Accessibility links

Рахат Әлиев Еуропадан саяси баспана таба ала ма?


Қазақстан президентінің күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев саяси иммунитетінен айырылып, енді оған қатысты заңдық шаралар жүзеге асырыла бастамақ. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Австрияның Қазақстандағы өкілдігінен бейсенбі күні хабарлады. Ал Қазақстанның ішкі істер министрлігі Рахат Әлиев және іздеуде жүрген тағы бірнеше адам қазір оның Венадағы жеке меншік үй-жайында екендігін айтып отыр. Қазақстандық құқық органдары қылмыстық іс бойынша құжаттардың бәрі Австрия жағына беріліп, енді олардан ресми жауап күтіп отырғандарын хабарлады.

«Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының бірі, биылғы жылғы қаңтар айының соңында із-түзсіз жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева мамырдың 30-ы күні бірқатар еуропалық мемлекеттер өкілдерімен кездесіп, Қазақстан президентінің күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке бұл елдерден саяси баспана бермеу туралы мәселені көтергендінін айтады. Қапашева бұған дейін журналистерге өзі жария еткен өтініш-хатын Австрияның Қазақстандағы өкілінің қолына ақыры табыстағанын хабарлады.

- Біз кеше түс кезінде ақыры Австрияның консулын тауып, оған хатты табыс еттік. Бұған дейін консулдыққа барғанымызда, ол бізбен бірге келген көп журналистерді көріп, бізді қабылдамапты. Кеше кездескенімізде ол хатты өз үкіметіне беретіндігін, Қазақстанның әділет министрлігінің де Әлиевті қайтару жөнінде хат жолдағанын айтты. Оған қоса мен сол күні Қазақстанда жүрген Еуропарламенттің депутаттарымен кездестім. Олардан да Рахат Әлиевке ешқандай қолдау көрсетпей, саяси баспана бермеулерін сұрадым. Еуопарламент депутаттары да Рахат Әлиев туралы оқиғаны естіп, жағаларын ұстады, олар біздің өтінішімізді өз үкіметтеріне жеткізетіндіктерін айтты, - деді Армангүл Қапашева мамырдың 31-күні «Азаттық» радиосына.

Австрия өкіметінің Рахат Әлиевті дипломатиялық иммуниттеттен айырғандығын, яғни, оған қатысты заң орындарының әрекеттеріне жол ашылғандығын айтты Австрияның Қазақстандағы құрметті консулы Клаус Райнхоффер бейсенбі күні «Азаттық» радиосына:

- Алдыңғы күні Австрия консулдығы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен Рахат Әлиевтің саяси иммунитеті жоқтығы туралы ақпарат алды. Енді қазір Австрияның федералды әділет министрлігі осы іспен айналысып жатыр. Яғни, Рахат Әлиев Қазақстанның ресми елшісі емес. Сондықтан, ол саяси иммунитетінен айырылғандықтан, криминалды процесс немесе заңдық шаралар жұмыс істей алады, - дейді Австрия консулы Клаус Райнхоффер.

«Бұл істің заңдық жағы мен Рахат Әлиевтің қазіргі жағдайы бойынша жауапкершілік Австрияның Әділет министрлігіне жүктелгендігін» айтты Австрия Сыртқы істер министрлігінің спикері Джордж Шмецер Венадан телефон арқылы «Азаттық» тілшісінің сауалына мамырдың 31-күні берген жауабында.

Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі әзірге ешқандай ақпараттары жоқтығын айтып отыр:

- Сол тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Одан басқа ақпарат жоқ...

Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз-қызметінің басшысы Бағдат Қожахметов Рахат Әлиевтің саяси иммунитетінен айырлағандығын растады. Оның айтуынша, «бұрынғы елші қазір Венадағы жеке-меншік үйінде. Австрия үкіметінің рұқсатынсыз оның жекеменшік үй-жайының ауқымына кіруге болмайды», сондықтан, Австрия үкіметінен «бүгін-ертең келуі тиіс» ресми жауапты күтіп отырғандарын айтады Ішкі істер министрлігінің өкілі.

- Бас прокурордың орынбасары бастаған біздің тергеу тобымыз қазір Венада. Қылмыстық іс бойынша барлық құжаттарды Австрияның прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне және Интерпол деп аталатын Австрияның өкілетті орындарына тапсырған. Біз қылмыстық іс бойынша іздеуге бірген бірнеше адам қазір Венада ана кісінің қасында. Енді Австрия үкіметінің ресми шешімін күтіп отырмыз, - деді Бағдат Қожахметов.

Мамырдың 30-ы күні «Рейтер» агенттігі, Австрия ресми өкілдеріне сілтеме жасай отырып, Рахат Әлиевтің Австрия үкіметінен саяси баспана сұрағандығы туралы ақпарат таратты. Алайда, бұл ақпаратты әзірге Австрияның Сыртқы істер министрлігі де, Қазақстандағы Австрия өкілдігі де, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де, Ішкі істер министрлігі де растаған жоқ, жоққа да шығармады.

Тәуелсіз журналист, «Дат» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи қазір Қазақстан қоғамында Рахат Әлиевтің әрі қарайғы тағдыры бойынша ресми нұсқадан өзге екі болжам бар екендігін айтады:

- Біріншісі – Рахат Әлиевтің осы іске қатысы болды деген сөз алғаш шыққан мамырдың 10-12-сінде ол жоғалып кеткен шығар. Еуропа елдерінде болмаса, Азияда, Ливанда, Таяу Шығыстағы толқу болып жатқан елдердің біріне кетіп қалуы мүмкін. Себебі, Назарбаев өзінің бір қолын шауып тастамас, сондықтан, алдын-ала келісім боғлан шығар. Екінші жағынан, оқ атты, өзін-өзі атып өлтірді деген жағдайлар болуы мүмкін. Себебі, Рахат Әлиев – із-түссіз жоғалған банкрирлер Темірәлиев пен Хасеновті ұрлауға қатысқан күдікті ғана емес, ол Қазақстанның жоғарғы билігінің былығын әшкерелейтін көптеген материалдарды білетін, кезінде қауіпсіздік саласында жұмыс істеген адам. Сондықтан, Рахат Әлиевті ұсталғанға дейін құртып жіберуі мүмкін.

Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы және ЕҚЫҰ-дағы өкілі Рахат Әлиевке Қазақстан мамырдың 28-і күні халықаралық іздеу жариялаған еді. Оған қарсы қарсы қылмыстық іс қозғалып, адам ұрлады деген айып негізінде күдік келтіріліп отыр. Алайда, Рахат Әлиев мамырдың 26-күні Интернет арқылы таратқан мәлімдемесінде, өзінің саяси себептермен, яғни, 2012 жылы президент сайлауына қатысуға ниеті бар екендігін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа білдіргеннен кейін қуғынға ұшырағанын хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG