Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.11.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Орал қаласының әкімі мінген ұшақ телефон-терроршының шабуылына ұшырағандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, бірқатар газеттер Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров қалтасы таяз халықтың жұтаң құрылыстарына соғыс ашқандығына мән берсе, тағы бір басылым Семей әкімшілігінің тазалық сақтамайтын кәсіпорындарды жауып тастайтындығы туралы бастамасына тоқталып өтіпті.

Орал қаласының әкімі мінген ұшақты телефон-терроршысы шабуылдағандығы туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріпті. «Орал қаласының әкімі Сағынбек Мұташев және мәжіліс депутаты Елена Тарасенко сәуірдің 9-күні ұшақпен Астанаға бет алған. Ұшақ әуеге көтерілген сәтте оралдық полицияға әуе кемесінде жарылғыш зат орналасқандығы туралы ақпарат келіп түсті» делінген мақалада. «ЯК-40 ұшағының ішінде бұл уақытта 17 жолаушы болған. Сол күні Астанада қалың тұман түскендігіне байланысты, әуе көлігін Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайына қондыру туралы шешім шығарылған. Ұшақ жерге сәтті қонысымен арнайы қызмет оның ішінен жарылғыш затты іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттың жалған екендігін анықтаған. Ал бұл уақытта оралдық полицейлер «ұшақтың ішінде жарылғыш зат бар» екендігі туралы жалған ақпарат жеткізген адамды ұстады» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал «Время» басылымы болса Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров қарапайым халықтың қисық құрылысына соғыс жариялағандығына мән беріп өтіпті. «Осы мақсатқа жету үшін Петропавлда қала құрылысы кеңесі құрылды. Оны облыс әкімінің өзі басқаратын болды» делінген мақалада. «Облыс әкімшілігінде өткен жиында әкім Тайыр Мансұров қалада салынып жатқан құрылыстарға көңілі толмайтындығын былайша жеткізіпті: «Үйді қалай болса да тұрғыза беретін болыпты. Оған қоса қора-қопсы деген секілді ойына келгендерін топырлатып сала беретін болған. Енді оған жол жоқ...». Сонымен қатар, әкімшіліктің кеңесінде әдемілеп көгалдандырылған, көп салалы коттедждердің жобалары талқыға салынған. Ал мұндай әсем ғимараттарды тұрғызуға қалтасы көтермейтін қарапайым жұртшылық енді қала шетінен қисық үй салуды да армандап қалатын болып тұр» деп түйіндейді «Время» газеті.

Бұдан былай Семейде дүкен, мейрамхана, дүңгіршектерінің маңайын тазартып, сәндеумен айналыспай, маңайын лас ұстайтын кәсіпкерлер лицензияларынан айырылатындығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Бұл туралы қала іші мен қала маңындағы тазалықты тексеруді бастаған комиссия төрағасы, қала әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Мүсәпірбеков мәлімдеді. Осылайша жан-жағындағы тазалыққа селқос қарайтын, сауда мекемелеріне де, кәсіпорындарға да тықыр таянды» делінген мақалада. «Аталған комиссия өз жұмысын 5 сәуірден бастады. Қаланың Жаңасемей бөлігіндегі бірталай ұсақ дүкендерге бас сұққан топ тазалықты, қала сәнін бұзып тұрған жайттарды анықтаған. Құрамында өрт сөндірушілер, учаскелік инспекторлар, санэпидбақылау мамандары бар тексеруші топ сол маңдағы жанұялық амбулатория, емханаларда да болып, осы тектес ескертулер жасаған. Бұл тексеру жұмыстары қалада алдағы апта бойы жалғаса бермек. Осылайша семейліктер күл-қоқыспен күресуге бел шешіп кірісті. Қандай нәтижеге қол жеткізілетінін, Семейдің алдағы келбетінен-ақ байқаймыз» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Бұл уақытта Өскемен қаласының дәрігерлері әкімшілік ұйымдастырған тазалық күніне шықпай қойғандығы туралы мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Өскемен қаласында қала аумағын тазалауға арналған бір айлық акциясы басталды. Бұл істе бірінші болып мектеп оқушылары белсенділік танытты» делінген мақалада. «Алайда дәрігерлер осынау игі бастаманы елемеген сыңай танытқан. Осыған орай, қалада 80 медициналық мекеме бар екендігін айтқан облыс орталығының әкімі Шәкәрім Бұқтұғұтов: «...дәрігерлер тым болмаса мектеп оқушыларынан үлгі алса етті..» деген өкпе сөздерін жеткізді» деп келтіреді «Экспресс К» газеті.

Ал Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин аймақ тарихында тұңғыш рет жасалған қолқа тамырын кеңейту операциясына қатысқандығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Мұндай операция Қазақстанда тек Астана мен Алматыда ғана жасалып келген болатын. Облыстар ішінде Қарағандыда тұңғыш жасалған жауапты операцияға облыс әкімінің өзі тікелей қатысты» делінген мақалада. «Бұған дейін жүрек талмасына соқтыратын осы қатерлі дертті емдеу үшін кеудесін тілгізіп, пышаққа түсуге мәжбүр болатын қарағандылықтар енді жаңа аппараттың арқасында қолқаға баратын көк тамыр арқылы стент-кеңейткіш салғыза алатын болды. Биыл кардиология орталығын жөндеуге облыс бюджетінен 178 миллион, жаңа құрылғылармен жабдықтауға 215 миллион теңге бөлініп отыр. Болашақта бұдан да күрделі операциялар жасауға, сол арқылы жерлестеріміздің жақсы өмір сүруге мүмкіндігін молайтатын боламыз» депті облыс әкімі Нұрлан Нығматулин «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG