Accessibility links

Алматыда Конституциялық өзгерістерге наразылық білдірген тағы екі адамды полиция ұстап әкетті


Қазақстан басшысы Назарбаевтың шексіз мәрте президенттікке сайлануына қарсы азаматтар маусымның 5-күні тағы да Алматыдағы орталық алаңға шықты. Ресми тіркеле алмай отырған «Алға» партиясының белсенділері Татьяна Фоминых және Татьяна Жубровская өздерінің азаматтық ұстанымын білдіріп тұрған сәтінде полицияның қолына түсті. Осылайша Алматы қаласында соңғы екі аптаның ішінде негізгі заңға енгізілген өзгертулерге қарсы шыққан 8 азамат ұсталды. Жергілікті құқық органдарының өкілдері болса, жекелеген адамдардың күнделікті наразылық акциясынан шаршағандығын айтады. Ал қала әкімшілігі өткен аптада жалпықалалық шеруді орталық алаңда өткізуге рұқсат бермеген болатын.

Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткіші жанындағы кезекті наразылық шарасы ұзаққа созылған жоқ - бар болғаны бес минут қана. Осындай қысқа уақыттың ішінде-ақ қарсылық білдіруге шыққан екі әйел өздерінің азаматтық көзқарастарын білдіруге, ал оқиға орнына, әдеттегідей, уақытынан бұрын жиналып алатын заң орындарының өкілдері де оларды аса жоғарғы шапшаңдықпен ұстап әкетуге жарады.

Қазақстан билігі әзірге ресми тіркемей отырған «Алға» партиясының белсенділері Татьяна Фоминых және Татьяна Жубровская елде хандық биліктің орнауына қарсы екендерін айтып отыр. Татьяна Фоминыхтың пікірінше, Негізгі заңға енгізілген бұл өзгерістер елді монархияға апарады.

- Бұл хан билігінен кем емес. Және осындай билікті қолдаған Парламентке айтарым жоқ, -дейді Татьяна Фоминых.

Ал Татьяна Жубровская болса құжатпен таныспай жатып, 18 минуттың ішінде маңызды шешім қабылдап жіберген Парламенттен көңілі қалғандығын айтып отыр.

- 18 минуттың ішінде осындай шешімді қабылдап шыққандығына таңым бар. Яғни, құжатпен таныспай жатып қалай шешім шығарған?

Азаматтар өз қарсылығын айта бастаған сәттен-ақ ескерткіштің арғы жағынан мегафон ұстаған жүзі таныс кісі, бергі жағынан қалалық әкімшіліктің өкілі шыға келіп, алаңда тұрған екеудің іс-әрекеттері заңсыз екендігін жеткізді. Бұл екеуі ауыз жиып болмай жатып-ақ полиция майоры екі Татьянаны автобусқа жүруін өтінді. Осылайша кезекті наразылық шарасы сүт пісірім сәтте өтіп шықты.

Алайда құқық органы өкілдерінің өздері соңғы екі аптаның ішінде осындай жекелеген шаралардың жиі өткізілуінен шаршаған екен. Алматының қоғамдық тәртіп басқармасының подполковнигі Батыр Серікбаев алда әлі осындай акциялар жүз рет өтеді-мыс дегенді естіп шошып қалыпты.

- Жүз рет өткіземіз дейді!.. Өздерінің наразылық шеруін бір жерде бір-ақ рет өткізсе болатын еді: біз де шаршамаймыз, олар да шаршамас еді. Қоғамдық тәртіппен айналысатын адамдардың басқа да жұмыстары бар ғой. Одан да әкімшілікке арыз беріп, осындай жерде өткіземіз десе ешкім қарсы шықпайды ғой, - дейді Серікбаев.

Алайда қоғамдық ұйымдар негізгі заңға енгізілген өзгертулерге қарсы өткен жексенбі күні орталық алаңда жалпықалалық митинг өткізуді жоспарлаған еді. Бірақ қалалық әкімшілік қаланың шетіндегі басқа бір жерді ұсынып, азаматтардың өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Осылайша қоғамдық ойын еркін жеткізудегі азаматтардың құқығы бұзылып отыр дейді оппозициялық бағыттағы журналист Андрей Свиридов.

- Бұл шешімнің өзі Конституция ережелеріне қайшы. өйткені, митинг дегеннің өзі әкімшілік ғимаратының болсын, әйтеуір билікке қаратып жасалуы тиіс емес пе. Негізгі мақсат – халықтың пікірін жоғарыға жеткізу емес пе. Ал енді қаланың сыртында өткізгеннен не пайда бар? - дейді Андрей Свиридов.

Парламент депутаттары президент Назарбаевқа шексіз мәрте президенттік сайлауға қатысуға мүмкіндік беретін құжатты осы жылғы мамырдың 18-күні қабылдаған болатын. Бұл заңға көптеген саясаткерлер мен қоғам өкілдері өздерінің қарсылықтарын бұқаралық ақпарат құралдарында, және жекелеген азаматтар көпшілік орындарға шығып, наразылық акцияларын өткізу арқылы білдіріп жатыр.
XS
SM
MD
LG