Бұған дейін Жамбыл облыстық сотының төрешісі Болат Беріковтің шағымы бойынша наурыздың 12-сі күні «жала жапты» деген айып негізінде Тараз соты 1700 АҚШ долларынан артық ақша көлемінде айыппұл салған журналист Галина Выборнованың ісі жалғасын табатын секілді. Сот шешіміне риза болмаған журналист Галина Выборнова өзінің аппеляциялық шағымының судья Беріков жұмыс істейтін Жамбыл облыстық сотында емес, мүлдем басқа қалада қаралуын қалап отыр.
- Біз істің Алматы қалалық сотына ауыстырылуын сұраймыз. Әзірге бұл жөнінде Жоғарғы соттың шешімі шыққан жоқ. Егер мен Жамбыл облыстық сотына шағымдансам, олар сөзсіз Тараз қалалық сотының шешімін күшінде қалдырар еді. Қазір ең бастысы: мені журналистік қауымдастық өте күшті қолдап отыр. Мысалы, бұл мәселе Журналистер Конгресі отырысында айтылды. Сол себепті, енді менен өш алу, қудалау болмайтын шығар деп ойлаймын, - деді журналист Галина Выборнова «Азаттық» радиосына.
Ал Журналистер Конгресінің заңгері Қанат Сахарьянов журналисті барынша қорғауға дайын екендіктерін айтты. Оның айтуынша, қазір Журналистер Конгресі Галина Выборнованың ісі бойынша сот бітпей жатып, алдын-ала республикалық «Юридическая газета» арқылы өзінің теріс пікірін білдірген Жамбыл облыстық сотының бұрынғы төрағасы Эдуар Иововқа қарсы сотқа арыздану мүмкіндігін қарастырып жатыр екен.
- Егер Галина Выборнованың Журналистер Конгресіне жасаған үндеуіне сүйенсек, судья сот шешімінің қалай болатындығын алдын-ала кесіп-пішкен. Заң бойынша бұған тыйым салынған. Сондықтан, біз қазір бұл іс бойынша барлық материалдарды алдырып, тексермекпіз. Содан кейін сотқа беру мәселесі бойынша қорытындыға келеміз. Қалай болғанда да, біз бұл істің мән-жайын анықтап, журналистің құқығын қорғағымыз келеді, - дейді заңгер Қ.Сахарьянов.
Ал судья Болат Беріков болса, «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Эдуар Иововтың пікірінен бұрын журналист Галина Выбрнова сөздерінің ақ-қарасын әлі де анықтай түсу керек дегенді айтты:
- Ол - сот төрағасының пікірі. Ал Выборнованың пікірі де дұрыс емес қой. Қазір «Время» мен «Экпресс К» газетінде не болса, соны жазып жатыр. Жазғанының бәрі өтірік! Моншада, бордельде бандитпен арақ ішті дегені дұрыс емес қой. Соны бейнелейтін бейнетаспам бар дейді ғой. Келіп, соны көріңіздер! Онда мен бармын ба, бандиттер бар ма, бордель ма? Бәрі сонда көрінеді.
Бірақ, судья Беріков өз ар-намысын қорғау үшін журналистпен әрі қарай Қазақстанның басқа өңірінде де соттасуға дайын екендігін айтты.
- Мен қарсы емеспін. «Пожалуйста!» деп отырмын. Бірақ, Алматы соты онсыз да іс көп түсетін, жұмысы қауырт сот қой. Сондықтан, батыс немесе солтүстіктегі бір сотта қаралғаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Бірақ, оны Жоғарғы сот шешеді ғой, - дейді судья Беріков.
Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын қадағалайтын «Әділ сөз» қоғамдық ұйымы болса, мемлекеттік сот қызметкерінің журналистпен соттасуын орынсыз, этикаға жатпайды деп есептейді. «Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның пікірінше, қазіргі таңда Қазақстанда сыбайласқан жемқорлықты әшкерелеуге тырысқан кез-келген журналист Галина Выборнованың жағдайына тап болуы оңай.
- Ол біздің шенеуніктердің моральға жат бет-бейнесін ашып, сол туралы жазғысы келеді. Ақыры, соның нәтижесінде ол сыйлық та, марапат та емес, сот үкімін алады. Біз бұл сот үкімін мүлдем заңсыз деп есептейміз. Оған тағылған айыптың журналистке еш қатысы жоқ, - дейді Тамара Калеева.
Көптеген сыни бағыттағы мақалаларынан кейін бірнеше мәрте сот алдында жауап беруіне тура келген тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи Қазақстанда шенеуніктердің журналистерді жаппай сотқа беру үрдісіне тосқаулы қоятын арнайы заң қабылданбай, жағдай өзгермейді деп санайды.
- Әлемде журналистің жарияламына қатысты сотқа беру, қудалау тәжірибеден қалған. Сондықтан, Выборнованың ісі - аққа қара жіппен кестеленген дүниедей. Баспасөз бостандығын қалыптастыру қажет дейтін болса, үкімет, президент түпкілікті заңи бір құжат қабылдауы керек, - дейді журналист Бапи.
«Әділ сөз» қоғамдық ұйымының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда соңғы жылдары журналистерге қарсы қозғалған қылмыстық істер саны артып отыр. Егер алдыңғы жылы журналистерге қарсы 15 қылмыстық іс тіркелсе, былтыр олардың саны 24-ке жеткен.