Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.12.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар КТК телеарнасының қызметкерлерінің ұсталуына қатысты жан-жақты ақпарат таратыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірі Қарағандыда Ленин шахтасында қаза болған шахтерлердің жесірлерінің шағымы бойынша сот басталғанына тоқталса, тағы бір басылым Шығыс Қазақстанның 16 мың тұрғыны қатты дауылдан жарық қалғандығына мән беріп өтіпті.

КТК телеарнасының қызметкерлерінің ұсталуына қатысты жағдайды бақылау үшін Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов Алматыға келгендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Мамырдың 11-күні министр Мұхамеджанов істің барысын бақылау үшін ұшып келді» делінген мақалада. «Алматының ішкі істер департаментінің қызметкерлері ұстаған Лихоузов, Пискунов және Сарыпбековтар бұған дейін арнайы қызметте істеген. Егер олар полицияға қағаз арқылы шақыртылғанда, қашып кетуі мүмкін еді – сөз болып отырған кісілердің жеке басын куәлік ететін бірнеше құжаты болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігіндегілердің айтуынша, мұндай жағдайда оларды Интерпол арқылы іздестірудің өзі қиынға соғар еді» деп жазды «Время» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Айқын» газеті былай деп жазыпты: «И.Лихоузов КТК телеарнасына келгенге дейін Президент күзеті қызметінде жұмыс істеген. Ресми ақпарат көздеріне қарағанда, Алматы қалалық ішкі істер органы оны, осыдан біраз уақыт бұрын, «Нұрбанк» басқармасы төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтің із-түзсіз жоғалып кетуіне қатысы бар деген күдікпен қамауға алған. «Әзірше бұл туралы ешқандай қосымша ақпарат айта алмаймыз. Тергеу жұмыстары жүргізілуде» депті Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкері Арман Жусанбай «Айқын» тілшісінің сауалына.

«Литер» газеті болса телеарна қызметкерлерін ұстау барысында заң бұзушылық болды ма деген сұраққа жауап іздепті. «Полицейлер оларды ұстау барысында заң бұзылған жоқ деп отыр. Соған қарағанда апта соңындағы ақпараттық дауыл – белгілі бір мақсатқа жету үшін құқық қорғау органдарына қарсы бағытталған әрекет болса керек» делінген мақалада. «Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың айтуынша, бұл жағдайда полицейлер заң аясында жұмыс істеген. Өйткені, телеарна қызметкерлері бұған дейін түсініктеме беруден бас тартып келуіне байланысты полицейлер мәжбүрлі әрекетке барған» деп жазды «Литер» газеті.

Бұл уақытта «Время» газеті КТК телеарнасының қызметкері И.Лихоузов бостандыққа шығарылғандығын хабарлап отыр. «Бұл туралы КТК телеарнасының баспасөз хатшысы Валерий Тараканов айтты» делінген мақалада. «Құқық органдары И.Лихоузовты бейсенбі күні кешкісін босатып жіберген. Лихоузовтың өзі әріптестеріне Темірәлиевтің жоғалуына байланысты куәлік етіп жатқандығын айтқан. Сонымен қатар, телеарна қызметкерінің бостандыққа сол күні шығарылғанын министрлікке қарасты қылмыстық полиция департаментінің басшысы Сұлтан Құсетов та растаған. Оның айтуынша, Лихоузов бейсенбі күні кешкісін аман-сау үйіне қайтқан» деп жазды «Время» газеті.

Ал «Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса Қарағандыда Ленин шахтасындағы жарылыстан қаза болған шахтерлердің жесірлері берген шағым бойынша сот басталғандығына мән беріп отыр. «Олар компания тарапынан төленген өтемақы моральдық шығынның орнын толтырмайды деп есептейді» делінген мақалада. «Миттал Стил» АҚ сотқа берген 12 азаматтың әрқайсысы аталған компаниядан 7 миллион теңге талап еткен. Мекемедегі көмір департаментінің экономикалық мәселелер жөніндегі директоры Василий Тельнойдың айтуынша, қайтыс болған жұмысшылардың отбасыларына 10 айлық көрсеткіш көлемінде өтемақы төленген, 2 миллион 800 мың теңге баспана алу үшін берілген, банктерге борышкерлердің несиесі төленген. Соған байланысты компания өтемақы көлемін одан әрі көтеруге келіспейді. Ал шағым иелері болса «Миттал Стил» моральдық шығынды өтемегендігін алға тартып отыр» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Айқын» газеті Шығыс Қазақстан облысындағы 16 мың тұрғын қатты желдің салдарынан жарықсыз қалғандығына тоқталып өтіпті. «Жылдамдығы секундына 28-30 метрге жететін дүлей дауылдың салдарынан соңғы төрт-бес күн бойы электр жарығынсыз қалған Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше елді мекен тұрғындары әлі естерін жинай алмай отыр. Электр желілерінің үзілуіне байланысты тұтынушылардан көптеген өтініш түскен, алайда бұл өңірде жиі қайталанған дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қиынға түсіп жатқанға ұқсайды» делінген мақалада. «Метеорологтардың болжамдары бойынша, Қазақстанның шығысы алдағы бір-екі аптада суық ауа ағысының ықпалында болады. Жоғары қысымды ауа ағынының жолында тұрған Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында солтүстік-батыстан қатты жел тұрып, ауа райы бұзылады деген болжам бар» деп түйіндейді «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG