84 миллион доллар келісіміне қол жеткізу мақсатында жүргізілген келіссөздерде Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаев ерекше роль атқарды. Әрине, Саудабаев қазақ президентінің мақұлдауынсыз бастаманы қолға алмас еді. Ал келісімге қол жеткізілісімен Қанат Саудабаев дереу Қазақстанға жоғары қызметке жылжытылды. 15 мамыр күні ол мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалды. Бұл билік сатысында бесінші орындағы лауазым.
Қазақстанның бұрынғы бас министрі, қазір Еуропада бас сауғалап жүрген Әкежан Қажыгелдин Қанат Саудабаевтың ақшаны қайтару әрекетін дұрыс деп бағалап отыр. Бірақ, дейді Қажыгелдин, Қазақстан үкіметі бұл ақшаны өзі қадағалай алмай қалды:
- Бұл ақша енді ешқандай да егеменді ақша емес. Ақша елге оралып жатқан сияқты, бірақ ол ақшаның басқарылуын Қазақстан үкіметі қадағаламайды. Алғашқы баптарында бірқатар заңның бұзылғандығын мойындап, осы келісімге қол қою арқылы Қазақстан үкіметі шын мәнінде өз кінәсін мойындап отыр.
Әкежан Қажыгелдин «Қазақгейт» сотында прокуратураның куәсі болуға келісті. Соттың өзі 2004 жылдан бері бес рет кейінге қалтырылды. Қажыгелдиннің адвокаты болған вашингтондық заңгер Чарльз Бот Қазақстан үкіметі 84 миллион долларға қатысты келісім жасап, пара алынғанын тікелей болмаса да мойындады дейді:
- Мұны біреу басқаша оқи алады деп ойламаймын, себебі Америка Құрама Штаттары «Бұл ақшаның төлем ретінде президент Назарбаевқа берілгендігі анық» дейді. Енді міне Қазақстан АҚШ-пен келісімге келіп, ақшаның Дүниежүзілік банк бақылауымен оралуына келісті. Осылайша қазақ үкіметі «Біз жоғалған ақшаны алуыңызға рұқсат береміз, біз ақ туды желбіретіп, қол көтердік» дейді. Әдетте компромиске келу арқылы екі жақ та бір нәрсеге қол жеткізеді.
Бұл іс туралы Қанат Саудабаевтың пікірін білу мүмкін болмады, ол кісі «Азаттық» радиосының көптеген өтінішіне құлақ аспады. Қазақстан елшілігінің қызметкері Роман Василенко болса 84 миллион доллар пара деп аталатын шоттағы ақша жөнінде Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның көзқарастары әр түрлі, екі ел арасында заң дауы орын алған дейді. Роман Василенко «Бота» қорын құру келіссөзі ұзақ жалғасты, бұл жерде техникалық жақтарды сөйлесу көп уақыт алды дейді:
- АҚШ, Швейцария және Қазақстан үкіметтерін, сондай-ақ, Дүниежүзілік банк сияқты көптеген халықаралық мекемені араластыру керек болғандықтан, «Бота» қорын құруға қатысты талқылау әжептәуір ұзаққа созылды. Мұнда көптеген ел үкіметтерінің көзқарастары қамтылған. Бұған қоса, барлық жақтар осы қордың құрылуына қатысты неше түрлі техникалық мәселені шешуі керек болды. Сондай-ақ, жобаның жалпы мақсаттарын жақсырақ алға тарту үшін нақты қандай бағдарламаларды іске асыру керек деген мәселе де қаралды.
Қазақстан елшілігіндегі Роман Василенко келісімнің заң жағын сипаттаудан бас тартты, бұл жайында Вашингтонда тұратын заңгер Рэйд Уайнгартенмен хабарласыңыздар деп жол сілтеді. Жалпы, Рэйд Уайнгартен «Қазақгейт» дауы шыққан соң 2000 жылдан бері осы мәселеге қатысты Қазақстан үкіметіне адвокат болып келеді. Рейд Уайнгартен өзін кеңсе қызметкерлері араласқан қылмыс істері бойынша адвокатпын деп таныстырады, ол әсіресе қоғам алдында жасалған коррупция мен парақорлық істері бойынша маманмын дейді. Рейд Уайнгартен биыл және былтыр Америка Құрама Штаттарында ең мықты адвокаттардың тізімдеріне кірді. Қазақстан үкіметіне дәл Рэйд Уайнгартен сияқты тәжірибелі қорғаушы өте керек болған сияқты, өйткені ол Қазақстан президенті пара алыпты деген күдікке қатысты саяси нұқсан келтіретін айыптауларды жоққа шығаруға міндеттелді.
