Accessibility links

Газа секторын бақылауға алған Хамас енді күш біріктіріп жатыр


Бір кезде Ясер Арафаттың ұйымы болған Фатх қозғалысының күрескерлерімен аптаға жалғасқан қарулы қақтығыстардан кейін Газа аймағы Хамас қолына өтті. Палестиндіктер басым тұратын Батыс жағалау болса Фатхтың иелігінде қалып отыр, мұның өзі палестиндіктердің енді екіге жарылатынын аңғартқандай.

Палестиндіктердің күндердің күнінде егеменді ел болу арманы ешқашанда дәл қазіргідей алыстап көрмеген еді. Газа секторын бәсекелес Фатх қозғалысымен арадағы қақтығыстардан кейін өз бақылауына алған Хамас ислам тобы енді күш біріктіруде. Бір апта бойына жалғасқан шайқастарда 100-ден астам адам мерт болды. Оның қатарында Хамастың көше ортасында Фатхтың бір адамын жазалап өлтіргені бар.

Жұма күнгі хабарларға қарағанда Хамас Фатхтың жоғары командир, қолбасшыларын да қолға түсірген көрінеді. Палестина президенті Махмұд Аббастың Фатх қозғалысы палестиндіктер басым тұратын Батыс жағалауды әлі де өз қолдарынан шығарған жоқ.

Бейсенбі күні Махмұд Аббас елде төтенше жағдай жариялап, Палестинаның үш ай бұрын құрылған билікті Хамас пен Фатх өз ара бөліскен бірлік үкіметін таратқандығын жариялады. Бұл жөнінде Палестина президентінің аға көмекшісі Тайеб Абд ал-Рахим Батыс жағалаудағы Рамалла қаласында мәлімдеді.

- Біз Палестина территориясының барлық жерінде төтенше жағдай жариялаймыз, өйткені, Газа аймағында соғыс етек алды, Палестина заңдарынан тыс әрекет еткен қарулы көтерілісшілер Палестина ұлттық билігінің штабын басып алды, әскери төңкеріс жасады,-деді Тайеб Абд ал-Рахим.

Хамас жетекшісі, премьр-министр Исмаил Хания мұның артынан соң іле-шала Газа аймағында сөйлеген сөзінде Махмұд Аббастың асығыс қабылданған шешімін мойындамайтындығын айтты.

- Үкімет әрі қарай өз қызметін жалғастыра береді. Ол өз міндеттері мен мақсаттарын мүмкін жақсырақ атқарып, Палестина халқы үшін ұлттық және этникалық жауапкершілігінен бас тартпайтын болады,- деді Исмаил Хания.

2006 жылдың қаңтар айындағы парламенттік сайлауда Хамас тобы жеңіске жеткен соң, Батыс елдері экономикалық көмекке санкция енгізіп, палестиндіктер шетелдік қандай да көмек түрінен айрылып қалған еді. Израил да дәл осы уақытта Палестина билігіне беруі тиіс 500 миллион доллардан астам салық табысын қайтармай қойған. Хамас болса Израилды құртып, жоямыз деп ант ішкен болатын. АҚШ пен Израил, Европа одағы болса исламдық Хамас тобы лаңкестік ұйым деген алаңдаушылық білдіреді.

Бейсенбі күні осындай көзқарасты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Шөн МакКормак қайталап айтты

- Хамас - террорлық ұйым. Біз Хамастың мүшелері террорлық ұйымдардың мүшелері және ол өзгермейді деп ойлаймыз.

АҚШ пен Израилдың ресмилері Махмұнд Аббасқа қолдау таныту үшін Батыс жағалауға көмек жіберу керек дегенді айтты. Хамасты өз кезегінде Иран мен Сирия қолдайды, олар Газа арқылы қару-жарақ және басқа да жабдық аламыз деп сенеді. Египет екі тарап арасына ағайындық етіп, олардың кездесуіне ықпал ету әрекеттерін жасауда.

Жұма күні сондай-ақ Араб елдерінің сыртқы істер министрлері Каирде жиналып, Палестинадағы дағдарыс, теке-тірестің жай-жапсарын мейлінше қатаң талқылауға келісті. Ал бұл уақытта Махұмд Аббас төтенше үкіметтің басшысы етіп тәуелсіз заңгер Салам Фаядты тағайындады.
XS
SM
MD
LG