Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.15.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі өткен аптаның бейсенбі күні Алматыда ұсталған азаматтардың КТК телеарнасына ешқандай қатысы жоқ екендігі туралы жазды. Сонымен қатар, газеттердің бірі шалағай жұмысы үшін шенеуніктер жазаланатындығына мән берсе, тағы бір басылым қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз 85 жасқа толғандығына тоқталып отыр.

«Нұрбанктің» бұрынғы басшысы Жолдас Темірәлиевтің жоғалып кетуіне қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі азамат КТК телеарнасында жұмыс істемегендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Өткен бейсенбі күні ұсталған Иван Лихоузов пен Виталий Пискунов КТК телеарнасында ресми түрде жұмыс істемеген. Осындай мәлімдемені ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожақметов жасады» делінген мақалада. «Тергеу барысында Виталий Пискунов өзінің «Номад» бизнес-орталығында, ал Иван Лихоузов «Кешенді сервис» компаниясында істейтіндігін айтқан. Екеуі де телеарнаға ешқандай қатысы жоқтарын мәлімдеп отыр. Бұл уақытта ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожақметов осы мәселені анықтау үшін КТК телеарнасына ресми сұрау салғандығын айтқан. Қазіргі күні біз ешқандай жауап алған жоқпыз дейді ол. Алматы қалалық ішкі істер департаменті «Нұрбанктың» бұрынғы басшысы Жолдас Темірәлиевтің ұрлануына төрт адамға күдік түсіріп отыр – Иван Лихоузов, Виталий Пискунов, «Нұрбанктің» қауіпсіздік қызметінің басшысы Ерлан Сәрсенбеков және бұрындары президентті қорғау қызметінде істеген Нұрлан Сарыпбековтар» деп жазды «Время» газеті.

«Жас Алаш» газеті болса осы оқиғалар төңірегінде жазылған үшеудің хаты нені білдіреді деген сұраққа жауап іздепті. «Бұл хатқа академик Мұхтар Әлиев, генерал Әлнұр Мұсаев және баспагер Андрей Шухов қол қойған. Хат иелері ішкі істер органдарының КТК телеарнасына қатысты әрекеттерін баяндап кетеді» делінген мақалада. «Бұл материал стилі жағынан Дариға Назарбаеваның былтыр «Караванда» шыққан атышулы «Дежа вю» деген мақаласын еске түсіреді. Күңіреніп, әлдекімді, әлденені сынайды, бірақ нақтылық аз. Назарбаева Әбіқаев, Дүтбаевтардың атын атаған. Артынан сотқа «байқамай жазыппын» деген сыңайда жауап беріп, өз сөзін өзі жоққа шығарған. Міне, Мұхтар Әлиевті алға салған осы медиатоп тағы «дежавюлетіп» отыр» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Осы хат төңірегінде «Время» газеті былай деп жазды: «Олардың пікірінше, телеарна мен президентті қорғау мекемесінің қызметкерлерін ұстау «жүйедегі күресті» білдіреді екен. Бір қызығы, мұндай күрес туралы жүйеге тікелей қатысы бар адамдар айтып отыр. Сонда олар қандай жүйе туралы сөз тарқатқан?». Сонымен қатар, мақала авторы «мүмкін олар өздері құрған жүйе туралы айтып отырған шығар?» деген сауал тастайды. «Бұл жазылғандардың барлығы дәйексіз болып көрінеді. Артығын айтпағанның өзінде... Және бұл дәйексіздік көпшілікті қорқытады. Ең алдымен, осы істі зерттеп жатқан погонды кісілерді. Соған қарағанда, хат иелерінің мазалануы негізсіз емес шығар: басқасын қайдам, бірақ олар бұл жүйені жақсы біледі ғой...» деп түйіндейді «Время» газеті.

Бұл уақытта «Айқын» газеті өз ісіне шалағай қараған шенеуніктер жазаланатындығы туралы жазып отыр. «Мамырдың 14-күні Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов "қолмен жасағанды мойынмен көтеретін" күн жақын қалғандығын ескертті» делінген мақалада. «Тұрғындарды баспанамен қамтуды қарастыратын бағдарлама бойынша берілген қаржыны әжетке жарата алмаған әкімдерден жеке-жеке жауап алған Премьер кеңес соңында былай деді: "Сәтті пайдалана отырып, ертерек естеріңізге саламын. Ауызша ескертулер кезеңі аяқталды, енді жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өте нақты шаралар жасалады. Сонда алға тартатын сылтауларыңызға ешкім де назар аудармайды. Алдын ала ескертемін: жазалар салмақты болмақ. Аз уақыттарыңыз қалды...". «Бар басымдықты орталықтағы Үкіметтің өз уысына жинай бастауына аймақ басшылары бек разы емес, бірақ қылар қайраны жоқ. Демек, аймақ басшыларының қызметіне сын көзбен қарау да кәдуілгі іске айналмақ. Әкімдер қарымды арттырып, қазіргі қарқынға қарқын қоспаса, қатаң сыннан құтыла алмайтынын Үкімет басшысы анық аңғартты» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Ал «Литер» газеті болса қазақтық тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова 85 жасқа толғандығана мән беріп отыр. «Бұл күндері Орал жастары «Хиуаз Доспанова» атты деректі фильмді үлкен тебіреніспен көріп жатыр. Онда қазақтың ұшқыш қызы, түнгі бомбалаушы ұшақтың штурманы Хиуаз жайында баяндалады. Фильмнің басты кейіпкері мамырдың 15-күні 85 жасқа толып отыр» делінген мақалада. «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер түнгі айқасқа қатысушы ұшқыш қыздарды «қара жалмауыздар» деп атаған. Өйткені олар ұшақ басқарған қыздардың жанкешті әрекеттеріне қарап, аппаратты «өз өмірінен күдер үзген, қамаудағы әйелдер» басқарады деп есептесе керек. Шын мәнінде бұл ұшақтарды Хиуаз секілді талшындай қыздар басқарған» деп жазды «Литер» газеті.
XS
SM
MD
LG