Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.09.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар Жеңіс күніне орайластырған мақалалар жариялапты: басылымдардың бірі 9 мамыр күнінен ТМД елдері қалай атап өтетіндігіне мән берсе, газеттердің бірқатары соғыс ардагерлерінің әңгіме-сұхбаттарына орын беріп отыр.

9 мамыр күнін әлем елдері әртүрлі атап өтетіндігі туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «Бұл жолы Мәскеудің қызыл алаңында өтетін салтанатты шеруде жеңіс туына аса мән берілмейді. Оның орнына Ресейдің туы көтеріліп, федерация әнұраны қойылады. Молдавия мемлекеті болса осы жылдан бастап Жеңіс мерекесі Еуропа күніне ауыстырылды. Бұл шара молдова азаматтарын еуропалық құндылықтарға жақындату үшін жасалынып отыр» делінген мақалада. «Украина үкіметі де осы жылы мамырдың 9-күні жалпыхалықтық шаралар ұйымдастырылмайтындығын хабарлаған. Грузия елінде бұл күнді екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы деп ұғындыру басым, олар бұл соғыста Грузия қатты зардап шекті деп есептейді. Балтық елдерінде бұл күнге мемлекеттік маңыз берілмеген» деп түйіндейді «Литер» газеті.

«Айқын» газеті болса рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі неге осы күнге дейін ескерілмей келген деген сұраққа жауап іздепті. «Соғыстың аяқталғанына 62 жыл өтсе де, әскери тарихшылардың мазасын кетірген қан майданның ақтаңдақтары әлі де жетіп-артылады. Соның бірі – Жеңіс Туы» делінген мақалада. «Берлинде Рейхстагты алуға ұмтылған дивизиялар санына орайластырып, алдын ала тоғыз Жеңіс Туы тігіліп, дайын тұрған. 30 сәуір күні сағат үштің кезінде маршал Жуковтан Рейхстагқа Жеңіс Туын қадаған жауынгерлерге алғыс жариялаған құпия бұйрық келіп түседі. Бұл кезде Рейхстаг әлі берілмеген, ғимаратқа дейін 300 метр бар, оны бірде-бір кеңестік жауынгерге кесіп өтудің сәті түспеген. Бұл уақытта 674-полктің жауынгері, қаһарман қазақ батыры, лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың взводы «Гимлер үйіне» бірінші болып кіріп, Рақымжанға Рейхстаг ғимаратына Ту ілу үшін арнайы топты бастап бару жүктеледі. Сағат тура күндізгі 11 кезінде Рақымжан бастаған топ «Гимлер үйінің» терезесінен Король алаңына қарай секіреді. Жаңбырдай себелеген оқтан топтағы екі-ақ адам: Рақымжан мен Григорий Булатов қана тірі қалып, екеуі бар болғаны 300 метр жерге жету үшін жеті сағат жер бауырлап жылжиды. 30 сәуір күні 18 сағат 30 минутта Булатов Рақымжанның иығына шығып, Рейхстагтың басты қақпасына бірінші болып Қызыл Ту іледі» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Казахстанская правда» газеті былай деп жазды: «Алматыда Жеңіс күні қарсаңында елеулі оқиға болды – Ресейдің әскери тарих институтының мұрағатынан Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін растайтын құжат ҚР Оратлық мемлекеттік мұрағатына табыс етілді». Сонымен қатар, мақала авторы маңызды құжатты іздестіруге алғашқы қазақ гроссмейстері, тарихшы Болат Асанов екі жыл еңбек еткендігін атап көрсеткен. «Тарихшының айтуынша, Рақымжанның әкесі Қошқарбай Мусин 1937 жылы репрессияға ұшырағандардың бірі, және Рақымжан «халық жауының» ұлы қатарында тіркелген. Соған байланысты тарихи әділеттілікті орнатуды ешкім жөн деп таппаған» депті Болат Асанов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Литер» газеті болса жеңістің 62 жылдығын соғыс ардагерлері күрсіне қарсы алатындығына мән бері өтіпті. «Эстон үкіметінің қола солдат ескерткішін құлатуы, ардагерлер түгілі, менің де ызама тиеді» деп жазды мақала авторы, мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров. «Ең сорақысы, қаза болған сарбаздардың әруағын қорлай отырып, Эстонияның фашистік бағыттағы үкіметі халық алдында саяси ұпай жинағысы келеді. Бір жағынан, Эстония үкіметінің әрекетін сол мемлекеттің өз ісі ретінде қарауға болады, екінші жағынан – сана саяси мүддеден биік тұрғаны дұрыс. Соған байланысты эстон билігінің ұстанымына қарсы әрекет қажет» депті депутат Бердоңғаров «Литер» газетіне жазған мақаласында.

«Айқын» газеті майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаевтың соғыс туралы сұхбатын басып отыр. «Соғыс аргадері сол зұлматты көзімен көрген адам ретінде біз қайткен күнде де өзіміз куә болған жайттарды бүгінгі ұрпаққа айтып кетуге тиіспіз деп есептейді. Бұл – ең алдымен, сол соғысқа қарсылыққа шақыру. Өйткені ол – ойын емес, жаппай қасірет, зұлмат. Сол себепті де, оның қайталануына жол бермеуге тырысуымыз керек» деп бастайды майдангер-жазушы өз әңгімесін. «Қай адамның болашағы да өз елінің болашағымен тікелей байланысты. «Патриоттық мінез» дегеннің өзі де осы елдің болашағын ойлаудан келіп шығады. Қазір қарап отырсаң, «біз – көпұлтты елміз» деген сөз ұранға айналып бара жатыр, көп айтылады. Өз басым осыған қарсымын. Өз тұсымызда «тыныштық болсыншы» деп, бәрін жасадық. Сонымен бірге біз болашақ ұрпаққа мәселе қалдырып отырмыз» деп түйіндейді майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев «Айқын» газетінің тілшісіне берген сұхбатын.
XS
SM
MD
LG