Президент Назарбаевты «Қазақгейт» ісі бойынша тергеуден аулақ қылу мақсатында 2001-2002 жылдары қатты науқан жасалды, Рейд Уайнгартен науқанға айтарлықтай үлес қосты. Алайда Рэйд Уайнгартен тергеу ісін Назарбаевтан алшақтата алмады, бірақ бұл іске қатысты кейінгі оқиғалар және Джеймс Гиффеннің адвокаттары жасаған сәтті қадамдар істі Назарбаевтан алыстатқан көрінеді. Қазақ үкіметі жалдаған Рейд Уайнгартен сияқты америкалық адвокаттар Нью-Йорк сотының тергеуіне Назарбаев және Қазақстанның басқа да жоғары басшыларының ілінгені ашық жариялануы мүмкін деп мазасызданды.
2001-ші жылы Рэйд Уайнгартен «Қазақгейт» ісін жүргізген АҚШ прокурорларымен кездесіп, Назарбаевқа айып тағылмаса деген мақсатына кепілдік алуға тырысты. Рэйд Уайнгартеннің стратегиясы іске асқан сияқты. Тергеу құжаттарында Назарбаевтың есімі тергеуге жататын тұлға емес, пара алған тұлға ретінде ғана көрсетілді. Рейд Уайнгартен 84 миллион доллар туралы келісім жайында радиомызға ешқандай сипаттама айтпай қойды, радиомыздың бірнеше өтініші қараусыз қалды. Ол кісінің хатшысы Памның айтуынша, Рейд Уайнгартен іс бойынша қазақ үкіметі ақпарат жариялаған болатын, қазақ үкіметінен сұрастырған жөн деп бұрыштама соқты. Ал енді бұл іс бойынша басқа мамандар не айтады екен?
«Шетелдегі коррупция туралы» АҚШ заңы жөнінде кітап жазған заңгер Дональд Зариннің айтуынша, шетел ресми өкілдеріне пара берілсе, АҚШ үкіметі оны ауыр қылмыстық іс деп қарайды. Ал енді «Қазақгейт» ісіндегі айыпталушы Джэймс Гиффен аталған заң бойынша сотталып отыр. Мұның бір себебі – шетел ресми өкілдеріне пара беру бәсекелестікті тежейді, экономика дамуына кері әсерін тигізеді. Бірақ, Америка Құрама Штаттарының заңы пара алған шетел ресми өкілдерін жазалауды мақсат тұтпайды, заңымыздың ерекшелігі осындай, - дейді Дональд Зарин:
- АҚШ заңы пара алғанды емес, пара бергенді жауапқа тартуды мақсат тұтады. Заң пара берген тарапты жазалауды көздейді. Заң шетел ресми өкіліне қарсы тергеу жүргізуді мақсат тұтпайды, себебі бұл сыртқы саясатта бірқатар мәселе көтеруі мүмкін, көптеген алаңдаушылыққа жол ашуы мүмкін. Сондықтан заң пара алған шетел ресми өкілдеріне қарсы емес, парақорлыққа қатысқан АҚШ компанияларына қарсы бағыталған. Дегенмен, мұндай пара беру мен пара алу істері шетелдердің заңдарын да бұзу деп қарастырылады, әлемнің кез-келген елінде солай болуға тиіс.
Осы кезеңде Қазақстан үкіметі өз елінде коррупцияға қарсы бірнеше науқан бастады. Коррупцияға қарсы заңға қоса, 2000 жылы Қазақстанда жемқорлықпен күресетін арнайы комиссия құрылды. Бірақ бұл комиссия «Қазақгейт» ісімен ешқашан айналыспады, Қазақстан үкіметі «Қазақгейт» - Америка Құрама Штаттарының ішкі шаруасы деп келеді. Ал 2006 жылы қыркүйек айында президент Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды. Назарбаев АҚШ әкімшілігінде жылы қабылданды. «Қазақгейт» мәселесі АҚШ ресми өкілдерімен жасалған келіссөздерде қаралмаған сияқты, бұл жайында ешқандай ресми хабарлама болған жоқ.
АҚШ-та орналасқан «Фридом Хаус» қоғамдық ұйымының Орталық Азия бағдарламасы бойынша жетекшісі Александр Гупман Назарбаев өз сапары барысында «Қазақгейт» ісіне қатысты айыптаулардың мүлде жойылатынына өте сенімді болған шығар дейді. Көптеген талдаушының айтуынша, 2006 жылы АҚШ-қа жасаған сапарынан кейін Назарбаевтың өз-өзіне деген сенімі көбейді және ол «Қазақгейт» ісіне байланысты сотқа шақырылмаймын деген сенімге кірді. Александр Гупман 84 миллион доллар туралы келісім президент Назарбаевтың екінші жеңісі боп табылады дейді. Және де бұл «Қазақгейт» ісіне араласқан барлық тараптарды судан құрғақ шығарып отыр, - дейді Александр Гупман. Бірақ енді 84 миллион долларды Қазақстанға қайтару келісімі «Қазақгейт» ісінің сотына қалай әсер етуі мүмкін? Сарапшылар бұл жайында қарама-қайшы пікір айтады.
Джэймс Гиффеннің адвокаты Уиллиям Шварц бұл іске байланысты және 84 миллион доллар келісімінің сотқа қалай әсер етуі мүмкін жөнінде пікір білдіруден бас тартты. 2006-шы жылы қыркүйек айында Гиффеннің тағы бір адвокаты Стефен Коэн менің клиентім айыпсыз, мұны сотта дәлелдеуге дайынбыз деп мәлімдеді.
Ал Әкежан Қажыгелдиннің адвокаты болған Чарльз Боттың пікірінше, Джеймс Гиффеннің адвокаттары 84 миллион доллар туралы келісімді алға тартып, «Қазақгейт» ісін жаптыруға әрекет жасауы мүмкін. Бірақ олардың әрекетінен түк шықпас, дейді Чарльз Бот:
- Америка Құрама Штаттарының үкіметі коррупцияға қарсы күресуге берік. Олар осы коррупция ісін кері айналдыруда қазір өте олжалы болып жатса да, ақшаны Қазақстан халқы сияқты нақты иесіне қайтарып, істі бұруға әрекет жасап жатса да кінәлі адамдарды жазалау қажет деген мәселе әлі шешілген жоқ.
«Фридом Хаус» ұйымындағы Александр Гупман бұл келісім «Қазақгейт» ісіне міндетті түрде әсер етуі мүмкін дейді. Александр Гупманның болжамдауынша, ендігі негізгі мәселе айыптылардың жазасы қандай болады дегенге бұрылады. Джеймс Гиффен айыпты деп табылса да, табылмаса да, парақорлық ісінде құрбан болған Қазақстан халқына ақшасы қайтарылып жатыр, - деп зейін қояды Александр Гупман:
- Істің жаза тағайындау кезеңінде олар үшін ешқандай мүмкіншілік болмайды. Себебі Джеймс Гиффен және іске қатысы бар басқа адамдар айыпты деп табылса оларға қарсы қатты шара қолданылады.
Нью-Йоркте орналасқан Федералды Сотта баяу жүріп жатқан бұл іс «Қазақгейттің» саяси салмағын азайтқан сияқты. Үш үкімет арасындағы жаңа келісім «Қазақгейттің» күшін одан сайын әлсіреткендей. Қазақстан оппозициясының басшысы Әкежан Қажыгелдин «Қазақгейт» ісін тарих таразысына салудың уақыты келеді дейді. Өйткені кез-келген саяси тұлғаның мұрасы абырой-беделінде болады, дейді Қажыгелдин. Оның айтуынша, Назарбаевтың тым-тырыс жүруі теріс нәтиже беруі мүмкін:
- Бұл үнсіздік өте қауіпті. Егер адам бір нәрсені жасырса, орын алып жатқан оқиғаларға байланысты түсініктеме бермесе, немесе қоғаммен бірге ақиқатқа жеткісі келмесе, ол өзі тындырған шаруасының тұтқынына айналады. Ол барлық қылықтарды бір өзі ғана жасаған жоқ қой. Елдің кез келген жаңа саяси басшылығы бұл уақыт аралығын қайта бағалаймын дейді, олай жасауға оның тарихи құқығы болады.
Міне, «Қазақгейт» дауына қатысты сарапшылар, даудың басы-қасында жүрген заңгерлер, саяси тұлғалар осындай болжамдар жасайды. Ал енді Қазақстан президентінің әкімшілігі бұл іске байланысты ешқандай сипаттама айтпай келе жатыр.