Accessibility links

Қазақстандық журналист жоғалып кетті


Қазақстанда жарық көретін «Закон и правосудие» газетінің сыбайласқан жемқорлық тақырыбын зерттеуші журналисті Оралғайша Омаршанова із-түссіз жоғалып кетті. Соңғы рет Оралғайшаны наурыздың 30-күні Алматы қаласында көрген. Осыған орай журналистің туған-туыстары мен әріптестері сәуірдің 18-күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Оралғайшаның жоғалып кетуін оның кәсіби жұмысымен байланысты ма деген болжамдарын ортаға салды. Бұл уақытта журналисті іздестіру ісімен айналысушылар әзірге ешқандай нәтиже жоқ екендігін хабарлап отыр.

Журналистің туған-туыстары мен әріптестерінің айтуынша, Оралғайша Омаршанова [шығармашылық псевдонимі - Оралғайша Жабағтайқызы], Алматы облысының Маловодное ауылында болған қақтығыс туралы материал жинау үшін, осы жылғы наурыздың 29-күні Алматыға келген. Ал оны соңғы рет наурыздың 30-күні түс кезінде белгісіз көлікке мініп бара жатқан жерінен көргендер бар. Содан бері ешқандай хабар жоқ. Оның туған-туыстары, арада тек он күн өткеннен кейін барып, яғни сәуірдің 9-күні Оралғайшаның жоғалып кеткендігі жөнінде Алматының Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына шағым түсірген. ҚР ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың сәуірдің 18-күні «Азаттық» радиосына хабарлауынша, әзірге іздестіру жұмыстарынан нәтиже шықпаған:

- Әзірге ешнәрсе белгісіз. Полиция іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қандайда бір ақпарат түсетін болса, міндетті түрде хабарлаймыз.

Бұл уақытта журналистің туған-туыстары мен әріптестері Оралғайшаның жоғалып кетуін оның кәсіби жұмысымен байланыстырып отыр. Өйткені, ол жемқорлық қылмыстарға қатысты бірқатар зерттеулер жүргізіп, газет бетіне жариялаған. Оның әріптесі Мұхит Ысқақовтың айтуынша, соңғы уақыттары Оралғайшаны белгісіз біреулер телефон арқылы бірнеше мәрте қорқытқан, соған байланысты ол өзіне тапанша сатып алыпты.

- Белгісіз біреулер телефонмен екі-үш мәрте қорқытқандығын маған Оралғайшаның өзі айтты. Содан кейін Қарағандыға барып мылтық сатып алып, оны Астанада тіркеген соң, наурыздың 28-күні Алматыға бірге шыққанбыз, - дейді Мұхит Ысқақов.

Алматыға келместен бұрын Оралғайша наурыздың 9-күні Жезқазған қаласына барып, І-топтағы мүгедек Сағит Шақпұтовтың өліміне қатысты зерттеу жүргізген. Оралғайшаның осы қылмыстың артын қуалап, Маловодное ауылына келуіне сөз болып отырған екі оқиғаның байланыстылығы себеп болыпты: С. Шақпұтовты өлтірген деген күдікпен ұсталған Вита Махмаханов наурыздың 18-күнгі қанды қақтығыс кезінде Қазаткомдағы ағасының үй қарауында болған еді.

Бұл туралы Оралғайша өзінің «Қанды қақтығыс, немесе ағайынды Махмахановтар артында кім тұр?» атты наурыздың 26-күні жарық көрген мақаласында жазған. Аталған материалдың жалғасы газеттің келесі бетінде басылуы керек болған. Осыған байланысты журналистің әріптестері оның жоғалып кетуіне Оралғайшаның кәсіби жұмысының тікелей қатысы бар деген болжам айтып отыр. Бірақ, дәл осы мақалаларға қатысты деп кесіп айтудан аулақпыз дейді оның әріптесі.

- Дәл осы мақалаға байланысты деп мен тура айта алмаймын. Өйткені, бұған дейін де Оралғайшаның көптеген өткір мақалалары жарыққа шыққан еді. Ол өте өжет және ештеңеден қорықпай жазады, - деді Мұхит Ысқақов.

Оралғайшаның туған бауыры Жанат Омаршанов та әпкесінің басына төнген қауіп өзі жазған материалдарынан келді деген пікірде:

- Ол маған үнемі кімнің алдында болмасын ниеті таза екендігін, халық шындықты білуі тиіс деп айтатын. Қазір қарап отырсам, ол өте көп шындықты қорықпай жазыпты.

Оралғайша Омаршанова – 39 жаста, 7 сынып оқитын қызы бар. «Закон и провосудие» газетінде бір жылға жуық қызмет жасайды.
XS
SM
MD
LG