Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.24.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстанда бюджеттің қаржының өз уақытымен игерілмеуіне не себеп деген сұраққа жауап іздепті. Сондай-ақ, бірқатар газеттер мемлекет басшысының Алматы қаласындағы құрылысты тоқтату туралы ұсынысын талқыласа, тағы бір басылым жер мәселесін реттейтін құжаттар қайта тексерілетіндігіне мән беріп өтіпті.

Қазақстанда мемлекеттік қаржыны ұсату тәртібі ақсап тұрғандығы туралы мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Осы жылдың алғашқы үш айында бюджеттің мемлекеттік бағдарламаларға бөлген 64 миллиард теңгеге жуық ақшасы жаратылмай қалған. Ең қорқыныштысы, қаржыны игермеу «созылмалы кеселге» айналып бара жатыр» делінген мақалада. «Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұл көрсеткіштер жақсы нышан емес екендігін айтып, осыған қатысты кінәлілерді жазалауды тапсырды. Қазіргі күні мемлекеттік бағдарламаларды өз уақытында орындамау жағынан Қаржы министрлігі алда тұр. Аталған министрліктің басшысы Наталья Коржова бұл жағдайды мемлекеттік тапсырысқа қатысты байқаулардың қиындығымен түсіндіріп отыр» жазды «Экспресс К» газеті.

Мемлекеттік қаржының өз уақытында игерілмеуіне не себеп деген сұраққа «Литер» газеті жауап іздепті. «Экономист Қанат Берентаевтың пікірінше, бұл жердегі мәселе адамдарда емес, жүйенің өзінде болып тұр. Барлық бюджет тендер бойынша жұмсалуы керек, ал бұл жағы бізде дұрыс жолға қойылмаған. Бюджеттік әрекеттердің барлығын орындап біткенше, жылдың жартысы қалай өтіп кеткендігін білмей қалып жатады дейді Қанат Берентаев. Ал экономист Рахман Алшанов болса мемлекеттік мекемелер ақшаның ауқымдылығына әлі үйрене алмай жатқан сияқты деп есептейді. Оның үстіне қаржыны игерудің нақты механизмі жоқ. Кез келген бағдарламаның сәтті шығуы ұзақ уақытты талап етеді. Соған байланысты бюджетті үш жылға жоспарлау жүиесін енгізген дұрыс шығар» дейді Рахман Алшанов «Литер» газетінің сауалына.

Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының шенеуніктері электр станциясына бөлінген қаржыны жеп қойғандығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «ҚР Экономикалық және ұйымдасқан қылмыспен күрес полициясының Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті құны 111 миллион теңге тұратын электр жүйесін реттейтін шағын стансаны жоғалтып жіберген «сиқыршы-шенеуніктердің» көзбояушылық әрекеттерін әшкереледі» делінген мақалада. «Олар бұл нысанды ешкімнің көзіне көрінбейтіндей қылған. Электр стансасын салатын құрылыс компаниясы шенеуніктермен ақылдаса отырып «объектіні қағаз жүзінде тұрғыза салуға болады» деген ұйғарымға келеді. Сөйтіп, өзі тұрмақ, орны да жоқ электр стансасы «іске қосылды» деген қабылдау актісіне жергілікті жауапты шенеуніктер қолдарын қойып, қабылдап алады. Тексеру барысында «Солтүстік» электр стансасының аты бар да, заты жоқ болып шықты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, аса ірі көлемдегі мүлікті талан-таражға салғандары үшін қазір құрылыс компаниясының директорына және қабылдау актісіне қол қойған шенеуніктердің біріне қарсы қылмыстық іс қозғалды» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Сонымен қатар, басылымдар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласындағы құрылысқа тиым керек деген ұсынысын талқылап жатыр. Мәселен, осы тақырып төңірегінде «Время» газеті былай деп жазыпты: «Мемлекет басшысы Алматыдағы құрылысты тоқтатып, оның сыртындағы серіктес қалалар тұрғызу қажеттігін баса айтты. Бұл ұсынысты «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов қолдап отыр. Оның пікірінше, Алматыда көрінген дүниені сала бергенше, саябақтарды көбейткен дұрыс. Алайда кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығы президенті Талғат Акуов қазіргі құрылыс қарқынын тоқтату мүмкін емес деп есептейді. Егер осындай тиым салынатын болса, онда ең алдымен құрылыс саласындағы кәсіпкерлер зардап шегеді, қуатты құрылыс индустриясы әлсірейді. Ал бұл нарық талаптарына қайшы» дейді Талғат Акуов «Время» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта Үкімет жер мәселесін реттейтін құжаттарды тексеруге тапсырма бергендігіне «Жас Алаш» газеті тоқталып өтіпті. «Премьер-министр Кәрім Мәсімов жеке азаматтарға берілетін жер телімдері мәселесін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді тексеруге Әділет министрлігіне тапсырма берді» делінген мақалада. «Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығына арналған жерді құрылыс салуға немесе ол жерді қаланың бас жоспарын ескерместен ғимарат тұрғызуға берілу фактілері жиі кездеседі екен. Әдетте мұндай даулы жерлердің қожайындары ешқандай құрылыс бастамай-ақ қайта сатып жіберіп, пайда табуды көздейді. Осыған тиым болмаса, оның ақыры неге әкеп соғарын қазір өз тәжірибемізден жақсы білеміз» деп түйіндейді «Жас Алаш» газеті.
XS
SM
MD
LG