Accessibility links

"Әл Қаида" енді Африка солтүстігіне қанатын жайуы мүмкін


Әлем жетекшілері Алжир елінде болған жанкештінің шабуылдарын қатаң зұлымдық деп қабылдады. Ел астанасы Алжир қаласында кеше болған бомба шабуылдарынан кемінде 23 адам қаза тапты, 170 шақты адам жарақат алды. Жауапкершілікті "Әл Қаидамен" сыбайлас топ алды.

Алжир Африка солтүстігінде орналасқан мемлекет. Мұнда исламшыл топтар 1990 жылдары қатты белсенділік көрсеткен, үкімет әскерімен болған қақтығыстарда 200 мың адам өліп кетті деп айтылады. Алжир қаласында бір емес, бірнеше шабуыл бір мезгілде жасалды. Жарылғыш заттарды тиеген мәшине үкімет кеңсесінің жанында күзет бөліміне барып соқты. Алтықабат үйдің сырты қирады. Кеңседе осы сәтте бас министр болған екен, оған зақым келген жоқ. Бірнеше минуттан соң халықаралық әуежай маңында полиция бекетіне екі шабуыл қатарынан жасалды. Шабуылдардың салдарынан 23 адам қаза тапты, 170 шақты адам жарақат алды.

Елдегі саяси жағдайдың ерекшелігі – мамыр айында, 17 мамырда ұлттық сайлау өтуге тиіс. 1990 жылдарда болған соғыстан соң Алжир осы уақытқа дейін бейбіт өмір қызығын көрді. Исламшыл жауынгерлік топтарға қатысқан көтерілісшілерге былтыр рақымшылық жасалған. Алжир елі олар дұрыс жолға түседі деп үміт білдіре бастаған ды. Елдегі көңіл күйді бір сөзбен айтсақ, соңғы жылдары орын алып отырған тыныштық енді бұзылып қалмай ма деген қорқыныш пайда болды, қақтығыстар қайтадан басталып кетпей ме деген үрей пайда болды. Алжир қаласының тұрғыны Дгоухер шабуылдардан соң алған әсерін радиомызға былай жеткізді:

- Халық бүгін азаға батып отыр. Кез-келген азамат үрейлі, жарылыстарды көрмеген адамдардың өздері қорқып отыр. Бұл жалғасын тауып жүрмей ме, бұл жай уақытша нәрсе емес пе, олар не көздеп отыр екен деген көптеген сауалды өзімізге өзіміз қоямыз. Қазіргі жағдайға өте қатты қарқып отырмыз.

Алжир еліндегі шабуылдардың тағы бір ерекшелігі – көршілес Марокко елінде де бірнеше жанкештілік шабуыл жасалды. Алжирдегі шабуылдарды "Әл Қаидамен" сыбайлас топ мойнына алды. Міне, жағдайдың ерекшелігі – "Әл Қаида" террорлық ұйымы енді Африка солтүстігінде бой көрсетті ме деген мәселе шықты.

Шабуылдарды "Ислам Мағребі" деген топ атқардық дейді. Мағреб деген араб сөзі Африка солтүстігінде орналасқан тарихи аймақты білдіреді. Мағреб Алжир, Тунис және Марокко орналасқан аймақты білдіреді. Алжирде 1990 жылдары "Салафистер тобы" деген көтірілісшілер жасағы соғысқан. "Әл Қаида" басшысының орынбасары Айман Әл Заухари өткен жылы жариялаған бейнетаспасында салафистермен одақ құрдым, Солтүстік Африкада қимыл бастаймыз деген.

Терроризм мәселесінің сарапшылары "Әл Қаида" Таяу Шығыс пен Ауғанстанда қызметін шыңдап алған соң енді Африка солтүстігіне қанат жайуы мүмкін дейді. Африка солтүстігінде кезінде Францияның колониалдық билігі болғандықтан, Солтүстік Африка азаматтары Францияға қазір қатынасып тұрады, екі арадағы жолаушыларды бақылау қиын. Сондықтан сарапшылар "Әл Қаида" террористері енді Солтүстік Африка арқылы, әсіресе Алжир арқылы Еуропаға кіріп, Еуропада шабуыл жасауы мүмкін деп алаңдайды.
XS
SM
MD
LG