Accessibility links

АҚШ пен Грузия Орталық Азия мұнайы мен газын Ресей бағытына байлап қоюға болмайды дейді


Қазақстан, Ресей және Түркіменстан президенттері өткен аптада Каспий жағалауында кездесіп, Еуропаға Ресей арқылы баратын жаңа құбыржолдарды салуға келісті. Түркіменстаннан Ресейге баратын газ құбыржолы мен мұнай құбыржолы Каспий теңізінің жағалауымен өтіп, Қазақстан арқылы Ресейге шықпақ, одан ары Еуропаға энергия көздерін жеткізбек. Америка Құрама Штаттары мен Грузия бұл жобаларға алаңдаушылық танытты. Олар Орталық Азиядан келетін мұнай мен газды Ресей бағытына байлап қою дұрыс емес дейді.

Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Астанада болып, президент Назарбаевтың аузынан серіктестігіміз ұлғаяды деген сөздерді тағы естіді. Қазақстан мен Ресей Сібір аймағында уран байыту зауытын бірігіп салуға, бірігіп пайдалануға келісті. Назарбаев Қазақстан мұнайының барлығын болмаса да, көпшілігін Ресей арқылы тасымалдауға әбден берікпіз деп Путинге тағы уәде берді.

Қазақстанның болашақ мол мұнайын Назарбаев қай бағытқа бұрады деген сауал көптен бері шешімін таппай келеді. Қазақстан көп векторлы саясат ұстанамыз, мұнайды сыртқа балама бағыттармен шығарамыз көп айтты, Америка Құрама Штаттарының қамқорлығындағы "Баку-Тбилиси-Жейхан" жаңа құбыржолына қосыламыз деп талай уәде айтты. Ресей мен Иран бұл құбыржол жобасына қарсы. Енді міне, Путиннің сапарында Назарбаев көп жақты саясатты ауызына алған жоқ, Қазақстан мұнайы әлемдік базарға негізінен Ресей арқылы шығатын болады деп шегелеп қойды. "Джейнс" зерттеу институтының Еуразия сарапшысы Метью Климентс президент Назарбаевтың мұнай тасымалдау саясаты Ресей жағына біржолата жығылған сияқты дейді:

- Назарбаев соңғы бес-алты жылда сыртқы саясатын өте ұқыпты жүргізіп келеді. Назарбаевтың саясаты энергетика шаруаларына не Каспий теңізі арқылы Еуропаны қатыстырып, не Ресейді қатыстырып, не Қытайды қатыстырып, Қазақстан үшін ең тиімді келісім жасауды көздейді. Ол барлық осы елдермен шаруа жүргізіп отыр. Ресеймен арада жасалған соңғы келісім Назарбаев өзіне ең қолайлы ұсынысты қабылдайтынын көрсетті.

Осылайша президент Назарбаев соңғы бес-алты жылдағы ізденістерін бір жаққа шығарып жатыр. Бір жақ болғанда бұл Ресей жағы болып отыр. Ал Путин Астанада қасына Назарбаевті ертіп алып, Түркіменстанның жаңа президенті Гурбангұлы Бердімұхамедовқа апарды. Ресей, Түркіменстан және Қазақстан президенттері табиғи газ тасымалдайтын құбыр салуға келісті. Келісімге сенбі Түркіменбашы қаласында қол қойылды. Үш мемлекет басшысы газ құбыржолынан соң Каспий жағалаумен Қазақстан арқылы өтетін мұнай құбыржолын салуды көздеді.

Бұл оқиғаның мәні – түркімен мұнайы мен газын тікелей аламыз деген Америка Құрама Штаттары, Еуропа және Қытайдың жоспарлары бөгелді, алға Ресей шығып кетті. Бұл Америка Құрама Штаттарының мазасын алып отыр. АҚШ энергетика министрі Самуель Бодман бұл келісім "Еуропаға жақсылық әкелмейді" деді, Еуропаға келетін мұнай мен газ жолдарын бір бағытқа байлап қоймау керек деді. АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Том Кейси Вашингтонның ұстанымын былайша білдірді:

- "Үлкен сегіздік" белгілегендей, біздің мақсатымыз төмендегідей болу керек – тек ғана Еуропада емес, барша әлемде энергия бұлақтарын және тасымалдау жолдарын диверсификациялауымыз керек. Келісімдер кез-келген саяси мүддеден көрі, коммерциялық мағна мен коммерция тәсілдеріне негізделсе жөн деп ашық қалаймыз.

Грузия парламентінің төрайымы Нино Буржанадзе да осындай көзқарас танытып отыр. Ресей мен Грузия арасында саяси дау шыққанда, Ресей Грузияға газ бермей қойған.
XS
SM
MD
LG