Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.18.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірінде Рахат Әлиевтің министр Мұхамеджанов пен әкім Тасмағамбетовке қарсы жазылған мақаласы жарық көрді. Сонымен қатар, газеттердің бірі «Нұрбанк» төңірегіндегі оқиғаларды гладиаторлардың жекпе-жегіне баласа, тағы бір басылым оған соңғы айлардағы ең шулы жанжал деген баға беріп отыр.

«Нұрбанк» төңірегіндегі жанжалға қатысты осы банктің акционері Рахат Әлиевтің мақаласы «Караван» газетінде жарық көріп отыр. «Соңғы күндері менің өз басыма, отбасыма, әріптестеріме қатты қысым жасалуда» деп бастайды автор. «Менің қарсыластарым жала жабудың нағыз шеберлері. Бүгін мен осындай осындай өнерді жақсы меңгерген екі кісінің атын атаймын. Бұл әкім Тасмағамбетов және ішкі істер министрі Мұхамеджанов» делінген мақалада. «Бұл екеуі қылмыстық алаяқтыққа мықтап шырмалған, оған қатыстыларды Алматыда сотап жатқаны белгілі» деп жазды Рахат Әлиев. Сонымен қатар, мақала авторы банк акционерлерінен ұрланған ақша алдамшы компаниялар арқылы «Алматыжер» мекемесінің қаржылай махинациялары мен жерге қатысты спекуляция әрекеттеріне жұмсалып отырған деп есептейді. «Бір қызығы, ішкі істер министрі осы саладағы кәсіппен айналысады. Тасмағамбетов туралы көп айтудың қажеті шамалы – оның қызметінің жемісін алматылықтар күнделікті көріп отыр» делінген мақалада. Әрі қарай Рахат Әлиев былай деп сабақтайды: «Қарақшылық шабуылға ұшыраған банк акционері ретінде ен олардың жолын кестім. Мен бұл екеуінің байлықты қалай жинағандарын жақсы білемін. Әрине, олар үшін мен аса қауіпті кісімін. Олар болса бұл қауіптен құтылғысы келеді». Сонымен қатар, автор Мұхамеджановтың Әділет министрі болып тұрған кезінде қандай заңсыздықтарға барғандығын жақсы білетіндігін атап көрсеткен. «Тасмағамбетов пен Мұхамеджановтың әрекеттерінің жалғыз нәтижесі – олар өздерінің істеген істері үшін ғана емес, сонымен қатар, менің отбасыма қарсы жалақорлықтары үшін де сот алдында жауап береді» деп түйіндейді Рахат Әлиев «Караван» газетіндегі мақаласын.

Осы тақырыпты «Караван» газетінің тілшілері әрі қарай былайша өрбіткен: «Шын мәнінде не болып жатыр? Қарапайым жауап: куәлерді құрту әрекеті жүргізілуде». Мақала авторы осындай тұжырымның растығын екі дәйекпен дәлелдеуге тырысқан. «Біріншісі – банкке қарақшылық әрекетпен басып кіру жөніндегі сот, айыпталушы үстелінде отырғандар Алматы әкімінің жақын туыстары және алматы полициясының жоғарғы шенді тұлғалары. Екінші дәйек – осы іс бойынша куәгерлердің барлығы не абақтыға жабылады, болмаса полициямен жүздесуден соң реанимация бөліміне түсіп жатады» делінген мақалада. Сонымен қатар, «Караван» газеті И. Тасмағамбетовтың «отбасылық альбомын» жариялап отыр: бір жақында ВИЧ-инфекцияның жаппай таралуына қатысты сотты өтіп жатқан Нұрсұлу Тасмағамбетова, екінші жағында «Нұрбанктің» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов, ал ортасында әкімнің суреті орналасқан.

«Республика» газеті болса «Нұрбанк» төңірегіндегі жанжалды гладиаторлардың күресіне теңеп отыр. «Ежелгі Римде гладиаторлар күресі халық арасында ең кең тараған ойын-сауыққа айналған еді. Тәуелсіз Қазақстанда мұндай сауықтың ролін презилент айналасындағы титандардың жекпе-жегі атқарып жатыр. Соған байланысты титандар мен оның нөкерлерінің әрбір қақтығысы саясаттың маңайындағы халықтың назарын өзіне аудартады» делінген мақалада. «Астананың төңірегіндегі шенеуніктердің сыбырына құлақ түретін болсақ, осы ойын туралы біраз пікірлерді естуге болады. Бірқатар шенеуніктер алматыдағы полицияның әрекетін әкім Тасмағамбетовтың қарсы қадамы ретінде қарастырса, екіншілері жоғарыдан бұйрық болса керек деген болжамдарын жасырмайды. Соған байланысты бұл іске ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың қатысы бар деген ойлар естіліп қалады. Сондай-ақ, астанадағы шенеуніктер президенттің үлкен күйеу баласы мен Алматы әкімінің аталас бауыры арасындағы тартыстан туындаған жанжал мемлекет басшысының қатты ашуына тиіпті» деп жазды «Республика» газеті.

Осы тақырып төңірегінде сөз тарқатқан «Деловая неделя» газеті бірқатар тың мәліметтерді келтіріп отыр. «Ресми ақпарат бойынша, КТК телеарнасының кеңсе-менеджері Виталий Пискунов алаяқтық әдіспен жалған құжаттар жасатқаны үшін айыпталып отыр, «Нұрбанктің» бұрынғы басшылары Ғилымов пен Хасеновке тиесілі жер телімдері Пискуновтың атына рәсімделген. Адвокат Нұрлан Өстеміровтың айтуынша, Пискунов тергеушілерге адвокатсыз жауап берген. Хаттамада ол бұл құжаттарды берлгісіз біреу алып келгенін, және оған ақша үшін қол қойып бергенін айтқан. Пискуновпен кездескен адвокат оны бұған дейінгі адвокатсыз берген куәліктерінен бас тартуға көндірген» деп жазды «Деловая неделя» газеті.

«Панорама» газеті болса «Нұрбанк» төңірегіндегі оқиғаларға соңғы айлардағы ең шулы жанжал деген баға беріп отыр. «Осы жылғы қаңтар айында банк қызметкерлерінің жоғалуымен басталған бұл жанжал соңғы күндері жаңаша сипатқа ие болды» делінген мақалада. «Үш ай көлемінде бұл іске қатысты халыққа ешқандай ақпарат берілмей келген еді, енді оқиғалардың легі аяқ астынан күшейіп шыға келді. Соған қарамастан әлі де болса бұл жағдайлар халыққа мейлінше түсініксіз болып отыр» деп жазды «Панорама» газеті.
XS
SM
MD
LG