Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.25.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірқатары баспана мәселесін мемлекет шеше ала ма деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттер Бішкектегі АҚШ елшілігінде бұзақылық жасаған қазақ азаматы ұсталғандығына мән берсе, тағы бір басылым өз қолымен қасқырды жеңген адам туралы баяндапты.

Алматы облысының №1 балалар үйінен алынған жер телімі мекемеге қайтарылатындығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Алматы облыстық прокуратурасы Қарасай аудандық әкімшілігінің тартып алған жерлерін балалар үйіне қайтаруды көздеп отыр» делінген мақалада. «Осыдан үш-төрт жыл бұрын Бағанашыл қыстағындағы №1 балалар үйінің 9 гектар жерін аудан әкімшілігі алып алған болатын. Осы уақытқа дейін үндемей келген мекеме басшылығы әкімшіліктің тағы бір жер теліміне көзі түскен соң ғана сот орындарына шағымдануды жөн көрген. Енді облыстық прокуратура балалар үйі басшылығының шағымы орынды екендігін анықтап отыр» деп жазды «Время» газеті.

Ал «Литер» газеті болса азаматтардың пәтер мәселесін мемлекет шеше ала ма деген сұраққа жауап іздепті. «Бүгін жаңа тұрғын үй бағдарламасын жетілдіруге берілген мерзім аяқталды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов индустрия және сауда министрлігіне бағдарламаны жетілдіру туралы тапсырманы сәуірдің 17-күні берген болатын» делінген мақалада. «Өкімет осы бағдарлама арқылы үш жылдың ішінде 236 мыңға жуық отбасыны үймен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Қалай дегенмен, мемлекеттің араласуынсыз тұрғын үй нарығын реттеу мүмкін емес. Мәселен, «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев баспана сатып алуда қазақтардың 85 пайызының қалтасы көтермейтіндігін айтады. Соған байланысты ол құрылыс компанияларын үйді әкімшілікке сатуға міндеттеу керек дегенді ұсынып отыр. Мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалинов болса құрылыс материалдары өндірісін дамытпайынша тұрғын үйдің бағасын түсіру мүмкін емес дегенді айтады. Оның пікірінше, қажетті заттарды шетелден тасығаннан баға арзандамайды» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Айқын» газеті Бішкектегі АҚШ елшілігін жармақ болған қазақ азаматы ма деген сұраққа жауап іздепті. «Қырғыз Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, сәуірдің 23-күні түнгі сағат үш жарым шамасында араққа тойып алған отыздардағы жігіт АҚШ елшілігінің маңайына келіп «ғимаратты жарамын» деп айқайға басыпты. Жаңағы азамат күзетшілерінің қолынан сытылып шығып, күзет үйшігінің терезесін тас атып сындырған» делінген мақалада. «Үстіне лыпа қалдырмай шешініп тастаған жігіт қырғыз милициясына өзін «ғарыштан келгенмін» деп таныстырыпты. «Ғарыштан келген қонақ» күзетшілерге көмекке келген құқық қызметіндегілердің бірін бас салып, қолындағы қаруын тартып алмақшы болған екен, бірақ алысып жатқан кезде милицияның асынып жүрген автоматы атылып кетіп, оқ қаңғып барып, оның оң жамбасына қадалыпты. Сөйтіп, «ғарыштан келген қонақты» түнгі төртте Бішкектегі №4 ауруханаға апарып жатқызған. Қырғыз Ішкі істер министрлігі ұсталған адам Қазақстан азаматы екендігін хабарлап отыр» деп жазды «Айқын» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Время» газеті былай деп жазды: «Қырғызстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Омарбековтың айтуынша, елшілікке жалаңаш барған азамат Астана қаласының тұрғыны. Қазір бұл істі қазақстандық құқық органдары қарауға кірісті. Түннің бір уағында тыр жалаңаш жүрген сабазың бұзақылық әрекеті үшін жауапқа тартылуы да мүмкін» деп түйіндейді «Время» газеті.

Бұл уақытта өз қолымен қасқырды алып ұрған қойшы туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы жайылымда қой бағып жүрген Талап Шөкетаев отарға қарай жақындап қалған қасқырды байқайды. Көкжалға қарсы қолданатын қолында таяғы да жоқ Талап қасқырға қарай беттеген. Арпалыс бір сағатқа жуық уақыт созылыпты» делінген мақалада. «Төбелесте адамның жеңіп шығуына ақсақалдардың айтқандары көмектесіпті: қасқырды қолмен өлтіру үшін оның тілінен жібермеу керек екен. Талап осы әдісті пайдаланған. Қазір ол ауруханада жатыр. Дәрігерлер Талаптың жағдайы жаман еместігін айтады» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Соңғы уақыттары Атырау өңірінде қасқырлап көбейіп кеткендігіне «Экспресс К» газеті мән беріп отыр. «Қазіргі күні аңшылар қасқырға шығуды қойған. Өйткені, бұрындарғы жылдары әрбір қасқыр үшін 6 мың теңге төлейтін. Қазір қасқыр терісін сатып алушылар жоқ. Соған байланысты олардың саны көбейген» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG