Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.03.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірқатары Мәскеудегі қазақ және шешен жастарының төбелесі неден шыққан деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттер Каспий теңізіндегі итбалықтардың жаппай қырғынын мәселе етіп көтерсе, тағы бір басылым батыс аймақтарда туберкулез дерті өршіп тұрғандығына мән беріп өтіпті.

Губкин атындағы Мәскеудің мұнай және газ университетінде Қазақстан мен Шешенстан студенттері төбелесіп қалғандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Наурыздың 31-күні екінші курс студенті Бақыт Матаев өзінің досымен жолығу үшін студенттер қалашығына беттеген. Бутлеров көшесі бойындағы корпус ғимаратының қасынан өтіп бара жерде Бақытты бесінші курс студенті Саид тоқтатқан» делінген мақалада. «Мәскеудегі қазақ студенттері қауымдастығының төрағасы Нұрлан Қиясовтың айтуынша, масаң күйдегі шешен ұлтының өкілі Бақытты ұрмақ болған. Арты төбелеске айналып, екі жақтан қырық шақты адам жиналған. Алайда, Мәскеудің оңтүстік-батыс округы ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Ирина Юрованың айтуынша, студент қалашықта жаппай төбелес болмаған. Төбелес кезінде қару қолданылған деген ақпарат шындыққа сай емес» депті Ирина Юрова «Время» газетіне берген сұхбатында.

«Жас Алаш» газеті болса Мәскеудегі төбелестің Маловодное елді-мекеніндегі қақтығысқа қатысы бар деп есептейді. «Әне-міне, дегенше, Маловодное ауылында атылған оқтың жаңғырығы Мәскеуге де жетті» делінген мақалада. «Ресейлік сарапшылар Мәскеуде қазақ және шешен жастары арасында қақтығыс бұрын да болғанын айтады. Бірақ, осы жолғы себеп бірнеше адамның өліміне алып келген Қазақстандағы оқиғада жатуы мүмкін дегенді де жасырмайды» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Ал «Айқын» газеті болса Каспий маңынан табылған өлі итбалықтардың саны 68-ге жеткендігі туралы жазыпты. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің өкілі Манарбек Мұханбетовтың айтуынша, наурыздың 30-күні – 21, келесі күні – 37, ал сәуірдің 1-күні – 10 итбалық жағаға шығып қалған. Қазіргі күні осы итбалықтардың өлу себептері анықталуда. Итбалыққа қатысты үлкен оқиға бұдан 7 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2000 жылы орын алған еді. Дәл осы жылы Ақтау өңірінде 12 мыңнан астам итбалық белгісіз себептермен қырылып қалған. Каспий теңізінің Ақтау өңірі аймағында итбалық пен бекіре тұқымдас балықтардың қырылуы жыл сайын көктемде орын алып келеді. Маңғыстау облыстық табиғат қорғау прокуратурасы өткен жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 289-бабы бойынша қылмыстық іс қозғапты. Бірақ, әлі күнге дейін қылмыстық істің қорытындысы белгісіз. Өткен жылы орын алған кемшіліктерден нақты қорытынды шығарылса, онда биыл тура сол оқиға қайталанбас еді» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Бұл уақытты мұнайлы өңір – Атырау облысында туберкулез кеселі күшейіп келетіндігіне «Экспресс К» газеті мән беріп өтіпті. «Осы жылдың өзінде аталған кеселден 97 адам көз жұмған» делінген мақалада. «Жалпы, Атырау облысында 100 мың тұрғынның 208-і туберкулезбен ауырады екен. Қатерлі кеселге шалдыққан 3163 адамның 224-і - балалар. Атырау облыстық прокурорының аға көмекшісі Светлана Жұмашеваның айтуынша, ауруханада орын жетіспеушілігіне байланысты науқастар тақтайдың үстіне жатқызылған. Ал осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің қаулысымен денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған болатын. Аталған кеңес 2005 жылы бір мәрте, ал 2006 жылы екі мәрте ғана жиналыс өткізіпті. Оның өзінде аурумен күрес мәселесі күн тәртібінен тыс қалған» деп жазды «Экспресс К» газеті.

«Егемен Қазақстан» газетінде Денсаулық сақтау министрі Александр Дерновойдың сұхбаты жарық көріпті. Онда министр Қазақстанда туберкулезбен ауырғандардың 50 пайыздан астамы кеш анықталатындығын айтқан. «Соның 10 пайызы асқынған, аурудың ем қонбайтын түрлері. Осы ауруға шалдыққандардың 75 пайызы 20-40 жастағылар дейді министр. Оның айтуынша, туберкулезге қарсы іс-шаралардың жүзеге асырылуы мемлекет басшысы мен үкіметтің тікелей бақылауында тұр». Сонымен қатар, министр туберкулез – ең алдымен әлеуметтік ауру екендігін атап көрсеткен. «Науқастар үшін әлеуметтік жағдайдың жақсарғаны дұрыс. Әзірге тұрғын үй мәселесі ойлағандай дәрежеде шешімін таппай келеді. Мәселен, 2006 жылы мұқтаж деген адамдардың 6 пайызы ғана тұрғын үйге қол жеткізе алды» депті Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта жаппай ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың ата-аналары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевпен кездескендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Екі жақты кездесуге оншақты азаматтың облыс әкімшілігі алдындағы наразылық акциясы түрткі болды» делінген мақалада. «Облыс әкімі қатерлі вирус жұқтырған балалардың ата-аналарын үймен қамтамасыз етуге уәде берген. Кездесу ду қол шапалақпен аяқталды» деп түйіндейді «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG