Accessibility links

Ғылыми жаңалықтар: компьютердің артықшылығы; жойылып кету қауіпі төнген өзендер және белгісіз ұшқыш заттар


Егер сіз команда болсаңыз, өз жағдайыңыз үшін кімнің шешім қабылдауын қалар едіңіз? Отбасыңыздың мүшелері ме, немесе дәрігеріңіз бе, әлде компьютер ме? Бір топ АҚШ зерттеушілерінің пікірінше, ондай жағдайда сіздің ахуалыңызды жақындарыңыз бен дәрігерден гөрі компьютер жақсырақ анықтай алады екен.

КОМПЬЮТЕРДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Дэвид Уендлер - Мэрилендтің Вифезда Ұлттық институтындағы биоэтика маманы. Уендлер мен оның әріптестері науқастарға байланысты бірқатар зерттеулерді қарап шығыпты. Ол зерттеулерде ауырған адамдарға “егер сіз комаға түссеңіз қалай емделгіңіз келеді?” деген сұрақтар қойылыпты. Сосын ол науқастардың туыстарына “ал сіз жақыныңыздың ахуалына байланысты қандай медициналық шара қолдану керек деп ойлайсыз?” деген сауал беріліпті. Уендлердің айтуынша, дәрігерлерден гөрі ауырып жатқан адамның туыстары науқастың кома жағдайында қандай шешім қабылдағысы келетініне қатысты айтарлықтай жақсы болжам жасаған екен.

“Орташа есеппен алғанда, сұрақ қойылған адамдардың үштен екісі науқастардың қандай шешім қабылдағысы келетінін дұрыс айтқан, ал үштен бірі қателескен. Бұл мәселеге орай олар 78,5 пайыз нақтылықпен анықтаса, бірақ компьютердің көмегімен бұл көрсеткіш одан да жақсырақ болар еді”, - дейді Уендлер.

Бұл қорытындыларын АҚШ мамандары бірқатар зерттеулер негізінде жасап отыр.

ЖОЙЫЛЫП КЕТУ ҚАУІПІ ТӨНГЕН ӨЗЕНДЕР

Көктем басталысымен таулардағы мұздар еріп жатыр, оның салдарынан өзендердің деңгейі көтеріліп жатыр деген хабарлар жиі беріледі. Сондықтан болса керек, адамдардың көбі жербетіндегі су азаймайтын шығар деп ойлауы мүмкін. Бірақ АҚШ-та орналасқан Табиғатты қорғау жөніндегі Дүниежүзілік Қорының жаңа баяндамасына қарағанда, әлем елдеріндегі кей өзендерге құрғап кету қауіпі төніп тұр. Оған себеп табиғатты ластандыру, шектен тыс балық аулау, бөгендер құру, климаттың өзгеруі және тағы басқа проблемалар негіз болып тұр делінеді аталған баяндамада.

Қоршаған ортаны қорғаушылар тобы қауіп төніп тұрған әлемдегі ең үлкен өзендердің 10-нын анықтаған. Тізімдегі кейбір өзендердің жағдайы “тым нашар, ешқандай шара қолданылмаса олар жойылып кетеді” делінеді.

Баяндамаға енгізілген 10-өзеннің бесеуі Азияда екен. Атап айтқанда, Янцзы, Меконг, Салуин, Ганга және Үнді өзендері. Тізімде, сондай-ақ, Еуропадағы Дунай, Оңтүстік Америкадағы Ла Плата, Солтүстік Америкадағы Рио Гранд, Африкадағы Нил және Автралиядағы Муррей өзендері аталған.

Аталған топтың осыған ұқсас баяндамасы 2004-ші жылы жарияланған болатын. Өзендердің бұрынғы жағдайымен салыстырғанда, қазір ең алаңдаушылық туғызып отырған жоғарыда аталған Азиядағы өзендер, дейді мамандар.

Бұл проблеманы шешуге нақты бір стратегия әзірше жасалмаған, бірақ бұл бағытта су ресурстарын қорғау алғашқы жақсы қадамдардың бірі болар еді, дейді Табиғатты қорғау жөніндегі Дүниежүзілік Қорының өкілдері.

БЕЛГІСІЗ ҰШҚЫШ ЗАТТАР

Туристердің көбі Францияның тамаша тағамдары мен әдемі жерлеріне қызығып осы елге жиі барады. Бірақ өткен аптада “Жейпан” деп аталатын Француз агенттігі енді Франция шет елдердегі қонақтардан басқа өте белгісіз бір жерлерден қонақтарды өзіне тартып жатқан болуы мүмкін деп хабарлады.

1981-ші жылы Транс-ен-Провенс қалашығының шетіндегі далада жұмыс істеп жатқан бір кісі түсініксіз ысқырық шығаратын диаметрі 2,5 метр болған тарелка сияқты нәрсенің жерге қонғанын көрген деп хабарланған болатын. Әлгі ұшқыш зат аспанға көтерілгенде далада із қалдырған екен. Полиция тергеушілері ол ізді тіпті суретке де түсірген, бірақ олар далада жұмыс істеп жатқан әлгі кісінің нақты не көргенін жақсылап түсіндіре алмаған.

Енді міне “Жейпан” агенттігі белгісіз ұшқыш заттарға байланысты өзінің арнайы сурет-қағаздарын туристердің көрулеріне мүмкіндік беріп отыр.
XS
SM
MD
LG