Accessibility links

«Ақ жол» партиясы мен «Әділет» партиясы сайлау блогын құру туралы мәлімдеді


Сейсенбі күні Астанада «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов пен «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев алдағы өткізілетін сайлауларда бірігу үшін – «Ақ жол» демократиялық және әділеттілік сайлау блогын құратындығын мәлімдеді. 2005 жылғы президент сайлауы кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау блогына қосылған Мақсұт Нәрікбаев енді алдағы сайлаулар алдында президент төрағалық ететін «НұрОтан» партиясын істері коррупцияға айналып жатыр деп айыптады.

Осыдан жарты жыл бұрын ынтымақтастық туралы келісімге келген Әлихан Бәйменов төрағалық ететін «Ақ жол» партиясы мен Мақсұт Нәрікбаев төрағалық ететін «Әділет» партиясы енді алдағы сайлаулар алдында бір блок құратындығын мәлімдеді. «Ақ жол» партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты Әлихан Бәйменовтің айтуынша, бұл блокқа ресми тіркелмеген «Алға» партиясы да кіруі мүмкін:

– Кез-келген сайлау алдында түрлі саяси ресурстар бірігіп, оңтайлы қимыл жасау бағытын іздестіреді.

Партия төрағалары сайлау блогын «Ақ жол» деп атауды жөн санапты. Мақсұт Нәрікбаев мұны «Ақ жол» партиясының атын пайдаландық, өйткені сайлауларда тәжірибесі мол, халықтың көпшілігі біледі»,– деп түсіндірді. Тіптен екі партияның төрағалары сайлау науқанының жетекшісін де бекітіп үлгергенін сөз етті. Олар алдағы қыркүйек айында болатын мәслихат сайлауына дайындық деп отыр. Алайда күні ертең, мамырдың 16-күні президенттің қатысуымен өтетін Парламенттің бірлескен отырысында билік коридорында парламентті тарату туралы сөз болады деген әңгіме айтыла бастады. «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов парламент сайлауына да бірлескен сайлау блогының дайын екенін мәлімдеді:

– Егер күзде сайлау болады десе, біз үйреншікті дәстүрлі әріптестеріміздің арасынан іздейміз.

Ал осыған дейін президент Назарбаевты қолдап келген Мақсұт Нәрікбаев сейсенбі күні президенттің басқаруындағы «НұрОтан» партиясын айыптап, сенсациялық мәлімдеме жасады:

– «НұрОтан» партиясының бағдарламасында көптеген кемшіліктер бар. «НұрОтан» партиясының қолдауымен қабылданған заңдардың көбісі іс жүзінде аспай жатыр. Көбісі бұрмаланып жатыр, көбісі коррупцияға айналып жатыр.

Ал Әлихан Бәйменов болса, «НұрОтан» партиясы алдағы сайлауларда да әкімшілік ресурстарды пайдаланатынығын жоққа шығармайды. «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев өзінің осыған дейін президентті не үшін қолдап келгенін былайша түсіндірді:

– Президенттік биліктің мықталған кезінде басқа кандидатура келіп қалатын болса, дайын емес кандидатура, ондай тарихта болған. Онда елде басқаша жағдай болып кетуі мүмкін. Міне сондықтан да біздің партия сол кезде демократияландыру мәселесін шешу тек ғана бір адамның қолынан келеді, Назарбаевтың қолынан келеді деген мақсатта біздің партия қолдап, халықтық коалицияға қосылғанымыз бар.

Мақсұт Нәрікбаев төрағалық ететін «Әділет» партиясы 2004 жылғы Парламент сайлауы алдында Қазақстанның демократиялық партиясы болып құрылған еді. Сол кезде сарапшылар, тұтас болған «Ақ жол» демократиялық партиясына қарсы құрылған биліктің саяси технологиясы деп баға берген.тін. Алайда 2004 жылғы парламент сайлауынан кейін «Ақ жол» партиясының төрағалары екіге бөлініп, тең төрағалар болған Ораз Жандосов, Болат Әбілов және марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы «Нағыз Ақ жол» партиясын құрды.
XS
SM
MD
LG