Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.30.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі халықаралық іздеуде жүрген Тахир Махмахановтың Мәскеуге қашып барғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер прокуратура өкілдерінің «Алматыжер» мекемесін сотқа бергеніне мән беріп өтсе, тағы бір басылымдар екі күннен соң ойынханалар жабылатындығына тоқталыпты.

Қазатком ауылындағы қақтығысқа қатысқан Тахир Махмаханов Мәскеу қаласында тығылып жүргендігі туралы ақпаратты «Караван» газеті таратты. «Іздестіру тобының мәліметі бойынша, Тахир Махмаханов Мәскеуге қашып барған. Алдымен ол Грозный қаласында бас сауғаламақ болыпты, кейін Ресей астанасында тығылуды жөн көрген» делінген мақалада. «Бұл уақытта осы іске қатысты бес адам Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасының абақтысында жатыр. Олардың екеуі Махмахановтарға көмектескен шешендер болса, қалғаны шабуылға қатысқан жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар, он үш күдікті қолхат арқылы босатылса, сегіз азамат бұзақылық әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған» деп жазды «Караван» газеті.

«Деловая неделя» газеті болса Алматы прокуратурасының «Алматыжер» мекемесіне қатысты шағымы сотқа дейін жеткендігіне мән беріпті. «Прокуратура сөз болып отырған мекеменің тұрғындардан жерді сатып алу ісіне қатысуы заңсыз деп есептейді. Алматы әкімшілігі осы аптада прокуратураның бұл талабын тағы да кері қайтарған. Ал прокуратура болса Алматының ауданаралық экономикалық сотына шағым түсірді» делінген мақалада. «Прокуратурадағылар Алматыжер мекемесі төлеген ақыны азсынған тұрғындар келісімді қайта қарауға немесе сот арқылы жерлерін қайтарып алуға құқылы деп есептейді. Әкімшіліктегі құзыргы органдар бұл мәселе бойынша жауап бермей отыр» деп түйіндейді «Деловая неделя» газеті.

Жерге қатысты мәселе Батыс Қазақстан облысында жаңа сипатқа ие болғандығы туралы мақала «Республика» газетінде жарық көріпті. «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасындағы заңсыздықтар Қауіпсіздік кеңесінде талқыланып, бірқатар азаматтардың есімдері ақпарат құралдарына шыққаны белгілі. Соған байланысты Орал қаласының әкімшілігі прокуратураға қарсы қадамға көшкенге ұқсайды. Демалыс күндердің бірінде өзін прокуратураданмын деп таныстырған белгісіз бір азамат ипотекамен пәтер алған 149 адамның қолын жинап, оларды Орал қалалық тұрғын бөліміне келуін шақырған. Аталған мекемеге барған халықты күтіп алған қала әкімінің орынбасары Нәсіпқали Иманғалиұлы олардан он күннің ішінде үйлерін босатуын талап еткен. Бұл сөздерді әкімнің орынбасары облыстық прокуратураның ұсынысына сүйеніп айтқан. Прокуратурадағылар болса халықтың қолын жинауға ешқандай адам жібермегендіктерін, ешкімді баспанасын босатуға мәжбүрлемегендіктерін алға тартып отыр. Сонда шенеуніктер халықты облыстық прокуратураға қарсы қойғысы келген бе?» деген сауал тастайды «Республика» газеті.

«Новое поколение» газеті енді екі күннен кейін республика аумағындағы ойынханалар жұмысы тоқтайтындығына мән беріпті. «Сәуірдің 1-нен бастап барлық ойын мекемелері арнайы бөлінген екі аймақта ғана жұмыс істеуге құқылы» делінген мақалада. «Ал ойынхана қожайындары болса бұл мерзімнің уақытын созуды талап етіп жатыр. Осындай мазмұндағы петиция екі мәрте Президенттің атына жолданды. Ең алдымен, олар 50 мың адамның жұмыссыз қалуына алаңдаушылық білдірген. Үкімет болса ойынхана иелері жұмысшылар санын әдейі еселеп көрсетіп отыр деген пікірде. Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтың айтуынша, ойынханаларда он мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл уақытта Алматы қаласында ойынхалардың бәрі жабылмайды екен, бірқатары «уақытша рұқсат қағаз» алып деген қауесет тарап жатыр. Шын мәнінде бұл жалған сөз – ойынханалардың барлығы жабылады» деп түйіндейді «Новое поколение» газеті.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 126 ойынхана, 865 ойын үстелі, 1918 ойын автоматтарының залдары немесе 24000 ойын автоматтары тіркелгендігі «Панорама» газетінде келтірілген. «Бұл салада 13600 адам еңбек етеді» делінген мақалада. «Солардың ішінде Алматы, Астана және Шығыс Қазақстан облысында осындай мекемелер көп екен. Қазіргі күні Үкімет қала және облыс әкімшіліктеріне «Ойын бизнесі туралы» заңның күшіне енуіне байланысты әлеуметтік толқулардың орын алу мүмкіндігін ойластыру тапсырылған. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы жағдайға байланысты барлық әкімдердің есебін тыңдауға уәде берді» деп жазды «Панорама» газеті.
XS
SM
MD
LG