Accessibility links

ГУАМ ұйымы Ресей ықпалын тежеуге келісті


Баку қаласында ГУАМ ұйымы басшыларының саммиті өтті. ГУАМ ұйымына Грузия, Украина, Әзірбайжан және Молдова кіреді. Демократиялық және экономикалық дамуды мақсат тұтқан ұйым Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шеңберінде Ресейге балама саясат жүргізу үшін құрылған. Ұйым басшылары Ресейдің кейбір саяси қимылдарына қарсы бірігіп жұмыс істеуге келісті.

ГУАМ ұйымының саммитінде негізінен мұнай мен газ тасымалы және бітімгершілік қызметінің мәселелері талқыланды. Грузия президенті Михаил Саакашвили, Украина президенті Виктор Ющенко, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Молдова бас министрі Василе Тарлев Біріккен Декларацияға қол қойып, аймақ шеңберінде әріптістік пен қауіпсіздікті арттыруға уағдаласты. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев ГУАМ ұйымы өміршеңдігін дәлелдеді деп сипаттады:

- Біздің мүддеміз ортақ, көзқарастарымыз ортақ, жалпы бас бағытымыз да ортақ. Әлбетте, мұндай жағдайда ұйымның қуаты артады, белсенділігі өседі, ұйым аса маңызды мәселелерді шеше алады.

ГУАМ ұйымына қатысатын төрт мемлекет ортақ бітімгершілік жасақ құруға келісті. Бұл жердегі мақсат – Приднестровьеде, Оңтүстік Осетияда және Абхазияда орналасқан Ресей бітімгершілік жасақтарының орнын басу. Бастаманы Баку қаласында дүйсенбі күні Грузия сыртқы істер министрі Гела Бежуашвили жариялады:

- Жақын арада ГУАМ ұйымының жасағын құру мақсатында бірігіп жұмыс істеуге келістік, жасақ тек қане бітімгершілік қызмет пен әскери міндетті емес, полиция қызметін де атқаруға қабілетті болу керек. Бұл - маңызды шаруа, елдеріміздегі тиісті орындар осы мақсатта бірігіп жұмыс істесін деп тапсырма бердік, ортақ стратегия қалыптастырсын және, ең маңыздысы, мақсатын неғұрлым тезірек орындай алатын болсын деп айттық.

ГУАМ жиынында, сол сияқты, Ресейдің тағы бір ықпалын, мұнай мен газ тасымалындағы ықпалын азайту мәселесі сөйлесілді. Украинада Одесса мен Броды қалаларының арасында жұмыс істеп жатқан мұнай құбыржолын Балтық жағалауына дейін жеткізу жобасы талқыланды. "Одесса-Броды" құбыржолы Польшаның Плоцк қаласы арқылы Балтық теңізінің жағалауындағы Гданськ портына дейін ұзартылса, Әзірбайжан мұнайын Батыс Еуропаға Ресей жерін кесіп өтпей тасымалдауға мүмкіншілік туады. Саммитке қатысқан Польша президенті Лех Качинский Ресейді тұспалдап сөйлеп, ГУАМ жобалары "энергетикалық бопсалаудан құтылу үшін маңызды" деді. Саммитке бақылаушы ретінде, сол сияқты, Литва президенті Валдас Адамкус және Румыния президенті Траян Басеску қатысты. Грузия президенті Михаил Саакашвили Еуропа Одағы мен ГУАМ ұйымының қатынастарын дамытуға шақырды.
XS
SM
MD
LG