Accessibility links

Жолдас Темірәлиевтің отбасы Австрия үкіметінен Рахат Әлиевке саяси баспана берілмеуін сұрайды


Із-түзссіз жоғалып кеткен «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтің отбасы, Алматыда мамырдың 29-ы күні, қазір қылмыстық іздеуде жүрген Қазақстан президентінің күйеу баласы Рахат Әлиевке саяси баспана бермеуді сұрап, Қазақстанның Австриядағы елшілігіне арнаған жазған хатты жария етті. Онда жоғалған банкирдің туған-туыстары Рахат Әлиев пен оның адамдарының сот алдында жауап беріп, ең бастысы - банкирлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің қайда екендігін айтуын талап етті. Ал «Нағыз Ақ жол» партиясы болса, Қазақстанда 2005-2006 жылдары оппозициялық саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің опат болуына Рахат Әлиевтің қатысты болуы мүмкіндігі жайлы барлық ақпарат-деректерді мұқият зерттеп, осы даулы істерді қайта қарау мәселесін талап етіп отыр.

«Қазақстандағы соңғы оқиғалар заңсыздық пен бассыздық деңгейі өзінің шегінен асып кеткендігін көрсетті» деген сөйлеммен басталған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің мамырдың 28-ы күні кешкісін интернет арқылы таратқан мәлімдемесі. Онда Әлиев елде адамдардың прокурордың санкциясынсыз ұсталып, полиция учаскелерінде азаптап жатқаны туралы сенімді деректер барын хабарлаған. Мұның бәрі, оның пікірінше, өзінің қайын атасы - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен жүзеге асуда. Оған қоса, президенттің күйеу баласы өзінің азаматтық құқықтарының бұзылып, медиа-бизнесінің күйреп, компанияларының тартып алынғанын тілге тиек еткен. Рахат Әлиев өзіне қарсы енді ойға сыймайтын айыптар тағылып, президент науқанына қатысу құқығынан айырылып қалатындығын болжайды. Сондықтан, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Әлиев мырза қазіргі жағдайда елге оралмайтындығын айтыпты. Ал, мамырдың 29-ы күні «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының бірі, із-түзссіз жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиевтің отбасы Австрияның Қазақстандағы өкілдігіне Рахат Әлиевке саяси баспана берілмеуін сұрап, үндеу жариялады. Бірақ ол үндеуді табыс етуге барған банкирдің туыстары соған дейін орналасқан жерден шетелдік өкілдіктің ізін де таба алмады. Жолдас Темірәліиевтің әйелі Армангүл Қапашева ол хатты БАҚ өкілдеріне көзіне жас алып тұрып оқыды:

- Құрметті консул мырза! Мен, Армангүл Қапашева – жасы кәмелетке толмаған үш баланың анасы, туған-туыстарым мен жоғалып кеткендердің жақындары атынан біздің өтінішімізді өз үкіметіңізге жеткізуіңізді өтінеміз: Рахат Әлиев пен оның адамдарына саяси баспана бермей, ешқандай көмек көрсетпеулеріңізді сұраймыз! Мен және менің туыстарым 3 айдан астам уақыт бойы күйеуім Жолдас Темірәлиевтің ұрлануы бойынша мұқият тергеу жүргізуді сұрадық. Бұл жерде ешқандай саясат жоқ. Әлиев пен оның адамдары қылмыстық іс бойынша айыпталғандықтан, сот алдында тұруы тиіс. Ең алдымен менің күйеуім Жолдас Темірәлиев пен оның әріптесі Айбар Хасенов қай жерде еркінен тыс ұсталып отырғандығын көрсетсін! Мен және ұрланған адамдардың туыстары Жолдас пен Айбар тірі, олар өз отбасыларына оралады деп сенеміз әрі үміттенеміз.

2006 жылы ақпан айында Алматыда қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы да Рахат Әлиев сот алдында басқа істер бойынша да жауап беруі тиіс дегенді айтты «Азаттық» тілшісіне. Осы орайда ол «Нағыз Ақ жол» партиясының оппозициялық саясаткерлер Заманбек Нұрқаділовтің, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қазасына Рахат Әлиевтің қатыстылығы болу мүмкіндігі тұрғысынан осы істер қайта қаралуы керек деген талабымен толық келісетіндігін айтты.

- 2006 жылдың 11-ақпан күнгі қылмыс бойынша соған қатысқан, тапсырыс берушілер толық ашылған жоқ. Бұл жерде күдіктенетін адамдарымызды айтқанбыз: соның бірі – Рахат Әлиев. Оны және сол сияқты адамдарды тергеу орындары шақырған жоқ, тергеу де дұрыс жүргізілген жоқ... Рахат Әлиев күдікті сейілту үшін сотқа өзі келіп, жауап беруі керек еді. Бірақ оның ондай қадамға бармауы Рахат Әлиевтің сол іске қатыстылығы туралы күмәнімізді күшейтті. Енді қазіргідей «Нұрбанк» бойынша Рахат Әлиев пен оның төңірегіндегілердің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан кезде осы іс қайта қаралуы тиіс! Сонда ғана жұрттың көңіліндегі күдік бір жағына шығады, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комитеттің төрағасы, Жалпыұлттық Социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай Рахат Әлиев төңірегіндегі жағдай ең алдымен элиталық қақтығыспен байланысты болғандықтан, кінәлілердің жауап беруі де жеке тұлғалар арасында болатын келіссөздер нәтижесіне байланысты болады дейді:

- Бір-бірімен қырқысып жатқан топтар арасындағы қарым-қатынас әрі қарай қалай болады? Егер олар бір-бірімен келісімге келіп, ымыраласса, қылмыстық істің де сол ымырашылдықпен жылы жабылып қалуы мүмкін деген ой мені қатты алаңдатады...

Рахат Әлиевтің өзі болса, «қазіргі жағдайда тек өз-өзіне қол салатын адамдар ғана елге оралатындығын, өзінің ондай топқа жатпайтындығын» мамырдың 28-і күнгі мәлімдемесінде айтқан.

Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс мамырдың 23-і күні «адам ұрлау» фактісі бойынша қозғалған болатын.
XS
SM
MD
LG