Accessibility links

Еуроодақ өкілі Пәкістандағы толқулар “Талибанға” қарсы күреске бөгет болып тұр дейді


Еуропа Одағының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Франсеск Вендреллдің мәлімдеуінше, Пәкістанның тайпалық аймақтарындағы толқулар тәліптердің Ауғанстанға кіруін тоқтатуды қиындатып отыр. Өткен жылы Пәкістан үкіметі тәліптердің екі ел арасындағы шекарадан өтулерін тоқтату мақсатында өз еліндегі тайпалық аймақтардың ресмилерімен келісім жасаған болатын. Пәкістандағы толқулар енді сол келісімге кедергі келтіріп отыр, дейді Вендрелл. Бұл туралы ол “Азаттық” радиосының тілшісіне берген сұхбатында айтты.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ: Еуроодақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі ретінде сізді таяуда Пәкістанның тайпалық аймақтарында орын алған толқулар алаңдата ма?

Франсеск Вендрелл: Бұл, әрине, алаңдататын мәселе. Толқулар біраз уақыт бойы алаңдаушылық туғызып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы бұрынғыдан да жиі хабарлап жатыр. Уайымдауға себеп бар, өйткені тайпалық аймақтардағы жетекшілер мен Пәкістан үкіметінің өкілдері бұл мәселені шеше алмай отыр. Көптеген тайпа басшылары өз қауіпсіздіктеріне байланысты ол аймақтан кетіп жатыр. Олардың бірнешеуі өлтірілді. Енді Пәкістан үкіметі тайпа басшыларының және саяси агенттердің дәстүрлі билігін қайта қалпына келтіргісі келеді. Бірақ ол ұзақ уақыт алады деп ойлаймын. Ал бұл екі арада, шекараның екі жағына да, яғни Ауғанстан мен Пәкістан елдеріне зиян келтіріп отырған экстремизм проблемасын шешу керек.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ: Ал бұл мәселе Ауғанстанды Пәкістаннан оқшауландыру әрекеттері үшін нені білдіреді?

Франсеск Вендрелл: Шын мәнінде, Ауғанстанды Пәкістаннан қамалау әрекеті мүмкін емес деп ойлаймын. Бұл 2600 немесе 2400 километрге жететін шекара. Оны құлыптап тастау мүмкін емес. Біз Пәкістан үкіметінен тәліптердің шекарадан өтулерін мүмкіндігінше азайту керек деп сұрап отырмыз. Мұны Пәкістан билігі де орындаймыз деп айтқан , және олар солай жасап отыр. Қуетта сияқты аймақтарда Талибан жетекшілерінің кездесулеріне мүмкіндік берілмеу керек деп отырмыз. Сол жақта олар бұрын кездескен көрінеді.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ: Тайпалық аймақтарда саяси билік жоқ болса қалайша Пәкістан үкіметі тәліптердің шекарадан өтулеріне бөгет жасай алады?

Франсеск Вендрелл: Бұл проблема болып тұр. Тайпалық аймақтардағы саяси билікті қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт кетеді. Әрине бұл мәселенің шешу жолдары бар, мәселен әуеден бақылау орнату сияқты. Бірақ бәрібір тәліптердің шекарадан өтулерін мүлде тоқтату үшін уақыт керек.
XS
SM
MD
LG