Accessibility links

Конституциялық өзгерістер кезектен тыс парламенттік сайлауға әкелуі мүмкін бе?


Мамырдың 16-сы күні Парламент палаталарының біріккен отырысында Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістер жария етілмек. Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарабаев конституциялық реформалар жөніндегі жұмысшы топтың қорытынды отырысында мәлімдеген. Ал осы уақытта кейбір қазақстандық сарапшылар сәрсенбі күні конституциялық өзгерістермен қоса Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауы өтетіндігі айтылады деп күтеді.

Мамырдың 15-і күні Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейтқазы Матаев өздерінің Алматыда және Астанадағы кеңселерінде сәрсенбі күні парламентте жария болатын үлкен өзгерістерге жетелейтін оқиғалардың бір мезетте орын алғандығын «Азаттық» радиосына баяндады:

- Ел басы Конституциялық өзгерістер жөніндегі жұмысшы топ мүшелерімен кездескені белгілі. Менің ойымша, дайындық жүріп жатыр. Мысалы, Астанада «Әділет» партиясы саяси блок құратындықтарын айтып, баспасөз мәслихатын өткізді. Мұхтар Шаханов партия құрмақшы. Соларға қарағанда, үлкен өзгерістер болады. Содан кейін қазіргі парламентті тарқатып, партиялық тізіммен сайлау өткізбек.

Сейсенбі күні «Халық рухы» атты ұлттық бағыттағы партия құруға шешім қабылдағандарын мәлімдеген саясаткер Дос Көшім өздерінің бұл бастамаларының алдағы саяси науқанмен байланысты екендігін жасырмайды. Ол өзінің конституцияға өзгерістер енгізілумен бірге қазіргі парламент толық тарқап, жаңа сайлау өтеді деген пікірмен толық келісетіндігін білдірді:

- Себебі, соңғы уақытта осыған келе жатыр. Егер ондай өзгерістер қабылданса, онда биыл күзде біз мәслихат пен мәжілістің сайлауын бірге өткіземіз. Бұл логикалық жағынан да дұрыс. Жылда сайлау өткізіп, елді дүрліктіре бермейік дейді ғой...

Тәуелсіз журналист Айгүл Омарова Қазақстандағы конституциялық реформалар тақырыбына бұрыннан көңіл бөліп жүргенін айтады. Оның пікірінше, егер Қазақстан президенті сайлау болатындығын жарияласа, бұл толық заңға сәйкес келмек.

- Қалай болғанда да Конституцияға парламент өкілеттілігіне қатысты өзгерістер енгізіледі. Сондықтан, бұл парламент заң алаңынан тысқары болып шығады. Ал президент парламент сайлауын жариялау арқылы заңды қадамға барады. Мен осындай өзгерістер болатындығын бұрын да айтқанмын. Өйткені, Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалыққа ұмтылады. Ал ол үшін Қазақстан Конституцияға өзгерістерді талап ететін шарттарды орынадуы тиіс, - дейді журналист Айгүл Омарова.

Қазақстан президенті болса, сейсенбі күні түстен кейін өзі басқаратын «Нұр-Отан» партиясы фракция мүшелерімен және облыс әкімдерімен кездесіп, саяси реформалар жайын талқылады. Кездесуге қатысқан парламент депутаты Серік Әбдірахманов негізгі өзгерістер сайлау жүйесіне қатысты болатындығын, ал соған сәйкес кезектен тыс сайлаудың өту мүмкінідігі бойынша жауап тек сәрсенбі күні айтылатындығын мәлімдеді:

- Келешекте партиялық тізіммен сайлау жүйесіне көшу. Енді алдын-ала қорытынды жасауға ерте. Ел басы ертең не айтады, солай әрі қарай белгілі болады...

Конституцияда Қазқстандағы жалғыз билік көзі – халық деп көрсетілген. Онда қатардағы Қазақстан азаматтары республиканың басты құжатына өзгерістер енгізілуіне қалай қарайды? «Азаттық» тілшісіне бұл жайында Алматы тұрғындары келесідей пікірлер айтты:

- Қатып қалған Конституция жоқ қой?! Заман талабына сай дамып отыру керек. 1995-ші жылдан бері бір өзгерістер енгізудің реті келді деп ойлаймын.

- Оң өзгерістер болса, неге қарсы боламыз? Бірақ, қазір көптеген заңдар қабылданады, бірақ олар орындалмайды...

- Ол өзгерістер енгізілгенмен, олар шынайы демократиялық өзгерістер әкелмейді. Тек бер жағын әрлеп қою...

- Қазір халыққа жағдай жасалып жатқан жоқ. Сондықтан, парламенттік-президентік республика жасаймыз деген көп сөздің бірі ғана. Жаңа парламенттің, жаңа президенттің тағы да қалталы болып шықпасына кім кепіл?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні конституциялық реформалар жөніндегі жұмысшы топтың қорытынды отырысында Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістерді былай көрсеткен: "Біріншісі - президент өкілеттігінің бір бөлігін парламентке беру және парламентті сайлау жүйесі бойынша. Екіншісі - саяси партиялардың рөліне қатысты. Үшіншісі - жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін арттыру. Төртіншісі - құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту. Бесіншісі - адам құқықтары мен бостандықтары кепілдігін дамытуға бағытталған. Ал Конституциялық кеңестің әрі жұмысшы тобының басшысы Игорь Рогов конституциялық өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан президенттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік басқару үлгісіне көшеді деуге негіз бар деді.
XS
SM
MD
LG