Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.17.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Кәрім Мәсімовтың үкіметі бұған дейінгі қабылданған үкімет жоспарларына қарсы екендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер өткен жылы Қарағанды облысы аумағындағы шахталардан 837 адам зардап шеккендігіне мән берсе, тағы бір басылым Қазақстандағы 123 құрылыс компаниясының лицензиясы қайтарып алынғандығына тоқталып өтіпті.

Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет бұған дейінгі Ахметов үкіметі тұсында қабылданған жоспарлардың күшін жоятындығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Наурыздың 16-күні Астанада өткен отырыста Кәрім Қажымқанұлы Ахметов Үкіметі тұсында қабылданған жалпыұлттық жоспарларды жоюға жіберетінін жария етті. 2005-06 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспарлар, егер Президент Әкімшілігі қолдаса, толығымен жоюға жіберіледі» делінген мақалада. «Ал вице-премьер Аслан Мусиннің айтуынша, Үкіметтің 2007-09 жылдарға арналған бағдарламасы бұрынғыдай нысаналық бағыттарды анықтап қоюмен ғана шектелмепті, қайта әр мемлекеттік орган үшін нақты міндеттерді белгілеп, оларды шешу жолдарын көрсетіп, әрбір айқындалған бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуді жүктеген. Мұнда экономикалық және әлеуметтік салаларды кешенді дамытудың микро және макродеңгейлердегі мәселелері айқындалған» дейді Аслан Мусин. Ал «Президент құжаттарға қол қойысымен, жаңа Үкімет толығымен өзінің төл, жаңа бағдарламасымен жұмыс жасауға көшпек» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта «Известия» газеті Қарағанды облыстық прокуратурасының облыс аумағындағы шахталарда жүргізген тексерулерін жария етіп отыр. «Шахталардағы қауіпсіздік жағдайы мен еңбектің қорғалуын тексеріп көрген прокуратура аса қорқынышты қорытындыға келіп отыр. Өткен жылғы Ленин шахтасындағы қайғылы жағдай кез-келген шахтада болуы мүмкін» делінген мақалада. «Прокуратура өкілдері Абай шахтасында да Ленин шахтасындағы жарылысқа себеп болған кілтипанды байқаған. Қарағанды облыстық төтенше жағдай және өндіріс қауіпсіздігіне бақылау басқармасы төрағасының орынбасары Владимир Пфаргердің айтуынша, бір жарым айдың ішінде шахталарда бірнеше мәрте газдану қаупі тіркелген. Ал электротехникалық құрылғыларды пайдалану жағынан 600-ден астам заң бұзушылық анықталып отыр. Жалпы, өткен жылы Қарағанды шахталарында 837 адам зардап шексе, соның 112-і қаза болған» деп жазды «Известия: Казахстан» газеті.

Қазақстанда құрылыс компанияларының саны қысқарып жатқандығы туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «Индустрия және сауда министрлігініңі қара тізіміне негізгі талаптарға сай емес кіші компаниялар еніпті. Аталған министрліктің құрылыс және сәулет комитеті Алматыдағы 60, Астанадағы 63 компанияның лицензиясын кері қайтарды» делінген мақалада. «Бұл компаниялардың көбісінде мекемесінен басқа, құрылысқа қажетті ешқандай құрал-саймандары болмаған. Қазақстан бағалаушылар қауымдастығының атқарушы директоры Александр Калининнің айтуынша, соңғы 2-3 жылдың көлемінде республика аумағында мұндай мекемелер көбейіп кеткен. Олардың мақсаты – жер телімдерін сатып алып, құрылыспен шындап айналысатын компанияларға қайта сату. Болашақта біз лицензиясын қайтарып алу туралы ақпараттарды жиі еститін боламыз. Бір ғана Алматы қаласында лизенциясы бар 900-ден астам құрылыс компаниясы тіркелген» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Казахстанская правда» газеті болса Қарағанды ауданаралық соты заңсыз жекешелендірілген Кеншілер мәдениет үйін әкімшілік меншігіне қайтару туралы шешім шығарғандығына тоқталып өтіпті. «Сөз болып отырған ғимарат 90-шы жылдары жекешендіріліп жіберілген. Алайда, заң бойынша, оны жеке тұлғаларға сатуға болмайды екен. 10 жыл өткен соң ғана қалалық прокуратура сотқа шағым түсірген. Судья Орман Салқымбаев осы істі әкімшілік пайдасына шешіп берді. Жалпы, сөз болып отырған Мәдениет үйі Қарағанды облысында қайтарып алынған бірінші ғимарат емес. Бұған дейін Қарағандыдағы онкологиялық панционат пен жатақхана, бұрынғы химия-технологиялық техникумның және перзентхана ғимараттары әкімшілік меншігіне қайтарылған болатын» деп түйіндейді «Казахстанская правда» газеті.

«Экспресс К» басылымы Астана қаласының ірі сәулет құрылыстары «әлемнің жауһарлары» қатарына қосылатындығына мән беріпті. Онда наурыз айында Астана қаласында британдық бейнеоператорлар қаланың бірқатар ірі сәулет орындарын түсіргені жазылған. «Әлемнің ұлы сәулет үлгілеріне саяхат» атты британдық фильмнің продюсері Джон Малленді Астанадағы «Бәйтерек» мұнарасы, «Ақ орда» резиденциясы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Транспорт Тауэр», «ҚазМұнайГаз» ғимараты және басқа да сәулет өнерлері ерекше қызықтырып отыр. Ағылшын көрермендері бұл фильммен осы жылдың қыркүйек айында таныса алады. Одан соң туынды басқа да тілдерге аударылатын болады» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG