Accessibility links

Конституцияға енгізілетін өзгерістер парламенттің құзырын күшейте ме?


Конституцияға, керісінше, президент билігін үстемдей түсетін баптар енгізілгелі отыр, – дейді Мәжіліс депутаты Болат Әбішов. Қазақстан президентінің сейсенбі күнгі парламентке ұсынған «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық заңының» жобасын қолдарына алған депутат оны жіті қарап шыққаннан соң, осындай қорытынды жасап отыр. Мысалы, әлгі өзгерістерге сәйкес, президент кез-келген уақытта Үкімет басшысы немесе спикерлермен кеңескеннен кейін парламентті таратуға құқылы. Сонымен бірге қазіргі қолданыстағы Конституция бойынша, президент Орталық сайлау комиссиясының төрағасының кандидатурасын ұсынатын болса, енді оны кез-келген уақытта өзі тағайындап, өзі қызметінен босата алады екен.

Дәл қазір Астанада қос палатаның депутаттары үстел үстіндегі заң жобаларын ысырып тастап, президент ұсынған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық заңның жобасын талқылап жатыр. Өйткені, президент конституциялық заңның жобасын бір аптаның ішінде қабылдауға тапсырма берді. Ал парламент депутаттары заң жобасын сейсенбі күні қолдарына алмай жатып, бірінші оқылымда мақұлдап үлгерді. Енді мамырдың 18-күні екінші оқылымға шығару керек. Айта кету керек, бірінші оқылым кезінде конституциялық заң жобасының мақұлдануына бір-ақ депутат қарсы болды. Ол – Мәжіліс депутаты Болат Әбішов. Депутат Әбішов конституцияға енгізген өзгерістер мен толықтыруларды жіті қарап шыққаннан кейін өзінің көңілі толмаған жайттарды аңғарғанын айтады. Ол конституциялық өзгерістер елді президенттік-парламенттік басқарудағы мемлекетке алып келеді деп айтуға болмайтындығын айтады:

– Мәселе атауда емес. Ешқандай өзгеріс жасамасақ та президенттік-парламенттік билік деп атауға болады.

Депутат Болат Әбішов ең бірінші конституциялық заң жобасының кейбір баптарында, керісінше, парламенттің құзыретін президент өзіне алғанын байқапты. Оның біріншісі, заң шығару бастамасының құқығы президент пен мәжіліске берілген. Ал қазіргі қолданыстағы Конституцияда заң шығару бастамасының құқығы Үкімет пен Мәжілісте делінген. Депутат Болат Әбішов «енді депутаттар өздері заң жобасын ұсынатын болса, алдымен президентпен келісу керек болады» дейді. Екіншісі, президент Орталық сайлау комиссияның, Конституциялық Кеңес төрағасының және бюджетті қадағалайтын есеп комитетінің төрағасын тікелей өзі тағайындап, өзі қызметінен ала алады. Қазіргі Конституция бойынша, аталған мекеменің төрағаларын тек президент ұсына алатын, ал оларды тағайындау Мәжілістің құзыретінде. Үшінші, Мәжіліс депутаты Болат Әбішов байқаған өзгеріс президент кез-келген уақытта парламентті таратуға құқылы болады екен:

– Конституциялық заңның жобасында президент Үкімет басшысымен және Парламент палаталарының төрағаларымен кеңескеннен кейін парламентті немесе парламент мәжілісін тарата алады. Яғни, кешке, шәйдан кейін.

Ал қазіргі қолданыстағы Конституцияда президент парламентті себепсізден себепсіз тарата алмайтынын баса айтады депутат:

– Парламент пен биліктің басқа тармақтары арасындағы еңсерілмейтін келіспеушілік салдарынан саяси дағдарыс болғанда парламент таратылады.

Сонымен бірге Мәжіліс депутаты Болат Әбішов парламентті оңай тараудың тағы бір жолын Конституцияға енгізгелі отырғанын айтады:

– Егер де Үкімет бюджеттің орындалуы жайында есеп берген кезде, есеп парламент тарапынан бекітілмесе, онда ол парламенттік сенімсіздік деп көрсетіледі. Ал былай қарасаңыз, ол Үкіметке пайдалы. Көбінесе парламент таратылады.

Ал Мәжілістің енді бір басқа депутаттары үшін үшінші шақырылымдағы мәжілісті мерзімінен бұрын таратады ма, жоқ па деген сұрақ маңыздырақ болып тұр. Өйткені, Мәжіліс дәліздерінде көптеген депутаттардың әңгімесі осыған саяды. «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Әлихан Бәйменовтің уәжіне келсек, мәжілісті тезірек тарқатып, жаңа Конституция бойынша жұмыс жасаған дұрыс.

Енді бірақатар депутаттар партия құруға кірісіп кетті. Солардың бірі – Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов. Ол таяуда «Халық рухы» деген партия құратындығын жария етті. Бірақ ол елде таза сайлау өтетініне сенімсіз. Ал ешқандай партияға кірмейтін Мәжіліс депутаты Тоқтар Әубәкіров «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін болсақ, ескі Конституциямен жұмыс істеу негізсіз. Мәжіліс сөзсіз тарауға келіп тұр. Бірақ өзім партияға кіруге асықпаймын» дегенді айтады.

Ешқандай партияда жоқ депутаттардың бірі – Болат Әбішов. Ол таяуда өзінің бір партияға кіретіндігін айтты. Бірақ ол әзірге құпия дейді депутат.

«Ал күзде мәжіліс сайлауы көрініп тұрғаны жасырын емес», – дейді Болат Әбішов.

2007 жылдың бюджеті қабылданар кезде Орталық сайлау комиссиясына мәжіліс сайлауына деп қомақты қаражат бөлінген болатын. Бірақ, сол кезде Орталық сайлау комиссияның мүшелері нақты жауап беруден жалтарған еді.
XS
SM
MD
LG