Accessibility links

Түркіменстан мен Иран басшылары Солтүстік-Оңтүстік сауда дәлізіне қатысты мәселені талқылады


Орталық Азия мен Иран арасында транспорт жолдары мәселесі үлкен проблема деп есептеледі. Маусымның 15-і мен 16-ы аралығында Теһранда өткен келіссөздерде Түркіменстан президенті Гурбангұлы Бердымұхаммедов пен Иран лидерлері осы мәселені талқылады. Транспорт дәлізіне қатысты жоспарлар жайында ондаған жылдар бойы айтылып келеді бірақ осы уақытқа дейін бұл елдер арасында саяси бақталастық болғандықтан бұл әрекет жүзеге аспаған болатын.

Түркіменстан президенті Гурбангұлы Бердымұхаммедовтың Теһранға сапарынан кейін Иранды Орталық Азиямен қосатын транспорт дәлізіне қатысты жоспарды бастауға жаңа серпін берілді. Бердымұхаммедов бұл жоспарлар жайлы президент Махмұд Ахмадинежадпен және тағы басқы Иран жетекшілерімен талқылады.

“Коммуникация жүйесіне байланысты бізде көптеген ұсыныстар бар. Яғни екі бауырлас елдер бірлесіп құрайын деп жатқан темір жол жобасына қатысты. Ол екінші немесе үшінші елдерге де созылуы мүмкін”, - деді Бердымұхаммедов.

Ресей ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, аймақтағы транспорт жолдарына қатысты мәселені Каспий теңізі маңайындағы елдердің өкілдері Теһранда өтетін жиында талқылайтын болады. Иранның теңізге шығу мүмкіндігі бар, ал Орталық Азия елдерінің Иранмен арада транспорт жолдары жоқ болғандықтан бұл олардың экономикасы үшін ең үлкен проблемалардың бірі болып отыр.

Орта Азиядағы бес мемлекеттің де теңізге шығу мүмкіндігі жоқ. Олар тауарларды импорттауда және экпорттауда көршілес Ресей мен Қытайға тәуелді. Балама транспорт жолдарымен Ауғанстаннан Пәкістан арқылы теңіз порттарына шығуға болады, алайда қауіпсіздік мәселелеріне байланысты Ауғанстан мүмкін болған балама жолдар тізімінен шығарылды.

Орталық Азия лидерлері ежелгі Жібек Жолын қайта қалпына келтіру сияқты әртүрлі жолдарды қарастыруда. Алайда, ұсынылған нешетүрлі жобалардың ешқайсысы жүзеге аспады. Талдаушылардың көбі Иран арқылы өтетін Солтүстік-Оңтүстік сауда дәлізіне қатысты жобаны Орталық Азия елдерінің транспорт проблемаларын шешу мақсатындағы ең тамаша шешім деп есептейді.

Оны жүзеге асыру үшін саяси қолдаулар да бар сияқты. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан мен Иран арасында жасалған келісімге қолдау білдірді. Келісімге сәйкес, аймақтағы темір жол жобасына Иранда енгізілетін болады. Бұл туралы Түркіменстан президентінің кеңсесі маусымның 18-і күні хабарлады.

Бұрынғы Совет одағы елдеріндегі Солтүстік-Оңтүстік жобасымен айналысатын ТМД-ның жолдар салу бойынша кеңесіндегі әкімшілік департаментінің басшысы Бури Каримовтың айтуынша, Қазақстан мен Ресейді Еуропалық транспорт жолдарымен қосатын аталған дәліз басқа да Орта Азия мемлекеттеріне созылуы мүмкін.

“Қазақстан бұл дәлізді бір жағынан Астана арқылы Сібір маңы аймағындағы жолмен қосуды қалайды, ал екінші жағынан оны жаңа “Қазақстан-Батыс Қытай” жобасымен қосқысы келеді. Орталық Азияның тағы басқа елдері де бұл дәлізді Ташкенттен немесе Бішкектен Тәжікстаннан өтетін жаңа жол салу арқылы Ауғанстан мен Иранға және Пәкістанға созғысы келеді”, - деді Каримов.

Бұл жоба жөнінде 1990-шы жылдардан бері айтылып келеді. Аймақтағы көптеген жоспарлар мен келісімдер сияқты бұл жоба да әлі іске асырылған жоқ. Әртүрлі жиындар барысында Орталық Азия жетекшілері транспорт жолдарын салудың стратегиялық және экономикалық маңызы бар екенін және оларды жүзеге асыру үшін ынтымақтасу керек екенін талай рет айтқан болатын. Бірақ іс жүзінде, бұл елдер бір-бірімен ынтымақтасып, көмектесудің орнына проблема туғызып отырады.

Мысалы, Өзбекстан анда-санда ешқандай ескерту жасамастан және түсініктемесіз Тәжікстанның көліктері мен поездарына өзінің шекарасын жауып қояды. Қыс мезгілінде Қырғызстанның оңтүстік аймақтары да Өзбекстан тарапынан осыған ұқсас проблемаларға тап болады. Сонымен қатар, Орта Азиядағы кейбір елдер арасында виза режимі бар және олардың кеден жүйелері арасында ынтымақтастық деңгейі өте төмен. Міне осылардың бәрі қосымша проблема тудырады.

Алайда көптеген проблемаларға қарамастан, Орта Азия елдері сауда дәлізінің өте үлкен маңызы бар екенін және ол жобаның іске асуы одан әрі созыла берсе, оның теріс әсері болатынын түсінген сияқты. Бури Каримовтың айтуынша, Орталық Азия республикаларының ресмилері Солтүстік-Оңтүстік жобасын іске асыру мақсатында арнайы мекеме құруға келісті.
XS
SM
MD
LG