Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.13.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдар Алматы облысының балар үйі аштық акциясына дайындалып жатқандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Кентау қаласында төтенше жағдай жарияланғандығына мән берсе, тағы бір басылым Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрігерлердің төрттен үші сынақтан өте алмағандығына тоқталып өтіпті.

Алматы облыстық №1 балалар үйі аштық акциясын бастауға дайын екендігі туралы мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Бұл мекеменің тарихы қазіргі заман үшін аса таңсық емес: Алматы облысының Қарасай аудандық әкімшілігі балалар үйіне тиесілі 9 гектар жерді зәулім үйлер салу үшін тартып алған» делінген мақалада. «Бұл іс сотқа дейін жетіп, күтпеген жерден балалар үйі сотта ұтылып қалды. Алайда Бас прокуратура шешімді кері қайтарған, енді бұл істі басқа бір судья жүргізіп жатыр. Ал балалар үйіндегілер болса аштық акциясын бастауға дайын. Егер аталған мекеменің жұмысшылары осындай акцияны бастаса, облыс әкімшілігі заңда көрсетілген мерзімге дейін оларға қолдау көрсетер ме екен?» деген сауал тастайды «Караван» газеті.

Бұл сұраққа «Республика» газеті де жауап іздепті. «Бұған дейін біз әкімшіліктің ұстанымын біле алмай келсек, осы жолы Қарасай ауданының әкімі редакция сұрақтарына жауап беруге келісті» делінген мақалада. «Аудан әкімі Болатби Құтпановтың айтуынша, балалар үйінің қарамағында тағы да 6 гектарлық лагері бар, ал сөз болып отырған жерді олар өз мақсатында пайдалана алмай келген. - Жердің балшыққа айналып жатқанынан көрі, зәулім үйлер салынса жақсы емес пе?!, дейді аудан әкімі. Алайда №1 балалар үйінің бастығы Сәуле Абизова бұл пікірмен келіспей отыр. «Біз ол жерлерді айнадай қылып күтіп баптап клегенбіз. Сот барысында анықталғандай, аудан әкімшілігінің осындай шешім қабылдағанын облыстағылар білмейді екен» дейді директор. Шын мәнінде бұл жайында облыс әкімшілігі осы уақытқа дейін хабарсыз болып келген. Облыстық білім департаменті директорының орынбасары Анатолий Руди мырзаның айтуынша, балалар қолымен бапталған жерлерді алуға болмайтын еді, біз бұны білмептік. Сондай-ақ, облыс әкімшілігіндегілер заң тұрғысынан алғанда шындық қай жақты қолдайтындығын кесіп айта алмай отыр» деп түйіндейді «Республика» газеті.

Бұл уақытта Қарағандының балалар үйінде тәрбиеленген азамат бұқаралық ақпарат құралдарын жинап, мәслихат өткізгендігіне «Литер» газеті тоқталып өтіпті. «2002 жылы балалар үйінен шыққан түлекке Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Камалтин Мұхамеджанов заң бойынша тиесілі комуналдық үйлердің кітлтін тапсырған. Алайда Юрий Нестерев өз баспанасына әлі күнге дейін бас сұға алмаған» делінген мақалада. «Әкім тапсырған кілтті алып көрсетілген мекен-жайға барса, ол үйде басқа бір кісілер заңды түрде тұрып жатыр екен. Ал әкімшіліктегілер оған құлақ аспаған. Сөйтіп Нестерев секілді азаматтар баспанасыз қалған. Және жыл өткен сайын олар секілді үйсіздер саны артып келеді. «Жарқын» жасөспірімдер үйінің директоры Гүлнәр Садықова бұл мәселелерге жақсы қанық. Оның айтуынша, өздеріне заңды түрде ата-аналарынан қалған баспаналарынан айрылып қалатын жағдай өте жиі кездеседі. Бірқатары үйлерін сотпен қайтара білсе, көптеген жетімдер баспанасыз далада қалып жатыр» деп жазды «Литер» газеті.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрігерлердің көбі тексеруден өте алмағандығы туралы мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Медициналық қызмет сапасы жөніндегі бақылаудың сынағына қатысқандардың төрттен үші дәрігерлік қызметпен айналысу сертификатын ала алмады» делінген мақалада. «Облыстық денсаулық сақтау департаментіндегілердің айтуынша, осындай нәтиженің шығуына басты себеп - медициналық кадрлердің біліктілігін жетілдіру жұмыстарының жүйесіздігі. Медициналық мекемелерде ондаған жылдар бойы жұмыс істеп, өзінің біліктілігін арттыру курстарына бірде бір рет қатыспағандар бар» деп түйіндейді «Караван» газеті.

«Айқын» газеті болса Кентау қаласында төтенше жағдай орнағандығы туралы жазыпты. «Оған басты себеп болған жағдай: Кентауда екі аптаға созылған нөсер салдарынан қала ішінде бұрындары қазылған ұңғылар мен жерасты суының көлемі ұлғайған. Соның салдарынан «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы, «Экскаватор» акционерлік қоғамы, «Южполиметалл» акционерлік қоғамы базасы, сондай-ақ, 200-дей тұрғын үй мен шаруашылық жайлары су астында қалды» делінген мақалада. «Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзіне қарағанда, су деңгейі соңғы тәулікте 30 сантиметрге көтерілген. Бұл өңірде су теңіз деңгейінен мөлшері 434 метрден аспауы керек болса, қазіргі көрсеткіш 444 метрге жеткен. Өкінішке қарай, ауа райын болжау орталықтары кентаулықтарды қуанта алмайтын сыңайлы. Өйткені әзірше күн көзі уақытша жылтырағанымен, сәуірдің соңына дейін аспанды бұлт торлап, жаңбыр толастамайтын көрінеді. Демек, оңтүстіктің жұрты табиғаттың тосын жағдайларынан сақтанғаны жөн» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG