Accessibility links

КТК телеарнасының жетекшілері қай жерде екенін әріптестері білмей отыр


КТК телекомпаниясының жетекшілері Әділ Шәріпов пен Руслан Жемковтың жоғалғандығы туралы ақпарат тарады дүйсенбі күні Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, халықаралық іздеуде жүрген Рахат Әлиевке қарасты Интернет-сайттарда. Телеарна акционерлері атынан тараған бұл ақпаратта КТК телеарнасы төңірегінде "криминалды террор" орын алғандығы айтылып, халықаралық ұйымдардың осы жағдайға назар аударуын сұраған. Қазақстандағы сөз еркіндігінің жағдайына бақылау жүргізетін "Әділ сөз" қоғамдық қорының өкілдері, КТК телеарнасы бойынша саяси ойын жүріп жатыр десе, Қазақстан журналистер Конгресі қызметкерлері телеарнаға қатысты жағдай медиа-қауымдастықтың наразылығын тудыратынын айтады.

Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, үстінен қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу салынған Рахат Әлиевке қарасты «Kazakhstan Todey» ақпарат агенттігінің «Gazeta.kz» интернет сайты өткен жұма күнінен бері еелдегі кейбір провайдерлер ауқымында ашылмайды. Ал осы агенттіктің сайтының көшірмесі болып табылатын, Қазақстан ауқымынан тысқары жердегі серверде орналасқан «Kaztodey.com» сайтында мамырдың 28-і күні КТК телеарнасының кейбір жетекшілері жоғалғандығы туралы хабар жарияланды. Онда мамырдың 25-і күні Алматы қаласы ішкі істер басқармасының жедел-жасақ қызметкерлері КТК телеарнасының әкімшілік директоры Әділ Шәріповті ұстап, белгісіз бағытта алып кеткендігі, ол әлі күнге дейін Алматының ешбір тергеу абақтысынан табылмай отырғандығы айтылған. Оған қоса КТК телеарнасының бас директоры Руслан Жемковтің туған-туыстары да алдыңғы жұмадан бері одан хабар-ошар ала алмай отырғандығы баяндалған.

«Телекомпанияға қарсы нағыз криминалды террор орын алып отыр» деп жазылған бұл ақпараттың соңында халықаралық, қоғамдық ұйымдардан көмек сұраушылар қатарында телекомпания иесі Рахат Әлиевтің, КТК бақылау кеңесі мүшелері Андрей Шуховтың, академик Мұхтар Әлиевтің, Әлнұр Мұсаевтың [ол бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған], директорлар кеңесінің төрағасы Александр Шуховтың аты-жөндері жазылған. Бірақ бұл әзірге дәлелденбеген, әдейі жіберілген ақпарат болуы мүмкін дейді Қазақстан телерадиохабар таратушылар қауымдастығының басшысы Айдар Жұмабаев.

Оның айтуынша, мәлімдемеде аттары аталған әкелі-балалы Әлиевтерден өзге ағайынды Шуховтар «шетелдерде жүрсе керек». Дүйсенбі күні Алматы қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі КТК басшыларының жоғалғандығы туралы ақпараттан бейхабар екендіктерін айтса, сол күні журналистермен Астанада кездескен Ішкі істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Бағдат Қожахметов былай деді:

- Кейбір ақпарат құралдары «адамдар жоғалып жатыр» дейді. Олар жоғалып жатқан жоқ. Тергеу жұмыстары бойынша ол кісілер шақырылып жатыр. Ешкім ешқайда жоғалған жоқ!

Дегенмен, Ішкі істер министрлігі мәлімдемесінде жоғалды деп хабар тарап отырған азаматтардың нақты қайда екендігі туралы сол күйі ашып айтылған жоқ. Қазақстан журналистер Конгресінің заңгері Қанат Сахарьянов КТК телеарнасы жетекшілерінің жоғалуы осыған дейін КТК телеарнасы мен «Караван» газеттеріне жасалған қысыммен өзара байланысты дейді:

- Бұл - криминал. Егер ішкі істер басқармасында олардың қайда екендігін білмесе, криминалдан басқа не болуы мүмкін? ...Бұған дейін «Караван» газетін жапқандары да түсініксіз күйінде қалды. «КТК» телеарнасы болса, барлық заңдарды, соның ішінде «БАҚ туралы» заңды бастан-аяқ орындап келген жалғыз телеарна болатын. Олай болса, неліктен олардың және басқа телеарналардың заңды, тіл тепе-теңдігі нормаларын қалай сақтағанын бірдей тексеріп көрмеске? Меніңше, жоғарыдан «жабу керек» деген бұйрық түсті, сонан соң оларды жапты. Ал сөз бостандығы дегеннің бәрі – жалаң декларация ғана! Ал бұл медиа-қауымдастықтың наразылығын тудырады. Егер бүгін осы телеарнаны жапса, ертең басқасын жабады.

Ал халықарлық «Әділ сөз» қоғамдық ұйымының сараптау орталығының басшысы Ғалия Әженова КТК телеарнасы мен оның басшыларына қатысты жағдайды сөз бостандығымен байланыстырмайды. Оның пікірінше, қазір бұл төңіректе саяси ойын жүріп жатыр:

- Егер бір тапсырма болып, құқық орындары оларды шын мәнінде алып кететін болса, онда олар осындағы бір заң мекемесінен шығар еді ғой?! Ал олардың болмауы нені көрсетеді? Бұл – телеарна маңындағы, соған қатысты адамдардың ойындарын жалғастырып жатқандығы. Олар бұған дейін мемлекет саясатымен келіспейміз деген сияқты мәлімдемелермен ешқашан шықпаған, күдік тудыратын жағдайға ұшырап көрмеген. Яғни, олар - сырт көзге тәуелсіз боп көрініп, өздері бір топқа тәуелді болып отырған телеарна.

Өткен аптада Рахат Әлиевке қарасты «КТК» телеарнасы мен «Караван» газеттері прокуратурасы талабымен жұмысын 3 айға уақытша тоқтатылған болатын.
XS
SM
MD
LG