Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.05.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Бішкектегі АҚШ елшілігінде шу шығарған кісінің Қазақстан азаматы екендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер сәулет академиясына қарасты жатахқана тұрғындары сот орындаушыларын тағы да қуып жібергендігіне тоқталып өтсе, бірқатар басылымдар полицияның қызметін қоғамдық кеңес бақылайтындығына мән беріп отыр.

Бішкектегі АҚШ елшілігінде дау шығарған масаң күйдегі кісі Қазақстан азаматы екендігі расталғандығы туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «Осы жылғы сәуірдің 23-күні белгісіз кісі елшілік ғимаратында ерсі қылықтар көрсеткен болатын. Әзірге қырғыз полицейлер оның есімін атаудан бас тартып отыр, бірақ жаңағы азаматтың Шымкенттен екендігін жоққа шығармаған» делінген мақалада. «Бұл азаматтың Бішкекке қалай тап болғандығын полиция білмейді. Масаң күйде ол өзін ғарыштанмын деп таныстырған болатын. Қазір ол ауруханада жатыр. Қырғыз құқық органдары бұзақылық көрсеткені үшін оған қарсы қылмыстық іс қозғады» деп түйіндейді «Литер» газеті.

Енді полицейлердің қызметін қоғамдық кеңес бақылайтындығы туралы мақала «Казахстанская правда» газетінде жарық көріпті. «Бұл кеңес халықтың пікіріне құлақ асу арқылы қоғамдық бақылаудың тиімді механизмдерін жасайтын болады» делінген мақалада. «Қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың пікірінше, жаңадан құрылған кеңес үкіметтік емес ұйымдармен, партиялармен, азаматтық ұйым өкілдерінің барлығымен етене жақын жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, ол осы кеңестің құрылуы жағдайда түбірімен өзгертіп жібереді деп есептемейді. «Егер біздің барлығымызды бірігуге шақырып тұрса, оны мұндай ұсыныстан бас тартпау керек» депті Мұрат Әуезов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.

Осы тақырып төңірегінде «Комсомольская правда: Казахстан» газеті былай деп жазыпты: «Полицияның жұмысын бақылайтын кеңестің құрамына 10 адам мүше болып кірді. Ең алдымен олар уақытша тергеу абақтыларын тексеріп шықпақшы екен. Одан соң полиция бөлімшелері, көші-қон қызметі, жол полициясының жұмысы тексеріледі». Сонымен қатар, мақала авторы 10 адамның күші мұның барлығына жетпейтіндігін атап көрсеткен. «Соған байланысты осыған ұқсас кеңестер республиканың ірі қалаларындағы ішкі істер департаменттері жанынан құрылатын болады. Кеңестің бас кеңсесі Астанада орналасады. Бұл жерде халықтың арыз-шағымдары қаралатын болады» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Егер қалауын тапса қазақ шекарасынан қару, ұшақ бортына бомба өткізуге болатындығы туралы «Литер» газетінде баяндалыпты. «Қостанай облыстық ұлттық қауіпсіздік департаменті қызметкерлері шекарадағылардың қызметін тексеру мақсатында арнайы сынақ өткізген. Алайда шекарашылар да, оған қоса бекет бойына қойылған аппарат екі Калашников автоматын байқамаған» делінген мақалада. «Дәл осыған ұқсас жаттығу Қостанай қаласындағы халықаралық әуежайда жүргізілген. Бұл жолы комитет қызметкерлері өздерімен бірге жарылғыш зат алып келген болатын. Алғашқы тексеру бекетінен сәтті өткен «терроршылар» жұртшылықтың күту алаңына «Абайлаңыз, бомба!» деген жазуы бар қорапшаны ашық жерге шығарып қойған. Тағы да мұндай қауіпті қорапқа ешкім назар аудармапты» деп жазды «Литер» газеті.

Бұл уақытта Алматыдағы Қазақ құрылыс және сәулет академиясына қарасты жатақхана тұрғындарының тынышы тағы бұзылғандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Осы аптаның бейсенбі күні жатақханаға сот орындаушылары тағы да келген. Тұрғындар болса оларды ғимарат ішіне кіргізбей жіберді» делінген мақалада. «Академияның қорғаушылары күш қолдануды жөн деп таппаған. Бірақ сот орындаушылары он күннен соң тағы соғатындығын, ол жолы полицияны ерте келетіндігін ескерткен. Алайда тұрғындар оңай берілгісі жоқ. Ең болмаса он күн тыныш ұқтайтындықтарына шүкіршілік айтып отыр» деп түйіндейді «Время» газеті.

Ал «Егемен Қазақстан» газеті болса иесіз қалған баспана кімге тиесілі деген сұраққа жауап іздепті. «Осыдан бірер жыл бұрын туындаған осы сұраққа депутаттар нүкте қоюға тырысқан болатын. Содан бері екі жыл өте шығыпты. Мәжілістің сәрсенбі күнгі жалпы отырысында осыған қатысты заң жобасы талқыға түсті” делінген мақалада. “Тұрғын үй қатынастары туралы” заң жобасына толықтырулар енгізуге бір кездері қаңырап бос қалған кішігірім қалалардағы тұрғын үйлердің уақыт өте иелерінің табыла бастауы себепші болған-ды. Тіпті, шетел асып кеткен бұрынғы тұрғындар сот арқылы өздерінің баспанасын кері қайтарып алып жатты. Ал жергілікті әкімдіктің рұқсатымен сол баспаналардың қарыздарын толық өтеп, күрделі жөндеуден өткізген кейінгі тұрғындар сот шешімімен оны босатуға мәжбүр болды. Өйткені, “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңдағы 20-бап бұрынғы пәтер иелерінің мүддесін қорғап келгені белгілі. Заң жобасы бойынша енгізілетін толықтырулар бос қалған баспаналарды жергілікті атқарушы органдар сот шешімімен коммуналдық иелікке алып, оны кезекте тұрған азаматтарға беруді қарастырады. Заң жобасы бірауыздан қолдау тапты» деп түйіндейді «Егемен Қазақстан» газеті.
XS
SM
MD
LG