Accessibility links

Қазақстандағы тәжік босқындары өз Отанына неге оралғылары келмейді?


Маусымның 27-сі күні Тәжікстан республикасындағы бейбітшілік пен ұлттық келісімге келу уағдаластығына 10 жыл толды. Тәжікстандағы әскери қақтығыс кезінде елден кеткен тәжіктердің 50 мыңға жуығы Қазақстанды паналаған. Олардың арасында билікке сын айтып қуғындалған белгілі ғалымдар, журналистер, әдебиетшілердің көпшілігі Тәжікстанға оралғылары келмейді. Өйткені, елде бейбіт келісімге келгенімен, толық бейбітшілік орнап, барлық азаматтарға бірдей тең мүмкіндік берілген жоқ дейді. Сонымен, соғыстан қашып Қазақстанды паналаған тәжік азаматтары мен олардың балаларының бүгінгі жағдайы қандай? Олар азамат соғысының аяқталғанына 10 жыл толса да, неге елдеріне оралғылары келмейді?

26 жастағы жоғарғы білімді экономист Мамнуна қазір Алматы қаласындағы базарда ұсақ-түйек бұйымдар сатады. Ол 1992 жылы Тәжікстанда болған азаматтық соғыстың салдарынан өзінің шахматтан әлем чемпионы болу арманымен хош айтысқанын айтады.

- Тәжістанда азамат соғысы басталған кезде жетінші сыныпта оқитынмын. Ол кезде мен қала бойынша чемпион болғанмын. Менің жаттықтырушым маған көп үміт артатын. Өйткені, мен сол кезде үш мәрте әлем чемпионатының іріктеу турнирінде жеңіп шыққан едім. Сондықтан, Иран, Словакия, Германияда болатын жасөсіпірімдер арасындағы әлемдік чемпионатқа қатысуға дайындалып жүрдім. Өкінішке орай, сол кезде соғыс басталып кетіп, елдегі бейберектсіздіктің кесірінен біз, басқа тәжік отбасылары сияқты, Душанбені тастап, ауылға кеттік. Бірақ, ол жерде де тыныштық болмағандықтан, Қазақстанға қоныс аудардық, - дейді Мамнуна.

Мамнунаның сіңілісі Шохона қазір Алматыда қазақ мектебінде оқиды. Ол елде соғыс болмағанда, өзі бірге өскен тәжік достарымен келесі жылы Отанының астанасында мектепті бірге аяқтар едім дейді:

- Мен соғыс басталғанда екі жаста едім. Сосын біз ауылға барып тұрдық. Әкем басқа елдерге барып жұмыс істей бастады. Кейін Алматыға көшіп келдік. Қазір Алматыда 10-шы сыныпты бітірдім. Егер соғыс болмағанда, біз сүйікті Душанбемде қалар едік те, менің өмірім басқаша болар еді!

Жалпы 1992-1997 жылдары болған соғыс кезінде Тәжікстаннан қашып келген 50 мыңға жуық босқын Қазақстанды паналаған. 1997 жылы жылы маусымның 27-сінде Мәскеуде «Бейбітшілік пен ұлттық келісімге келу туралы жалпы уағдаластыққа» қол қою 70 мыңға жуық адамның өмірін қиған қанды қақтығысты аяқтады. Бұл маңызды келісімге келуде Қазақстанның да үлесі болды дейді Қазақстан дипломаттар қауымдастығы кеңесінің төрағасы Әуесхан Қырбасов:

- Қазақстанның, Ресейдің және басқа көрші елдердің араласып, Тәжікстандағы бейбіт келісімге қол жеткізу маңызды деп есептеймін. Соның арқасында қазір Тәжікстандағы жағдай түзеліп, өзінің экономикасын да, ішкі саясатын да жөнге салды. Қазіргі бағыты дұрыс...

Тәжікстандық журналист, жазушы Кадір Рустам Тәжікстандағы алғашқы оппозициялық басылымдардың бірі – «Чарох ируз», яғни, «Күннің жарығы» атты басылымның тілшісі болып, қуғынға түсіп, кейін Алматыға келген. Оның ойынша, Тәжістандағы бейбіт келісімге 10 жыл толғанымен, елдегі жағдай түбегейлі өзгере қойған жоқ.

- Олардың бейбіт келісімге келгендері жақсы. Тәжікстанда оқ атпайды. Бірақ Тәжікстанда толық мағынасындағы «бейбітшілік» орнаған жоқ! Жеңіп шыққан жақ – билік бар да, екінші – оппозициялық тарап бар. Оппозицияны сол кезде жасалған келісім бойынша 30 пайыздық квотамен Парламентке енгізген. Бірақ соңғы жылдары оларды парламенттен толық қуып шықты да, қазір Тәжікстанда тек бір тарап қана билік етуде. Бұрынғы оппозициялық қайраткер, ғалым, жазушы, журналистке қазіргі Тәжікстанда жұмыс істеп, өмір сүру қиын. Мысалы, менің досым, «Растахиз» халықтық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Тахир Абдужаппор ұзақ жылдар Бішкекте университетте кафедра меңгерушісі болып істеп, енді Душанбеге оралған. Бірақ, міне, жарты жыл болды. Оны ешбір жерде жұмысқа алмайды, - дейді журналист Қадір Рустам.

Ол егер Тәжікстанда өкімет жұмыс істеуге кедергі келтірмесе, Қазақстанда бір сәтте тұрмай, өз еліме оралар едім дейді. Ал, Тәжікстанның Қазақстандағы елшісі Акбаршо Искандаров болса, Тәжікстанда ешкім қуғындалмайды, басқа елдерден келген босқындарға жұмыс істеуге жол ашық дейді:

- Өйткені, бейбіт келісімдердің нәтижесінде амнистия жарияланған. Кезінде кеткен көптеген журналистер және басқалар қазір елде жұмыс істейді. Және олардың табысты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Тәжікстан елшілігінің мәліметтеріне қарағанда, бейбіт келісімнің нәтижесінде Ауғанстаннан 52 мың, ТМД елдерінен 180 мың тәжік азаматы еліне оралған. Елдің өзі ішінде босып жүрген 680 мың адамның жағдайы реттелген делінген үкіметтік ресми ақпаратта.

Тәжікстанда 1992 жылдан бастап 5 жылға созылған азамат соғысы ел президенті Э.Рахмонов пен Біріккен тәжік оппозициясының лидері Саид Абдулло Нұри 1997-нші жылдың 27-нші маусымында Мәскеуде тәжік ұлтының бейбіт бітімге келуі туралы келісімге қол қойған соң тоқтады. Азамат соғысында 100 мыңнан астам адам қырылып, 500 мыңдай халық босып кетті, елдің инфрақұрылымы күйреп, экономика орасан зор зардап шекті.
XS
SM
MD
LG