Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.10.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі ағайынды Махмахановтардың ықпалынан қорыққан полицейлер жұмыстын шығарылғандығы туралы жазыпты. Сондай-ақ, газеттер Президент берген пәтерді прокуратура заңсыз деп танығандығына тоқталса, тағы бір басылым 65 отбасының шаруа қожалығы тұрғындардың рұқсатынсыз сатылып кеткендігіне мән беріпті.

Еңбекшіқазақ аудандық полицейлерінің Махмахановтарды заң жолына түсіруге күштері жетпегендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. Аталған басылымға сұхбат берген Алматы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Бағдат Майкеев былай деген: «Шындығында, ағайынды Махмахановтардың аудандағы ықпалының орасан болғаны сонша, жергілікті құқық қорғау өкілдері олардан заңсыз қаруды тартып алмақ былай тұрсын, төтенше жағдай орын алғандығын біле тұра, оны хабарлаудан қорыққан». Сонымен қатар, департамент басшысы Қазаткомдағы оқиғадан соң Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасындағы біраз адам жұмыстарынан босағандығын атап көрсеткен. «Олар Махмахановтардың қолында қарудың тұтас арсеналы бар екендігі туралы ақпаратты тексеруге міндетті еді. Басқа да полицейлердің осы инцидентке қатысы бары анықталатын болса, онда олар да жазадан құтылмайды» депті Алматы облысы ішкі істер департаментінің бастығы Бағдат Майкеев «Время» газетіне берген сұхбатында.

Осы тақырып төңірегінде «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты былай деп жазыпты: «Қазақстандағы саяси және әлеуметтік жанжалдардың себепшісі – сыбайласқан жемқорлық. Өздерінің дүниеқорлық мүддесі үшін, жемқорлар Қазақастанның ұлттық экономикасын жырмалауда». Мақала авторының пікірінше, әртүрлі сипаттағы жанжалдар жемқорлар үшін тиімді. «Көршіліктің назарын басқа жаққа аудару үшін жемқорлар әлеуметтік толқуларды туғызуға тырыс бағады. «Шалшық судағы балық оңай ұсталады» деген осы. Осындай жалпымемлекеттік былық жағдайында, қарапайым қазақтың өз мүддесін өзінің күшімен қорғаудан басқа амалы жоқ» деп түйіндейді «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

«Егемен Қазақстан» газеті болса мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазаткомдағы қақтығысқа қатысты эфирде айтқан сөздерін келтіреді. «Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: «Мына жағдайда әңгіме криминалдық қақтығыс туралы болып отыр». Сонымен қатар, мемлекет басшысы ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік заңда жазылғандығын атап көрсеткен. «Мен барлық бұқаралық ақпарат құралдарына мәселені осындай тұрғыда көрсетпеу керектігін ескертемін Бірақ, қалыптасқан ахуалдан біз қорытынды жасауымыз керек. Неліктен үйлерде тиым салынған қару-жарақ сақталады?» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқандарын «Егемен Қазақстан» газеті келтіреді.

«Айқын» газеті болса Президент берген пәтерді прокуратура заңсыз деп танығандығы туралы жазыпты. «Дарынды жастарға облыс орталықтарынан берілген пәтерлерді «заңсыз» деп тапқан прокуратура тізіміне Азия ойындарының чемпионы, Сидней олимпиадасында төртінші орын алған талантты қыз Әлия Юсупова да ілікті» делінген мақалада. «Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы Әлияға берілген пәтерді заңсыз баспаналы болғандардың қатарына қосыпты. Облыс прокуратурасы әкімшілікке жолдаған хатында әлеуметтік қорғауға, бюджеттік ұйымдарға жатпайтын қызметкерлер мен азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлер «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67-бабына қайшы келетіні айтылған. Ал көркем гимнастшы Әлия Юсупова пәтер кілтін Президенттің қолынан алған еді» деп жазды «Айқын» газеті.

Мемлекет басшысының халыққа арнаған жолдауын қолдау мақсатында ұйымдастырылған айтыстың жеңімпазы Бауыржан Халиолла да прокуратура тізіміне іліккендігіне «Жас Алаш» газеті тоқталып өтіпті. «Жеңімпаз жас ақынға сол кезде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов дүйім жұрттың көзінше, сахнаның төрінде үш бөлмелі пәтер сыйлайтынына уәде берген еді» делінген мақалада. «Сөйтіп, ақын Бауыржан екі бөлмелі пәтерде қоныс тойын тойлаған. Артынша облыстық сот заңсыз үй алғандығы туралы шешім шығарған. – Дүркіретіп берген пәтерін дірілдетіп тартып алып жатыр», - депті Бауыржан Халиолла «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта 65 отбасының шаруа қожалығы үйлерімен бірге сатылып кеткендігі туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «Өскемен қаласының маңындағы Прапорщиково ауылының тұрғындары өздерінің үйсіз-күйсіз қалғандықтарын мүлікті заңдастыру заңы шыққан соң ғана біліпті» делінген мақалада. «Белгілі болғаны, өз қолдарымен тұрғызған үйлерінде ондаған жылдар бойы тұрып келе жатқан тұрғындар далада қалғалы тұр. Олардың баспаналары ғана емес, сонымен қатар жері мен мүлік үлестері белгісіз біреуге сатылып кеткен. Одан хабарсыз қалған тұрғындар амалсыз наразылық шеруге шыққан. Іске облыстық прокуратура араласып, тұрғындарды қорғауға уәде беруде. Күші жетер ме екен?» деген сауал тастайты «Литер» газеті.
XS
SM
MD
LG