Accessibility links

Американдық компания Қазақстанның ресми өкілдеріне пара бергенін мойындады


Қазақстанда жұмыс істейтін американдық «Baker Hughes» компаниясы республикадағы ірі кеніштердің бірі - Қарашығанақ мұнай кенішімен байланысты келісім-шартқа қол жеткізу үшін Қазақстанның ресми өкіліне 4 миллион 100 мың доллар пара бергенін мойындады. Енді американдық компания өз елінің заңын бұзғаны үшін 11 миллион доллар айыппұл төлейтін болды делінген көкектің 26-сы күні батыс баспасөзінде сілтеме жасалған АҚШ Әділет министрлігінің ақпаратында. Шетелдік компаниядан пара алғаны үшін қазақстандық шенеуніктерге қарсы Қазақстанда іс қозғалып, олар жауапқа тартылуы тиіс дейді қазақстандық қоғамдық ұйым өкілдері.

Қазақстанның мұнай саласында қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін американдық «Baker Hughes» компаниясы АҚШ-тың парақорлыққа қарсы заң нормасын бұзып, Қарашығанақ мұнай кенішіне байланысты келісім-шартты алу үшін аты-жөні айтылмаған «делдалға» екі жылдам астам уақыт аралығында 4 миллион 100 мың доллар төлегенін растаған. АҚШ прокуратурасы «делдалдың» қазақстандық шенеунік екендігін айтқан. Заңсыз төлемдер 2001 жылдың мамыр айы мен 2003 жылдың қараша айы аралығында Ман аралында орналасқан консалтингтік фирманың Лондондағы шоты арқылы жүзеге асырылған. «Baker Hughes» компаниясы Қарашығанақ бойынша келісім-шартқа 2000 жылы қазан айында қол жеткізген. АҚШ прокуратурасы параны алған қазақстандық шенеунік екенін айтып отыр. Бұған дейін АҚШ-тың бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясының «Baker Hughes» компаниясын қазақстандық шенеуніктерге пара беру үшін жұмсалатынын біле тұра агент-компанияларға 5,2 миллион доллар бөлгенін үшін айыптағаны хабарланған болатын. Агент-компаниялар арқылы 4 миллион доллардан астам ақша «Қазақойл» компаниясының жауапты қызметкерлеріне, 1 миллионнан астам қаржы «Казтрансойл» компаниясының жоғарғы лауазымды менеджеріне жұмсалғаны осы шатақ іске қатысты жарияланған ақпаратты хабарламадан қазір мәлім болып отыр. Алайда, «Baker Hughes» компаниясының Қазақстандағы Атырауда орналасқан өкілдігі жұма күні бұл ретте ешқандай түсініктеме бере алмайтындығын айтып, АҚШ-тағы бас кеңсесіне сілтеме жасады:

- Себебі, біздің өкілдік басшысы көбірек қаржылық мәселелер бойынша жауап береді...

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз-хатшысы Шыңғыс Мұқанов та «Baker Hughes» компаниясы туралы да, онымен байланысты шатақ оқиға жайында да ешқандай мәліметтері жоқ екендігін айтты сәуірдің 27-күні «Азаттық» тілшісіне:

- Енді біз пара бергені туралы айта алмаймыз ғой. Бұл компания туралы бізде базада жоқ. Ешқандай ақпарат айта алмаймыз.

«Baker Hughes» компаниясы АҚШ заңын бұзғанын мойындап қана қоймай, 11 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуге келісіп отыр. Бұл оқиға бойынша қазақстандық шенеуніктер де жауап беруі тиіс дейді Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі, қазіргі «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов.

- Енді біздің прокуратура мен сыбайласқан жемқорлыққа қарсы агенттіктің қалай әрекет ететінін көреміз. Олар жедел түрде американдық жақтан бұл іске қатысы бар адамдардың аты-жөндерін анықтап, ақпарат алмасуы керек. Сосын, сол адамдарды ұстап, тергеу жұмыстарын жүргізуі тиіс, - деді Ораз Жандосов.

2000-шы жылы Парламентте келісім-шарттардың ашықтығы туралы алғаш мәселе көтерген сол кездегі мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин Қазақстанның шикізат саласындағы келісім-шарттарды қайта қарау мәселесі бойынша сол кезде Қазақстан президентіне хат жолдағанын, бірақ дұрыс жауап ала алмағынын айтады. Ол елдегі ірі келісім-шарттарға байланысты үлкен шешімдердің бәрі Қазақстан президентінің қатысуымен шығарылатынына назар аударады:

- Мұнайдың маңайында Назарабаев білмейтін, Назарабев қоймаған адам жоқ. Бәрін елбасының өзі тағайындап отыр. Сондықтан, кім пара берсе де, кім пара алса да, бәрі осы елбасының адамдарының қолынан өткен шаруа. Біз қанша сауал қойып, үкімет басшысынан да соған ашық жауап ала алмадық. Тіпті, сол кезде үкімет басында отырған адамдардың да оған кірісуге шамасы келмеді - жабық шарт! Жабық шартты білетін бір-ақ адам. Ол – біздің президент! – дейді Қазақстан Коммунистік партиясының басшысы С.Әбділдин.

Атыраудағы «Демос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тоғжан Қизатова мұнай-газ саласындағы келісім-шарттардың ашықтығы туралы мәселені жекелеген парламент депутаттары алдына қойғандарын, бірақ олардан дұрыс жауап болмағанын айтады.

- Біздер айтып едік: «Осы келісім-шарттар ашық бола ма? Соны біздер біле аламыз ба?» деп. Сонда Нехорошев деген депутат: «Қай кезде келісім-шарттар ашық?» деді. Біз оған: «Әзірбайжанда, Венесуэлада, Боливияда ашық» дегенді айттық. Оған ол: «Мұндай болмайды. Өйткені, келісім-шарт деген коммерциялық құпия. Ол Қазақстанда ашық болмайды» деді... Енді осы оқиғадан кейін біздің депутаттар ойланатын шығар. Әйтпесе, 2000 жылы болған оқиға қазір де қайталануы мүмкін. Сосын тағы бір елдің Әділет министрлігі шығады осылай да осылай болды деп. Біз өз былығымызды өзіміз тазалауымыз керек қой?! – дейді Т.Қизатова.

Қазақстанның Батыс аймағында орналасқан Қарашығанақ мұнай-газ кеніші әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі болып есептеледі. Бұл шикізат кенішінде 1, 2 миллиард тонна мұнай, 1,35 триллион текше газ бар деп жобаланған. Қарашығанақ 4 миллиард доллардан артық ақша құйылған Қазақстанның үлкен инвестициялық жобаларының біріне жатады.
XS
SM
MD
LG