Accessibility links

Алматы қаласы сотында лаңкестік топ құрып, лаңкестікті насихаттады деп айыпталған 10 азаматтың ісі қаралып жатыр


Алматы қалалық прокуратурасы Қазақстанда "Мухаджерлер жамағаты" атты ұйым құрып, лаңкестікті насихаттап, заңсыз қару-жарақ сақтады деп айыптап, 2 жылдан 25 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруды сұрап отырған 9 қазақстандық өз кінәлерін мойындамайды. Олар өздерінің үйлеріне Қазақстанның құқық орындарының қызметкерлері қару-жарақты әдейі тастауы мүмкін екендігін, тергеу жұмысының дұрыс жүргізілмегендігін алға тартады. Бұл туралы сәрсенбі күні Алматы қалалық сотында өткен жарыссөз кезінде мәлім болды.

«Қытай Халық Республикасының азаматы, бұған дейін бірнеше мәрте ауыр қылмыс жасаған Низамиддин Гафур 1994-ші жылы Қазақстанға келгеннен кейін жекелеген жергілікті тұрғындармен, Қазақстан азаматтарымын танысады», - дейді Алматы қалалық прокуратурасының қызметкері Сәуле Көбжанова.

Оның айтуынша, осыдан кейін қытай азаматты жергілікті азаматтармен бірігіп, айрықша радикалды сипаттағы исламды насихаттай бастайды дейді прокуратура қызметкері.

«Осы негізде 1999 жылы аталмыш адамдар Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Жамбыл ауданының тұрғындарымен бірге «Мухаджер жамағаты» атты топ құрады. Оның түпкі мақсаты – топтың аға жетекшісінің хиджраны анықтауы, яғни, Ауғанстанға қоныс аударып, жиһатқа, халықаралық лаңкестердің әскери базасының әскери шараларына қатысу. Сондықтан, бұл қылмыстық топ мақсаты бойынша лаңкестік ұйымға жатқызылады», - деді прокуратура қызмектері Сәуле Көпжанова сәрсенбі күні Алматы қаласында өткен сот мәжілісінде.

Алайда, прокуратура 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отырған Қазақстан азаматы Қайыржан Амуллаев діни ұйым құруға қатысқанын, бірақ лаңкестікті насихаттау ешқашан ойында болмағанын айтады.

«1999 жылдан бастап 2001 жылға дейін біздің жамағатымыздың болғанын жасырмаймын. Бірақ, бұл - мухаджерлер жамағаты. Жамағат деген сөз лаңкестік дегенді емес, қоғам, қауымдастық дегенді білдіреді. Ал мухаджер дегеніміз, егер ислам қағидаларына сүйенсек, Мұхаммед пайғамбар Меккеден Мәдинаға қоныс аударған мұсылмадарды солай атаған. Яғни, біздің мақсатымыз, былайша айтқанда, неғұрлым исламды ұстанатын жерге қоныстану болды. Ал біздің лаңкестік жасау туралы ойымызда болған жоқ. Біздің жамағатқа қазір сот алдында тұрған 6 адам және кейбір туған-туыстарымыз кірді. Мен қайда жүрсем де діни тақырыпқа әңгіме-дүкен құрамын. Басқаларды дінге, сенімге шақырғанымнан ешқандай заңсыздық көріп тұрған жоқпын!» - деді Қайыржан Амуллаев.

Дегенмен, былтырғы жылы сәуірдің 19-ы күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті елде лаңкестік сипаттағы қылмысты жасау үшін құрылған қылмыстық топты қолға түсіргендерін, олардың үйлерінен жарылыс жасамақшы болған объектілердің сызбасы, жарылғыш заттар, қару-жарақ, экстремистік сипаттағы әдебиеттер табылғаны жөнінде хабарланған еді. Сот алдында айыпталып отырған Мамурзаев өзінің лаңкестікке ешқандай қатысы жоқ екендігін, ал дәлел зат ретінде табылған қару-жарақ, лаңкестікке шақыратын түрлі таспалардың бір күнде баса-көктеп кіріп келіп, тұтқындаған құқық қызметкерлерінің әрекеті деп отыр.

«Дисктерге қатысты айтсақ, олардың қалай алынғанын теледидардан көрсеткен жоқ. Тоңазытқыштың астынан, дәлізден... Менің үйімде сейф бар. Ондай заттарды мен сонда сақтар едім. Ол жерден менің бір дискімді алды. Ал, неге екені белгісіз, жарылғыш заттардың бәрін ұсталғандардың үйлерінің дәліздерінен тауып алды. Мысалы, менің үйіме келген заң адамдары алдымен дәлізге кіріп алып, сосын есік қақты. Осы уақыт аралығында олардың заттарды тығып тастауларына әбден мүмкіндіктері болды. Сосын неліктен бәріміздің үйімізден табылған дискілер салынған пакеттерден қол таңба алынбайды?! Неге дисктердегі қолтаңбалар анықталмайды?!» - дейді айыпталушы Мамурзаев.

Сотқа тартылып отырғандардың бірі Хакімжан Мұсаевқа «лаңкестік топты қаржыландырды» деген айып тағылып отыр. Алайда, бірнеше күдіктіге ақша бергендігі оның айбын дәлелдемейтіндігін, жалпы мөлшері 3 мың доллардан асатын ақшаны бөлек-бөлек үй, мәшина сатып алу сияқты нақты мақсаттар үшін қарызға бергендігін айтады. Сонымен бірге ол көкектің 18- күні сот отырысында тергеу кезінде өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді.

«Қаңтардың 30-ынан бастан 4 айға жуық уақыт аралығында менен сұрақты тергеушілер емес, шұғыл әрекет ететін полицейлер алды. Менің ісімді сотқа бермес бұрын маған психикалық қысым және күш көрсету әрекеттері орын алды. Олар хаттаманы тергеушінің, қорғаушының қатысуынсыз өздері жазды. Сұрақ алу күнде таңғы 8-ден түнгі 2-ге дейін жүргізілді. Олар мені сындырып, лаңкестік ұйымда тұрам дегенді мойныдатқызғысы келді. Бірақ, олай жасамасам, неге олай айтам?» - деді Хакімжан Мұсаев.

Хакімжан Мұсаевтың қорғаушысы Александр Ерубаев та бұл істе лаңкестік топтың шынайы өмірде болғандығын, оның жұмысын дәлелдейтін бір де бір деректің жоқтығын алға тартады. Оның пікірінше, «бұл іс Ұлттық қауіпсіздік комитеті лауазымды қызметкерлеріне мемлекеттің жоғарғы басшылығына басқа елдердегідей лаңкестіпен күресіп жатқандығын паш ету үшін қажет болған». Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы да бұл істе күмәнді тұстардың бар екендігін айтады. Дегенмен, айыптаушы тарап - Алматы қалалық прокуратурасы сотқа тартылып отырғандарды 2 жылдан 25 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруды сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG