Accessibility links

Европа одағының делегациясы Ташкентте Өзбекстандағы адам хұқтары жағдайын талқылауда


Европа Одағының Ташкентке барған делегациясы өзбек ресмилерімен кездесіп, 2005 жылғы Әндіжан оқиғасында жаппай аяқасты болған адам хұқтары турасында талқылаулар өткізді. Онда үкіметтік күштер бейбіт шеруге шыққан халыққа қарсы оқ атып, жүздеген адам мерт болды деп хабарланған еді. Қазіргі талқылаулар Өзбекстанға қарсы салынған санкциялардың мерзімі турасындағы Европа одағының шешімі алдында болып отыр.

Европа одағы Ташкентке өзінің жоғары дәрежелі "үштігі" өкілдерінен, демек одақтың қазіргі президенті Германия, Европа комиссиясы, сондай-ақ Министрлер кеңесінің хатшылығы өкілдерінен құралған делегацияны аттандырды.

Олар Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі мен Әділет министрлігінің шенеуніктерімен кездесіп, Бас прокурормен, заңгерлермен және түрмеге жабылған кейбір белсенділермен талқылаулар өткізуде.

Осы дүйсенбіде басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып жатқан мұндай әңгімелесулердің ауаны қандай, ондағы пікір-көзқарастар қалай болып жатқаны жөнінде нақты хабарлар әл-әзір жоқ.

Бірақ Өзбекстанның сыртқы істер министрі Владимир Норов өткен аптада Қазақстан астанасында болған кезінде өз үкіметінің ешнәрсені де ешкімге түсіндіруі тиіс емес екендігін айтып, елдің ішкі ісіне араласпауға шақырған болатын:

- Біздің пікірімізше, қарым-қатынасты теңдік пен өзара құрмет жағдайында прагматизмді, тараптардың ең өзекті мүдделерін есепке ала отырып, ешбір идеологизациясыз құру - ең принципті болып табылады.

Европа одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Пьер Морелдің сөзінде көбірек бітімгершілік бағыты байқалды. Ол «Азаттық» радиосының өзбек редакциясына берген сұхбатында Норовтың мәлімдемесін былай деп түсіндірді:

- Ол Өзбекстан тарапы айтатын болжамды білдірді. Бірақ, мен ол өте бір қатаң тұрғыда болды демес едім. Бізде бұдан бұрын да осындай пікір алмасулар болған, біз олармен қараша айында Евродақ-Өзбекстан ынтымақтастық кеңесінде кездескенбіз.

Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің Астанадағы кездесуінен кейінгі айтқанында, Морел Норов сондағы басқосулардың бәріне де қатысқан болатын деп атап көрсетті:

- Ол мүмкін қалыс қалған болар, ол мүмкін тағы біреуді оған қатысуға жіберген болар, бірақ оның өзі де болған және біз мұнда барлық мәселені екіжақты талқыладық, сөйтіп ол бұл процеске толықтай қатысқан. Сонымен Ташкентте қазір өтіп жатқан бұл келіссөздер негізінде Евродақ Әндіжан оқиғасынан кейін Өзбекстанға салынған санкцияларды алу немесе оны қатайтып, одан әрі күшейту керек пе деген мәселені келесі айда қарап, шешетін болады.

Брюссель Орта Азиямен қарым-қатынасын дамытуға арналған ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарын дайындауда. Европа үшін мұнай мен газ сияқты табиғи қазба байлықтарына бай бұл өлкемен өте жақын тығыз байланыстар орнату маңызды. Сол себепті де сарапшы, бақылаушылардың бірқатары Евродақ осындай байлықтарға қол жеткiзу үшін адам хұқтарының сақталуына деген талаптарды әлсіретуі мүмкін деп алаңдайды. Дегенмен де Евродақ ресмилері санкциялар экономикалық салада қарастырылатын болады деп сендіреді.
XS
SM
MD
LG