Accessibility links

Қазақстанда лаңкестік топ деп айыпталған 10 адамға қатысты сот үкімі шықты


Мамырдың 2-сі күні Алматы қалалық соты Қазақстанда лаңкестік ұйым құрып, оның жұмысына аралысты деген айыппен сотқа тартылған 10 адамға қатысты үкім шығарды. Олардың біреуіне 25 жыл берілсе, қалған 8 адам 3 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бір күдікті тергеуде бір жылдан астам уақыт отырғандықтан, оның жазасы өтелді деп, сот залынан босатылды. Ал адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы сот шешімі шыққанымен, бұл істе күмәнді тұстар көп деп есептейді.

Сонымен, бір жылдан астам уақытта созылған сот ісі мәресіне жетті. Қытай Халық Республикасының азаматы Гофур Низамиддин 25 жылға, Заиржан Амурлаев 11 жылға, Тариржан Амурлаев 7 жылға, Нариман Тұңғатаров 6 жылға, Пидамахамет Мамразиевке 3 жыл, Махмутжан Мамразиевке 6 жыл, Хакімжан Мұсаевқа 4 жыл, Хамит Юсупжанов 7 жыл, Абдуллаев Кудрят 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған Шухрат Абдуллаев бұл уақытты тергеу кезінде қамауда өткізгендіктен, сот залынан босатылды. Бұл азаматтардың 2002-2006 жылдары Қазақстанда лаңкестік бағыттағы «Мухаджерлер жамағаты» атты ұйымын құрып, оның ісіне аралсқандығы туралы басты айып тағылған. Бұл туралы сот төрешісі Волков үкім оқыған кезде баяндады.

- Бұл топтың негізгі мақсаты – лаңкестік ұйымға мүшелерді алдап-арбау жолымен тарту және олармен әрбір мұсылманды дінсіздерге қарсы қасиетті соғысқа шақыратын айрықша радикалды ислам бойынша идеологиялық жұмыс жүргізу, лаңкестікті насихаттау әрі идеологиялық жағынан арбауға көнген адамдарды Пәкістанға содырлайтын дайындайтын лагерьлерге жіберу, - деді Алматы қалалық сотының судьясы.

Алғаш рет Қазақстанда лаңкестікті қаржыландырды деп айыпталып, 4 жылға кесілген Хакімжан Мұсаев өз кінәсін мойындамайды. Ол алдыңғы сот отырысында өзіне заң органдары қызметкерлері тарапынан қысым көрсетілгенін, дәлел зат ретінде оның үйінен табылған түрлі дискілердің әдейі тасталғанын айтқан. Оның інісі Рустам Мұсаев та ағасын жазықсыз деп есептейді. Оның пікірінше, Хакімжан Мұсаев ақшаны таныстарына қарызға берген:

- Оның бір досы бар болатын. Соған 9 мың доллар қарызға ақша берген. Мұны олар Пәкістандағы лаңкестікті қаржыландыру үшін берді деп, айыптады, - дейді Рустам Мұсаев.

Хакімжан Мұсаевтың қорғаушысы Александар Ерубаев өз қорғауындағы адамның лаңкестік ұйымға қатысы болғандығын дәлелдейтін дәйектердің жоқтың қасы екендігін айтады. Сондықтан, ол Жоғарғы сотқа арызданбақ.

- Бізге 4 жыл керек емес. Біз ештеңе істеген жоқпыз. Ол ақшаны қаржыландыруға емес, басқа мақсатқа жұмсалғандығы сот кезінде айтылды, - дейді адвокат Ербубаев.

Тайыржан Амурлаевтың мемлекет жағынан берілген қорғаушысы Қамбар Мырзалиева шешіммен келісетіндігін айтады. Бірақ, айыптаушы жақтың сұраған жазасын қайталаған қатал үкімді бірінші рет естіп тұрмын дейді:

- Заң талабына сәйкес шығарылды деп ойлаймын. Бірақ шындық керек қой, мұндай үкімді ешкім күткен жоқ. Қаталырақ үкім болды. Қанша сотқа қатысып жүрміз, әдетте, прокурор сұрғаннан аз кемітіп береді ғой. Бірақ мұнда басқаша болды.

Ал осы сот процесінің бастапқы отырыстарына қатысқан адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Андрей Гришин бұл іс бойынша былтыр бастапқыда 50 шақты адам ұсталғанын, олардың бюроға келіп, істің мән-жайын ашқанын айтады. Олардың барлығы дерлік өз үйлерінен Қазақстанның құқық органдары объектілерінің орналасқан жерлері көрсетілген схемалардың табылғандығын жеткізген.

- Жөні түзу елде мұны дәлел ретінде пайдаланбас еді. Бірақ, басында осы үшін оларды ұстаған. Сосын олардың қатары сиреп, ақыры он адам қалды. Бұл істе жауаптан гөрі сұрақ көп. Мұндай істерді бізде әдетте бір үлкен оқиғадан кейін жариялайды. Мұнда да солай болып, оппозициялық саясаткер А.Сәрсенбайұлының өлімінен кейін әбден былыққа батқан біздің арнаулы қызмет өкілдері лаңкестерді ұстағандарын жариялады. Сондықтан, бұл оқиға жақсы дайындалған қойылымға ұқсайды. Мен бүгін жауапқа тартылып отырған адамдардың Қазақстанда лаңкестік жасамақшы болды дегенге сенбеймін, - дейді адам құқығын қорғаушы Андрей Гришин.

Былтырғы жылы сәуірдің 19-ы күні Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті елде лаңкестік сипаттағы қылмысты жасау үшін құрылған қылмыстық топты қолға түсіргендерін мәлімдеген болатын. Ол жолы әлгі ұсталғандардан жарылыс жасамақшы болған объектілердің сызбасы, жарылғыш заттар, қару-жарақ, экстремистік сипаттағы әдебиеттер табылғаны жөнінде хабарланған еді.
XS
SM
MD
LG