Accessibility links

Алматыда көпшілік орында өлең оқығаны үшін үш адамды полиция ұстап әкетті


Алматы полициясы маусымның 6-күні Тәуелсіздік монументінің алдында орыс ақыны Пушкиннің туған күніне орай өлең оқу үшін жиналған үш азаматты, атап айтқанда: «Алға» партиясының басшысы Асылбек Қожахметовті, аталған ұйымның белсендісі Нағашыбай Есмұрзаевті және ақын Амантай Ахетовты күштеп ұстап алып кетті. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қоғамдық орындарында рұқсат етілмеген жыр кештерін өткізуге болмайды. Соған қарамастан, жыр сүйер қауым осы орынға енді бір айдан соң 67-ге толғалы отырған ел президенті Н.Назарбаевтың ақындық шығармашылығына арналған кешке жиналуды жоспарлап отыр.

Қазақстан билігі ресми тіркемей отырған «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов өлең оқығанды жақсы көретіндігін айтады. Маусымның 6-күні, яғни орыс ақыны Александр Пушкиннің туғанына 208 жыл толуына орай партия басшысы Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің алдында Пушкиннің және өзге бірқатар ақындардың өлеңдерін көпшілікке оқып берді. Мәселен, Лермонтовтың «Смерть поэта» өлеңі 2006 жылдың басында Алматыда қастандықпен өлтірілген оппозиция көсемі Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына арналды.

Погиб поэт! - невольник чести Пал, оклеветанный молвой, С свинцом в груди и жаждой мести, Поникнув гордой головой!.. Не вынесла душа поэта Позора мелочных обид, Восстал он против мнений света Один, как прежде... и убит! Убит!.. К чему теперь рыданья, Пустых похвал ненужный хор И жалкий лепет оправданья? Судьбы свершился приговор!

Алаңға жиналған көпшіліктің арасында Асылбек Қожахметов секілді поэзияның жанашырлары көптеп табылды. Өлеңдерді осы алаңға жұрттан бұрын келіп, торуылдап жүрген құқық органдарының өкілдері де ерекше ықыласпен тыңдап тұр. Тіпті, «естелік» үшін бейнетаспаға түсіріп жүргендер бар. Әсіресе, жыр кешінің «сәтті» өтіп жатқандығына Асылбек Қожахметовтің өзі де қатты қуанған болса керек, ендігі «мүшәйрә» президент Назарбаевтың ақындық шығармашылығына арналуы мүмкін екендігін айтып қалды.

- Енді тура бір айдан соң - шілденің 6-күні Назарбаевтың туған күні. Сол күні алдын-ала рұқсат алмай, ұран қағаздарымен осында келіп қалуымыз мүмкін, - дейді Асылбек Қожахметов.

Жаңадан қабылданған Конституция бойынша шексіз мәрте президенттікке сайлана алатын Н.Назарбаев биыл 67 жасқа толады. Президент Назарбаев өзінің билікте ұзақ отыруымен ғана емес, сонымен қатар, соңғы жылдары ақындық шығармашылығымен де танымал болып жүр. Мәселен, Н.Назарбаев ҚР мемлекеттік «Менің Қазақстаным» әнұранының авторларының бірі, оның сөзіне жазылған «Елім менің» әні қазіргі күні президенттік «Нұр-Отан» партиясының әнұранына айналды.

Мемлекет басшысының ақындық шығармашылығына арналатын жыр кешіне әлі бір ай бар. Ал бүгінгі Пушкиннің туған күніне орай өткізілген кеш Алматы әкімшілігіне ұнаған жоқ. Жарты сағат бойы оқылған жырларды жалықпай тыңдаған соң Бостандық аудандық прокурорының орынбасары Еламанов бұл жерде өтіп жатқан нәрсе заңға қайшы екенін айтып, көпшіліктен алаңнан тарауын талап етті. Полицейлерге бұйрық беріліп, олар билік ресми тіркемей отырған «Алға» партиясының басшысы Асылбек Қожақметовті, аталған ұйымның белсендісі Нағашыбай Есмұрзаевті және ақын Амантай Ахетовты күштеп ұстап, алаңнан алып кетті.

Бұл уақытта Тәуелсіздік монументі жанына көптеп жиналып қалған жырсүйер қауым полицияның әрекетіне наразылық танытып жатты. Алайда мұндай поэзия кештерін ашып аспан астында заңсыз өткізуге болмайды деді Алматы ішкі істер департаменті қоғамдық тәртіп басқармасы басшыларының бірі, полиция подполковнигі Батыр Серікбаев.

- Поэзия кештерін өткізу үшін әкімшіліктен рұқсат алу керек. Бұл қоғамдық орын ғой. Жабық ғимараттарда өткізсін, оған ешқандай қарсылығымыз жоқ, - деді подполковник Серікбаев.

Бұған дейін Алматы полициясы соңғы екі аптаның ішінде 2007 жылғы мамырдың 18-күні қабылданған Негізгі заңға өзгертулерге өздерінің азаматтық қарсылығын білдіріп, көпшілік орынға цыққан 8 адамды күштеп ұстап, әкімшілік жауапқа тартқан болатын. Олардың алтауына әкімшілік айыппұл салынса, қалған екеуіне сот шешімі маусымның 7-күні шығарылады.
XS
SM
MD
LG