Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.19.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Алматыдағы шұрайлы 21 гектар жердің әр шаршы метрін мемлекет 140 теңгеден саудалағандығына мән беріп отыр. Сонымен қатар, басылымдар Қазақстанда жер дауы өрши бастағандығын сөз етсе, тағы бір басылым полицияға қарулы шабуыл жасаған шенеунік баласы бостандықта жүргендігіне тоқталып өтіпті.

Алматының таулы аймағындағы шұрайлы 21 гектар жердің әр шаршы метрін мемлекет бар болғаны 140 теңгеге сатып жібергендігіні туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Таулы Ерейменсай қыстағындағы бұл жерлер бұған дейін Әділет министрлігіне қарайтын – кезінде мұнда түрмедегілердің еңбек терапиясына арналған сүт фермасы болған екен. Ал құрылыс қарқыны күн өткен сайын күшейген сәтте 21 гектар жер 2 мың долларға сатылып кетті» делінген мақалада. «Осыған орай Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетінің басшысы Эдуард Өтепов бұл іске өздерінің қатыспағандығын айтса, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов әр шаршы метрі 140 теңге тұратын жерден хабары жоқ екендігін мәлімдеген. Біздің сауалымызға тек Әділет министрлігі ғана жауап бермей отыр» деп түйіндейді «Время» газеті.

Бұл уақытта Алматыда тұрғын үйдің әр шаршы метрі 3586 долларлан асқандығына «Жас Алаш» газеті тоқталып өтіпті. «Арзан пәтерлерге қарағанда қымбат саналатын пәтерлердің бағасы тым жылдам өсіп барады» делінген мақалада. «Алматыда ең қымбат пәтердің әр шаршы метрі 5229 долларға жетті. Ал ең арзан пәтердің әр шаршы метрі – 2604 доллар. Баға дәл осылай өсе беретін болса, мамыр айының аяғына қарай Алматыдағы пәтердің әр шаршы метрінің орташа бағамы 4000 долларға оп-оңай жетіп, Мәскеудегі бағадан асып түсуі мүмкін. Ресей астанасындағы пәтердің орташа бағамы – 4198 доллар» деп жазды «Жас Алаш».

«Айқын» газеті тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Үкімет отырысында талқылағандығына тоқталып өтіпті. «Премьер-министр оны әрі қарай пысықтап, Үкіметтің қарауына 25-сәуірге дейін қайта енгізуді тапсырды» делінген мақалада. «Жаңа бағдарлама бұрынғы қателіктерді қайталамауға тиіс. Сонымен қатар министрлік ипотекалық несиелердің пайыздық өсімін азайтуға бағытталған шаралар жасамақ. Индустрия және сауда министрлігінің дерегінше, өткен жылы тұрғын үйлердің нарықтағы бағасы өзіндік құнынан 2,2 есеге асып түсіпті. Құрылыс компаниялары үйдің әр шаршы метріне 430 доллардан шығын жұмсап салады да, 975 долларға сатады. Яғни екі еседен артық таза пайда түсіріп отыр деген сөз. Осы әділеттілік пе?!» деген сауалды «Айқын» газет қойып отыр.

«Түркістан» газеті болса жер дауы Қазақстанда өршиін деп тұрғандығына мән беріп өтіпті. «Жерге қатысты мәселе Қазақстанның әрбір түкпірінен кездесетіндігіне кепілдік беруге бармын. Өйткені, жемқорлық жайлаған елде сотты да, прокурорды да сатып алуға болады» деп жазады мақала авторы. «Термелей берсеңіз жерге қатысты даудың шеті күн өткен сайын қылтиып, зорая түсуде. Айтулы «Жер кодексі» қабылданар тұста ұлт зиялылары жер сатудың әлі де ерте екендігін айтып дабыл қағып еді. Конституциялық мәні бар, бүкіл-бүтін ұлттың тағдырын шешкен оның әлі де шикі тұстары көп екен» деп түйіндейді «Түркістан» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті қазақ-өзбек шекарасында оқ атқан сарбазға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығына тоқталып өтіпті. «Сәуірдің 16-күні таңғы сағат тоғыздар шамасында жаңағы солдат қамыстан жасалған күркеге қарай қару кезенген. Оқтың бірі күркенің ішінде таңертеңгілік дастархан басында отырған 36 жасар әйелдің басына тиген. Бұл жағдайға оның балалары да куә болыпты» делінген мақалада. «Сарыағаш аудандық прокуроры Мақсат Қожабаевтың айтуынша, бұл отбасы осыдан бір ай бұрын Өзбекстанның Наманган облысынан Қазақстанға нәпақа табуға келген. Қайғылы қазаның себепшісі болған сержант сол арада қамауға алынып, келесі күні-ақ оған қарсы қылмыстық іс қозғалды» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта жоғарғы шенді шенеуніктің баласы Петропавлдағы жол полициясы бөлімінің мекемесінде қарулы атыс ұйымдастырғанына «Время» газеті тоқталып өтіпті. «Сәуірдің 10-күні түс кезінде бірнеше азамат полиция ғимаратына оқты қарша боратқан. Шұғыл қимылға кіріскен полиция артынша олардың барлығын ұстаған. Сөйтсе, қарулы топты Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті төрағасының орынбасары Мұрат Әубәкіровтың баласы Талғат Әубәкіров басқарыпты» делінген мақалада. «Қолға түскен шенеунік баласы өздерінің полиция ғимаратын атқылағысы келмегендіктерін, олардың нысанасы полицияға тығылып үлгерген басқа бір азамат екендігін айтқан. Бұған дейін де бірнеше мәрте полицияның тынышын алған шенеунік баласы тағы да әкесінің арқасында бостандыққа шығып алыпты. Ішкі істер департаментінде де ешқандай өзгеріс байқалмайды, құдды бір ештеме болмағандай тыныштық» деп түйіндейді «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG