Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.26.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қызылорда облысында тағы бір азамат қырым қанды безгегінен көз жұмғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер күннің ыстығынан өрт күшейгендігіне мән берсе, тағы бір басылым мәдениет және ақпарат министр Ертісбаев «Время» газетін сотқа бергендігіне тоқталып өтіпті.

Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев «Время» газетіне қарсы шағым түсіргендігі туралы мақала аталған басылымда жарық көріпті. «Журналистермен соттаспаймын деп бірнеше мәрте көпшілік алдында сөз берген министр өз айтқанында тұрмады» делінген мақалада. «Бұған дейін министрдің өкілі редакциядан Ертісбаевтың үстінен жазылған шағымды қайтарып алуын сұраған болатын. Біз жоқ деп жауап береміз. Саудаласуды қойыңыз, министр мырза» деп жазды «Время» газеті.

Өткен айдың аяғында Шымкенттегі ИЧ-167/3 еңбекпен түзеу колониясындағы 77 адамның өздеріне қол жұмсауына қатысты қылмыстық іс қозғалғандығы туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Облыстық прокуратураның анықтауынша, темірдей тәртіп орнатпақшы болған түрме қызметкерлері тарапынан «Допинг» деген шартты атпен жедел-профилактикалық шаралары өткізіліп отырған. Тәртіпке салу шаралары барысында олар резина шоқпарларды, темір қалқандарды қолдану арқылы қарамағындағыларды ұрып-соғып, дене жарақаттарын салған» делінген мақалада. «Мекеме қызметкерлері тарапынан «Допинг» тәртіп орнату шаралары тым жиілеп кеткендігіне шыдамаған «түрме тұрғындары» наразылықтарын өздеріне қол жұмсау арқылы білдіруге мәжбүр болған. Осы оқиға бойынша, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы түрме бақылаушыларына және қоғамнан аластатуды қамтамасыз ететін мекеменің қызметіне ұйымдасқан түрде кедергі келтіргендері үшін екі қылмыстық іс қозғады» деп жазды «Айқын» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса Қызылорда облысында қырым қанды безгегінен тағы бір азамат көз жұмғандығына тоқталып отыр. «Облыстың Шиелі аудандық ауруханасына нашар қалдегі қырық жастағы әйел түскен болатын. Дәрігерлер кеселдің неден екендігін бірден анықтай алмаған» делінген мақалада. «Кенеден жұғатын безгектің белгілері біліне бастаған уақытта науқасты ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады. Бұл осы облыста биылдыққа кенеден шыққан кеселден көз жұмған екінші адам» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Осыдан он жыл бұрын Қызылордадағы қалалық аурухана бар болғаны мың теңгеге сатылып кеткендігіне «Литер» газеті мән беріп отыр. «Оның өзінде жаңа қожайын аталған соманың барлығын төлемеген - 500 теңге аванс өткізген» делінген мақалада. «Ол уақытта бұл ақшаға бір қап ұн сатып ала алмайсың. Енді қала әкімшілігі қожайынға одан 10 мың есе көп ақша ұсынып отыр. Алайда екі жақ келісімге келе алмаған. Бұл уақытта заңгерлер қалалық аурухананың жеке қолға өтуінің қаншалықты заңды екендігін тексеріп жатыр» деп түйіндейді «Литер» газеті.

Ал «Экспресс К» газеті болса күннің қатты ыстығынан оңтүстік облыстарда өрт күшейгендігі туралы баяндапты. «Жамбыл облысында өрт төрт жүз мың гектар жерді шарпыды. Тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай отыр» делінген мақалада. «Облыс аумағында ауа температурасы қырық градустан жоғары көтерілді. Шу өңірінен шыққан өрт басқа да аймақтарға тараған. Екі күннің ішінде Мерке ауданындағы 100 мың гектар жерді тілсіз жау шарпыған. Ал бүкіл облыс бойынша күлге айналған даланың көлемі жарты миллион гектарға жақындап қалды» деп жазды «Экспресс К» газеті.

«Жас Алаш» газеті Қытайда тұратын қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлын Қазақстанға алып келуге бола ма деген сұраққа жауап іздепті. «Жазушы Қабдеш Жұмаділовтың айтуынша, Қажығұмардың өзі туған жерге оралуға қол ұшын беруін сұрап, бірнеше мәрте Қазақстан басшысы Н.Назарбаевқа хат жазған. Онда: «Қуғында, қамау-қапаста жүріп жазған 10 томнан астам шығармаларым бар. Сол еңбектерім ұрпақ кәдесіне жарасын» делінген. Қажығұмардың атақты «Қылмыс» романының бірінші томы Қазақстанда жарық көрді. Қалған томдарының толық қолжазбасы менде сақтаулы. Бірақ, оны шығаруға мемлекет құлықсыздық танытып отыр» депті жазушы Қабдеш Жұмаділов «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG