Accessibility links

Қыздарды саудалаған 2 өзбекстандық әйел 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды


Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты 2 өзбекстандық азаматшаны адамдарды алдап-арбау жолымен қолға түсіріп, қанады деген айып негізінде 7 жылға бас бостандықтарынан айырды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған әйелдер Қарақалпақстаннан өзбекстандық қыздарды алдап алып шығып, оларды Қазақстанда жыныстық қызметке салған деп танылды. Бұл туралы "Азаттық" радиосына дүйсенбі күні Батыс аймақтық көлік прокуратурасынан хабарлады.

Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты көкектің 27-сі күні Қазақстан Қылмыстық кодексінің 128-ші бабының үшінші тармағы бойынша екі өзбекстандық азаматшаға қатысты үкім шығарды деді дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына Ақтөбеде орналасқан Батыс аймақтық көлік прокуратурасының қызметкері Арман Сабыров.

- Яғни, адам сату. Дәлірек айтқанда, оларды алдап-арбап қолға түсіру, пайдалану, тасымалдау және оларды Қазақстанға әкелу арқылы қанау мақсатында басқа да әрекеттерге бару. Оларға жалпы тәртіптегі колонияда 7 жыл жазасын өтеуге шешім шықты, - дейді прокуратура қызметкері.

Оның айтуынша, тергеу барысында екі өзбек әйелінің қыздарды қараша айында Өзбекстаннан алдап алып шығып, Қазақстанды бір ай жыныстық қызметке салғандығы анықталған.

- Оларды, екі қызды Нөкіс қаласынан алып шыққан. Одан кейін Қарақалпақстаннан жыныстық қызметке салу үшін тағы бір қызды әкелген. Олардың бәрі - Өзбекстан азаматшалары. Оларға даяшылық қызмет ұсынып, 30 мың теңге жалақы уәде еткен. Бірақ, Өзбекстанда бірден олардың киімдерін ауыстырып, шаштаразға апарып, осында алып келу шығындарын көтеріп алған. Қыздар Қазақстанға не үшін келгендерін біліп, шу көтергенде олар: «Сендерге сонша шығын кетті», деп жауап берген. Қыздардың құжаттарын алып алып, олардың материалдық тәуелділіктерін пайдаланған, - дейді Батыс аймақтық көлік прокуратурасы қызметкері.

Оның сөзіне қарағанда, жауапқа тартылған өзбекстандық «жеңгетайлар» әрі қарай соттың жоғарғы орындарына шағымданбақ. Әдетте адам саудасы бойынша құрбандардан гөрі оларды сатушылар өздерін құқық қорғаушылардан жақсы қорғап, жауапкершіліктен құтылып кетіп жатады дейді Ақтөбе облысындағы «Үміт» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айгүл Дүйсенова.

Бұл - кішкентай мафия. Себебі, адам саудасы – есірткі, қару-жарақ саудасынан кейінгі әлемдегі ең кірісті қылмыстық бизнестің түрі болып есептеледі. Үлкен ақша болғандықтан, ешкім одан айырылғысы келмейді. Олармен бірлесе жұмыс істейтін кейбір құқық қорғау орындарының қызметкерлері болады. Көп ақшаға олар судьяларды сатып ала алады, жақсы-жақсы адвокаттар жалдайды.Сондықтан, іс қозғалса да, әрі қарай оның дамуына мүмкіндік жоқтың қасы.

Ал өзбекстандық азаматшалардың өз беттерінше құзырлы орындарға шағымдануы сирек, дейді «Үміт» қоғамдық ұйымының заңгері Наталья Исхакова:

- Олар жиі шағымданбайды. Себебі, оларда арыздануға болатын орталықтар туралы ақпараттары жоқ шығар. Тіл білмейтін де болуы керек немесе телефонға жете алмайды. Сондықтан, біз Халықаралық көші-қон ұйымының өзбек, тәжік, қырғыз, қазақ, орыс тілдерінде республиканың 12 қаласында қызмет көрсететін орталықтардың телефондары жазылған анықтама-қағаздарын таратудамыз, - дейді Наталья Исхакова.

Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің директоры қызметін атқарушы Екатерина Бадикова республикада көрші елдерден жұмыс іздеп келетін адамдардың осында қиын жағдайға жиі кезігетінін айтады.

- Өзбек азаматтары біздің республикамызда осындай жағдайға айтарлықтай жиі тап болады. Қырғызстан азаматтары олардан гөрі мұндай жағдайға сирек ұрынады. Дегенмен, мұндай оқиғалар бізідң ірі қалаларымызда - Алматы мен Астанада және мұнайлы Батыс өңірінде көп кездеседі, - дейді Халықаралық көші-қон ұйымы өкілі.

Сарапшылардың айтуынша, былтырғы жылы шілде айында Ақтөбе облысында зорлық-зомбылыққа ұшыраған 14 өзбек азаматы бостандыққа шығарылып, оларға қатысты сот ісі әлі күнге дейін аяқталмаған. Ал Атырау облысында жергілікті полиция қызметкерлері қанауға түскен деп топшыланып отырған тағы да өзбекстандық азаматтарға қатысты тергеу ісін жүргізуде.
XS
SM
MD
LG