Accessibility links

«Караван» газеті қайтадан жарыққа шығып, КТК телеарнасы келесі аптада жаңалықтар бере бастамақ


Мамырдың 24-күні сот анықтамасымен жұмысы 3 ай мерзімге тоқтаған «Караван» газеті қайтадан шыға бастамақ. Бірақ олар «Нұрбанк» төңірегіндегі оқиға жайында мақала бермейтін болады. Ал сәрсенбіден жұмысын қайта жалғастырған КТК телеарнасы келесі аптадан бастап жаңалықтар бағдарламасын бере бастайды. Бұл туралы «Азаттық» радиосына бейсенбіде хабарлаған «КТК» мен «Караванның» журналистері әлі көп нәрсе бұлыңғыр күйінде қалып, хабарлардың қалай таратылатындығы да, «Караван» газетінің дайын тұрған кезекті санының жұма күні қалай болып жарыққа шығары айқын болмай отырғандығын айтты. Оған қоса КТК телеарнасы қызметкерлерінің сөздеріне қарағанда, бұл телеарнаға сәрсенбі күні жаңа басшы болып Президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Арман Шұраев келген.

Сәрсенбі күні КТК телеаранасы қайтадан эфирге хабар тарата бастағанымен, телеарнаның көпшілікке арналған телефондарының ешқайсысы жауап бермей жатыр. КТК телеарнасының баспасөз хатшысы Валерий Тараканов та бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату міндетінен айрылғанын айтты «Азаттық» тілшісіне.

- Біріншіден, мен енді баспасөз-хатшысы емеспін. Екіншіден, жаңа басшылық қалай шешсе, солай болады. Әзірше ешкім ешнәрсе білмейді. Бізді бұл тақырып бойынша жинаған жоқ. Жаңа бастықты бізге кеше ғана таныстырды. Басқа тағайындаулар болған жоқ, көп нәрсе әлі анық емес. Бірақ сәрсенбі күні толық хабар таратуды бастадық. Келесі аптада жаңалық беруге дайын болыңдар деп ескертті, - деді КТК телеарнасының қызметкері Валерий Тараканов.

Ал осы телеарнаның қазақ қызметінің тілшісі Айша Кеңесбаева қазір барлығы реттеліп, өз орнына келгенін айтады:

- Бәрі қалпына келді. Алдағы аптаның бірінші күнінен бастап жаңалықтар шығады эфирге бұрынғыдай...

Бұған дейін хабарлағанымыздай, КТК телеарнасы хабар таратуын мамырдың 24-і күні кешқұрым сот анықтамасы негізінде уақытша тоқтатқан болатын. Оған «Тіл туралы» заңның орындалмауы себебеп болды деген ақпарат тараған. Дегенмен, оған дейін Алматы прокуратурасы осы телеарна мен «Караван» газетіне «Нұрбанк» оқиғасы бойынша хабар таратпау туралы ескерту жасаған еді.

Маусымның 6-сы күні эфирдегі жұмысын жалғастырған КТК телеарнасы қазір фильмдер мен сериалдарды үздіксіз беруде. Сәрсенбі күні, сондай-ақ, КТК телеарнасының жаңа басшысы болып Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Арман Шұраев тағайындалған. Бұл - Қазақстан президентінің күйеу баласы Рахат Әлиевке тиесілі ақпарат құралдарының басқа қолдарға өтіп жатқандығын көрсетеді дейді жергілікті журналистер.

- «КТК» мен «Караван» төңірегіндегі жағдайды рейдерлік деп атауға болады. Рахат Әлиевті оның іскерлік әрекеттері ашық, таза болмады деп айыптайды, ал өздері оған тиесілі ақпарат құралдарына қатысты сол тәсілді пайдаланады. КТК-ны немесе «Караванды» тендерге қойған жоқ, басып-жаншып алып жатыр. Оның бәрінде биліктің қолы сезіледі. Меніңше, биыл Мәжіліс сайлауы өтеді, соған орай билік барлық ақпарат құралдарын бір қолға жинап жатыр деп Рахат Әлиев өз сұқбаттарында рас айтқан, - деді қазақстандық тәуелсіз журналист Айгүл Омарова.

Сәрсенбі күні сондай-ақ «Караван» газетінің қайта жарыққа шыға бастайтындығы туралы ақпарат тарады. Бірақ, жұма күні газеттің жарыққа шығу-шықпауы әлі белгісіз екендігін жеткізді «Азаттық» радиосына өз аты-жөнін айтқысы келмеген «Караван» газетінің журналисі:

- Қазір жағдай өте күрделі. Біз өзіміз білмейміз. Нөмір дайындалды. Бірақ ол ертең басылып шыға ма, шықпай ма, ол жағын айта алмаймын.

Алматы экономикалық сотының анықтамасы бойынша «Караван» газеті «Нұрбанкке» қатысты оқиғалар бойынша мақала бермейтін болады. Мұны Қазақстан Журналистер Конгресінің заңгері Қанат Сахарьянов сөз бостандығын шектеу деп есептейді.

- Мен соттың неге осы тақырыпты газеттің беруіне тыйым салғанын білмеймін. Өйткені, тергеуге әсер ету - бөлек заң бұзушылық қой. Меніңше, бұл іс туралы хабар таратуға КТК-ға да тыйым салады. Қалай болғанда да, мұның бәрі - сөз бостандығын шектеу. Егер оларға тыйым салса, онда басқа бұқаралық ақпарат құралдарына да дәл сондай талап қойылуы тиіс. Біз осы жағдайдан заңның қандай да бір нормасына сүйеніп, мемлекеттің елдегі кез-келген ақпарат құралын жауып тастай алатындығын көреміз, - дейді Қазақстан журналистер Конгресінің заңгері Қанат Сахарьянов.

Дегенмен, бейсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев интернет пайдаланушылардың сауалдарына жауап бере отырып, КТК мен «Караван» мәселесі тек заң шеңберінде жүзеге асқандығын хабарлады. Құрамына «КТК» телеарнасы, «Караван» газеті кіретін «Алма-медиа» холдингінің негізгі иелерінің бірі – Қазақстан президенті Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, қазір үстінен қылмыстық іс қозғалып, Австрияның астанасында полиция бақылауында жүрген Рахат Әлиев. Ол бейсенбі күні «Алма-медиа» құрылтайшыларының бірі Андрей Шуховпен бірлесіп жариялаған мәлімдемесінде медиа-холдингке кіретін кәсіпорындарды қайта тіркеу бойынша ешкімге құқық бермегенін, ондағы өз үлестерін сатпағандарын айтты. Мәлімдеме авторлары қазір Қазақстанда «Алма-медианы» қайта тіркеу әрекеті жасалып жатқаны өздеріне мәлім болғандығын хабарлаған. «Сондықтан, жекеменшіктен айыру бойынша кез-келген әрекетті біз алаяқтық фактісі деп қарастыруды сұраймыз. Біз сот арқылы өзімізді қорғауға тырысамыз» деп аяқталады Рахат Әлиев пен Андрей Шуховтың мәлімдемесі.
XS
SM
MD
LG