Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ-инфекциясын жұқтырған балалар оқиғасы бойынша айыпталғандарға прокурор 3 жылдан 9 жылға дейін жаза сұрады


Прокуратура Оңтүстік Қазақстан облысында ауруханадан балалардың жаппай ВИЧ-инфекциясын жұқтыру оқиғасы бойынша айып тағылып, сотқа тартылған аурухананың 2 бөлім бастығын 9 жылға дейін бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуді сұрады. Ал прокуратураның ең жеңіл жазасы - 3 жылға шартты түрде бас бостандығын айыру облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Нұрсұлу Тасмағамбетова мен оның күйеуі, медицина саласындағы қызметті бақылау комитетінің облыстық басқарма бастығы Рысқұлбек Байқарашевқа қатысты ұсынылып отыр. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосына жұма күні Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасынан хабарлады. Алайда, мұндай айыптау қорытындысын қоғамдық ұйым өкілдері әділетсіз дейді. Тіпті, «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қоғамдық қорының басшысы Сағадат Масауров бұл жапа шеккен балалардың ата-аналарының наразылығын тудырады деп есептейді.

Маусымның 7-сі күні Оңтүстік Қазақстан облысында ауруханадан сәбилердің жаппай ВИЧ-инфекциясын жұқтыруына орай өткен соттың кезекті отырысында айыптау қорытындысын жариялаған облыстық прокуратура қызметкері Нұрлан Сапаров «Азаттық» радиосына бұл өз тәжірибесіндегі ең қиын іс болғандығын айтады:

- Бұл - өте күрделі іс. Мұндай іс Қазақстанда болған емес, алғаш болып тұр. Біз екі бөлім меңгерушілеріне 9 жылдан сұрадық. Ең үлкен жаза – сол. 8 жыл, 7 жарым жыл сұрағанымыз бар. Бірнеше адамға шартты жаза сұрадық. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тасмағамбетоваға 3 жыл шартты түрде сұрады. Оның күйеуі, медициналық қызмет сапасын бақылау комитетінің төрағасына да 3 жыл шартты түрде сұрап отырмыз.

Олардан өзге прокуратура бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқарма бастығының орынбасарына, 4 жыл шартты түрде беруді сұраса, облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігеріне жалпы тәртіптегі колонияда жазасын өтеу үшін 5 жыл, қалалық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігеріне 4 жыл, бұрынғы бас дәрігердің орынбасары мен қан құю орталығының бір қызмектеріне де сондай мерзім беруді, қатардағы бір дәрігерге 3 жыл, 4 бірдей бөлім бастықтарына 7 жарым-8 жылдан бас бостандығын айыру жазасын беруді соттан өтінді. Бұл айыптау қорытындысымен ВИЧ-инфекциясын жұқтырған балалардың ата-аналарына қолдау көрсететін «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қоғамдық қорының басшысы Сағадат Масауров келіспейтіндігін айтты:

- Осы іс бойынша басшыларының үстінен сыбайласқан жемқорлыққа қатысты заң бойынша да іс қозғалуы тиіс еді. Істі болғандар арасында шын жүрегімен шырылдап айтып, балаларға жаны ашып жүрген дәрігерлер де бар еді. Бірақ енді олар жаза алмақ. Ал басшылар болса, соны созып жүргендер жеңіл жазамен құтылмақ... Мұның бәрі – саяси шешім. Егер адам заң бұзып отырып, жазаланбаса, халықтың ашу-ызасын келтіреді, егер заң бұзбаған адам жазаланса, бұл да наразылық тудырып, қоғамдық құрылыс бұзылады. Ата-аналар қазірдің өзінде наразы болып жатыр. Оларда ашу-ыза бар...

Дегенмен, прокуратураның айыптау қорытындысы бойынша әлі шағымдар түсіп, сот қорытындысы басқаша болуы мүмкін дейді Оңтсүтік Қазақстан облысындағы «Надежная опора» қоғамдық ұйымының басшысы Валентина Скрябина.

- Бұл ақтық шешім емес. Себебі, әлі көп нәрсеге заңмен қарсылық білдіріліп, кассациялық шағымдар беріледі. Дегенмен, мен айыптау қорытындысын, әлбетте, әділетті деп есептемеймін, - дейді адам құқығын қорғаушы Валентина Скрябина.

Көп балалалы ата-аналардың құқығын қорғайтын «Ғибрат» қоғадық ұйымының басшысы Мәрпия Бұтабаева да прокуратураның айыптауы өзінің көңіліне қонбайтындығын айтады. Ол бұл іске тікелей жауапты облыстық денсаулық сақтау саласының басшыларына жеңіл жаза беріліп отыр деп санайды:

- Басшыларына 3 жыл сияқты аз жылдан беріп отыр да, одан кейінгі қызметкерлерге қатаң жаза сұрап отыр. Әрқашан жоғарыдағылар «айран ішіп, құтылса», төмен жағындағылар «шелек жалап, тұтылып отыр». Қазірде сол. Әділетсіздік, әрине...

Алайда, Оңтсүтік Қазақстан облыстық прокуратура қызметкері Нұрлан Сапаров үлкен жаза қолдануды тек қылмысқа тікелей жауапты деп айыпталғандарға ғана сұрағандарын айтады:

- Егер басшылар жұмысты қадағаласа, мыналар аурухананың ішінде тікелей жұмыс істейтіндер ғой?! Аурухананың тазалығын сақтамаған да солар ғой. Оларда оған қоса «парақорлық», «салақтық», «мемлекет мүлкін талан-таражыға салу», «алаяқтық» деген айыптар бар....

Шымкентте ВИЧ-инфекциясын жұқтырған сәбилерге байланысты сот ісі биылғы жылғы қаңтардың 19-ында басталған болатын. Бұл іс бойынша сот алдында 21 адам жауап беруде. Қазіргі кезге дейін облыста ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 114 бала мен 14 ана анықталған.
XS
SM
MD
LG