржыландырылуы тек мұнай мен газ экспортына қарап отырмайды деді. Ал енді тұтынушыларға арналған технологиялардың мүмкіншіліктерін айтатын болсам, "Алкател-Люсент" компаниясының басшысы Патрисия Руссо қазіргі тұтынушылардың сұраныстары өте жоғары деді, қазіргі адамдар теледидардан сүйікті хабарын көріп отырып, дәл сол мезгілде достарына көргені туралы хат жазғысы келеді, дәл сол мезгілде мектептен телефон соғып тұрған баласына жауап бергісі келеді деп мысал келтірді.

"ГеБИТ" жәрмеңкесінің өкілі Моника Брандт "Азаттық" радиосына берген сұхбатында көрмеге шығарылған технологияларда жаңалық ашу ұмтылысы мықты деді:

- Биыл мұнда радиожиіліктерін анықтау технологиясы сияқты не болмаса қызмет қолайлығына бағынған архитектура сияқты өзекті тақырыптар алға шығып отыр. Инновациялар арасына телематика және навигация жүйелері кіріп отыр.

Ганновер көрмесіне Азиядан келетін компаниялардың қатары биыл өсіп отыр. Ең алды Тайван, сосын Қытайдан жүздеген қатысушы келді. Ираннан 15 қатысушы келді. Компьютер саласына үлес қоспайды делінетін Грузия мен Әзірбайжан да айтатын жаңалығымыз бар деп, дүниежүзілік компьютер көрмесіне қатысып жатыр.
XS
SM
MD
LG