Accessibility links

Шаңырақтағы қақтығыс бойынша өтіп жатқан соттағы қоғамдық қорғаушылар Алматының сот орындары мен полицияны сотқа бермек


Шаңырақтағы қақтығыс бойынша Алматыда өтіп жатқан соттағы қоғамдық қорғаушылар Алматының сот орындары мен полицияны сотқа беруге дайындалып жатыр. Бұл туралы «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы Дос Көшім наурыздың 28-күнгі баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Сондай-ақ, қоғамдық қорғаушылар осы мәселенің елдің Қауіпсіздік кеңесінде қаралауын талап етіп отыр.

Наурыздың 27-күні Алматы қалалық сотында Шаңырақтағы қақтығыс бойынша жиналған соттың кезекті отырысы болып, онда Алматы қалалық сот орындаушылары Гүлшәт Жансарова мен Талғат Төлебаев куә ретінде жауап берді. Олардың айтуынша, 2006 жылғы шілденің 14-күні қаладағы жүзге жуық сот орындаушылары Шаңырақ елді-мекеніндегі мектеп ауласына таңғы сағат 6-да жиналған.

Осындай тапсырманы оларға бірнеше күн бұрын, сол кезде Алматы соттар әкімшісінің орынбасары Қажымұрат Махмаханов ауызша берген. Сот барысында белгілі болғандай, Шаңырақтағы 115 үйді бұзу туралы сот шешімі сырттай шығарылған болса, сот орындаушылары сол бұзылуға тиісті үйлердің жиырмасының ғана орнын дәл анықтаған. Заң бойынша сот орындаушылары мекен-жайы анықталмаған 90 борышкерді іздестіру үшін сотқа жүгінуге міндетті еді. Алайда, сотта куәлік еткен сот орындаушылары бұл талапты орындамағандықтарын жасырмады.

Заңгер Өтеген Ықсанов бұл жағдайда ҚР сот орындаушылары туралы заң талаптарының өрескел бұзылғанын айтып отыр.

- Сот орындаушылары заңда көрсетілген ережелерді орындауға құлықты болмағаны көрініп тұр. Мәселен, сот орындаушылары туралы заңның 18-бабында борышкердің мекен-жайы анықталмаған жағдайда сот орындаушысы борышкерді іздестіруді ішкі істер органдарына жүктеуін сұрап сотқа жүгінуі тиіс. Яғни, аталған заңның ережелері бұзылған, - дейді заңгер.

Сонымен қатар, заңгер Өтеген Ықсанов Шаңырақтағы баспаналар бойынша шығарылған 115 сот шешімінің мазмұнында заңсыздық байқалғандығын айтып отыр.

- Сөз болып отырған құжаттарда «заңсыз» деп отырған баспанада тұратын адамдардың барлығы қамтылуы керек болатын. Сот болса бұзылатын үйде тұрып жатқан басқа адамдарды өз жауапкершілігіне алмаған. Бұл жағдайда сот орындаушысы бұзылуға тиісті баспанада тағы бірнеше адам тұртындығын сотқа жеткізуі тиіс еді. Алайда, заңның осы ережесі де орындалмаған, - дейді заңгер.

Қорғаушылар сот материалдарына тіркелген тағы бір құжатқа аса назар аударып отыр. Бұл - сот әкімшісінің сол кездегі орынбасары Қажымұрат Махмахановтың 2006 жылғы шілденің 12-күнгі өтініші. Онда Шаңырақтағы 115 борышкердің заңсыз баспанасын бұзу үшін Алматы қаласының бірнеше мекемесінен көмек сұралған. Ал заң бойынша сот орындаушысы тек ішкі істер органдарынан көмек сұрауға құқылы.

Сот материалдарына тіркелген тағы бір құжатта 2006 шілденің 14-күні Шаңырақ ықшам ауданына Алматы қалалық ішкі істер департаментінің 744 қызметкері және прокуратура, сот, әкімшілік өкілдері жиналғандығы айтылған. Ал 2007 жылғы наурыздың 27-күнгі сот отырысында куәлік еткен сот орындаушылары халыққа жақындаудан қорқып, үнемі полицияның артында тұрғандықтарын жеткізді.

Осы жайттар анықталғаннан кейін қоғамдық қорғаушылар заң бұзған адамдарды сотқа беретіндіктерін мәлімдеді.

- Егер сот осылай жүре беретін болса, біз заң бұзған адамдарды сотқа беру туралы ойымыз бар, - деді «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы Дос Көшім.

Сонымен қатар, қоғамдық қорғаушылар бұл мәселенің Қауіпсіздік кеңесінде қаралуын талап етіп отыр. Өйткені, осыған ұқсас жағдайлар Қазақстанның көптеген аймақтарында орын алды дейді қоғамдық қорғаушы Асылбек Қожахмет:

- Біз Шаңырақтағы, Бақайдағы және осыған ұқсас Қазақстанның басқа да аймақтарындағы жағдайлардың Қауіпсіздік кеңесінде талқылануын сұраймыз. Бұл халық пен биліктің қарым-қатынасы үшін қажет.

2006 жылы Алматының бір шетіндегі Бақай ауылындағы заңсыз соғылған үйлерді бұзу кезінде баспана шатырына шығып алып, полицейлерге қарсылық көрсеткен екі азамат кейіннен қылмыстық жаупқа тартылып, сот үкімімен екі жылға бас бостандығынан айрылды. Ал Бақайдағы 300-ге жуық үйдің бұзылуынан бір апта өткен соң, өткен жылғы шілденің 14-күні Шаңырақ ықшам ауданының тұрғындары заңсыз соғылған үйлерді бұзуға барған полицияға қарсылып көрсетіп, қақтығыс кезінде өртке оралған бір полиция қызметкері – тергеуші қатты кұйіктен есін жимастан ауруханада қаза болды. Осы оқиғадан соң жүзден астам шаңырақтықтар тергеу амалдарына тартылып, 25 азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот 2007 жылғы қаңтардың 12-күні басталды. Соттың кезекті отырысы наурыздың 29-на белгіленді.
XS
SM
MD
LG