Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.28.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі ҚР президенті Н.Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің грек азаматтығы бар ма деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен қатар, газеттер Шымкентте жаппай ВИЧ инфекциясының таралу оқиғасына қатысты шығарылған сот үкімін талқылауға мән берсе, бірқатар басылымдар алдағы Парламент мәжілісі сайлауы қалай өткізілетіндігіне тоқталып отыр.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің қолында Грекия төлқұжаты бар екендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Біздің дерек көздеріміз Рахат Әлиевтің қолында грек азаматтығын растайтын құжаты бар екендігін хабарлады» делінген мақалада. «Бұл жағдайдың аса маңыздылығын атап өткен жөн. Өйткені Рахат Әлиев бұған дейін Қазақстанда бірқатар жоғарғы қызметтерді атқарды. Ал біздегі заңдылықтарда екі азаматтық жағы қарастырылмаған» деп жазды «Время» газеті. Сонымен қатар, мақала авторы Рахат Әлиевтің мұндай құжатты Қазақстандағы Грекия елшілігінен алмағандығын атап көрсеткен. «Елшіліктегілер Рахат Әлиевке ресми түрде мұндай құжаттың берілмегендігін айтты. Өйткені ол грек ұлтынан емес, ешқашанда грек азаматы болған емес, соған байланысты оған грек төлқұжаты берілуі мүмкін емес. Алайда Рахат Әлиевтің қолында бірнеше төлқұжат бар екен деген ақпаратты Қазақстанның ішкі істер министрлігі де біледі. Қазіргі күні министрліктегілер бұл жағдайды тексеріп жатыр» деп жазды «Время» газеті.

Бұл уақытта «Комсомольская правда: Казахстан» газеті Шымкентте жаппай ВИЧ инфекциясының таралу оқиғасына қатысты сот шешімі шығарылғандығына тоқталып өтіпті. «Аудандық соттың төрағасы 250 беттік үкімді оқып шықты. Сот айыпталушы 21 дәрігердің барлығын айыпты деп тапты» делінген мақалада. «Қылмыстық іс қылмыс кодексінің адамға ВИЧ жұқтыру жағдайын қарастыратын бап негізінде қозғалған болатын. Алайда сот аталған бап бойынша ешкімге айып таққан жоқ. Сот шешіміне сәйкес, қатерлі вирусты 8 ана өздерінің балаларынан жұқтырған, ал сәбилерге вирус қан құю барысында және тазалық ережелерінің сақталмағандығынан жұққан» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Экспресс К» газеті болса сот үкім шығарардан бұрын ВИЧ жұқтырған тағы бір сәби көз жұмғандығына тоқталып отыр. «Бұл осымен вирусттың жаппай тарауынан болған оныншы өлім» делінген мақалада. «Қатерлі вирустың жаппай таралуына қатысты сотта айыпты деп танылған 21 адамның 16-ы сот залынан ұсталды. Ал облыстық департаменттің бұрынғы басшысы Нұрсұлу Тасмағамбетова және оның жұбайы Рысқұлбек Байқарашев, департамент басшысының орынбасары Нағима Жолдасоваға жаза шартты түрде берілді. Сот үкіміне 15 күннің ішінде шағым түсіруге болады» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.

Басқа да басылымдар осы жылғы тамыздың 18-іне белгіленген Парламент мәжілісін сайлау қалай өтетіндігіне мән беріп өтіпті. Мәселен, «Айқын» газеті бұл жолғы сайлаудың аса маңызды екендігіне тоқталып өткен. «Өйткені биыл сырт көз сыншы көп – олардың сынынан сүрінбеу бек қиын. Оның үстіне ОБСЕ ұйымның тізгінін Қазақстанның қолына ұстату-ұстатпау мәселесі осы сайлаудың демократиялық қалыптарға қаншалықты сай келуіне туралай қатысты болмақ» делінген мақалада. «Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың айтуынша, бұрын қабылдаған бірқатар қаулыларға өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, қаулылардан «сайлау блоктары» деген ұғым алып тасталынған. Сондай-ақ «Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиялары» деген ұғым да жойылды. Сонымен қатар, бас сайлаукомның орынбасары комиссияның алдағы отырыстарына саяси партиялардың өкілдері көбірек қатысуы мүмкіндігін айтып қалды. Саяси айтыс осы мекеменің де табалдырығынан аттар ма екен?!» деген сауал тастайды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта «Время» газеті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың сұхбатын жариялап отыр. «Мен алдағы сайлаулардың жүз пайыз әділ өтетіндігіне сеніп қана қоймай, солай жасауға күш салатын боламын» депті комиссия төрағасы. Оның пікірінше, Қазақстандағы сайлау туралы заңдары сайлау науқанының барынша әділ жүретіндігіне кепіл бола алады. Оған 2005 жылғы президент сайлауына берген бірқатар халықаралық ұйымдардың бағасы дәлел дейді ол. Сонымен, партиялық тізім бойынша сайлау алды үгіт жұмыстары шілденің 18-нен басталып тамыздың 16-күні аяқталады, ал Қазақстан халықтары ассамблеясы арқылы сайланатын депутаттар үшін үгіт-насихат тамыздың 16-18 аралығында жүреді» деп жазды «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG