Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.04.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар бұрынғы елші Рахат Әлиев төңірегіне топтасқан адамдар Қазақстанға қайтуды аңсайтындығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің дені алдағы сайлауға дайындық барысына мән берсе, тағы бір басылым Атырау көшелерінде үй жануарларының жайылуына тиым салынғандығына тоқталып өтіпті.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің қасына жиналған адамдар елге оралғысы келетіндігі туралы «Время» газетінде баяндалыпты. Әлиев төңірегіндегі жанжалға «Рахатгейт» деген атау берген бұл басылым осындай ақпаратты Қазақстанның билік өілдері растағандығын атап көрсеткен. «Өзінің аты аталмағандығын қалаған дерек көзі Рахат Әлиевтің жақын достары Австриядан елге оралғысы келетіндігін жеткізді. Қазақстанның ішкі істер министрлігі оны ресми түрде мақұлдады» делінген мақалада. «Аталған министрліктің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың айтуынша, сөз болып отырған іске тағы бірқатар кісілер тартылған. Олардың берген жауаптары өте маңызды, бірақ министрлік бұл жердегі әңгіменің не жайында екендігін әзірге құпия сақтайды» депті Бағдат Қожахметов «Время» газетіне берген сұхбатында.

Осы жылғы тамыздың 18-і күнгі сайлауға дайындық барысы туралы «Айқын» газеті былай деп баяндапты: «Орталық сайлау комиссиясының сейсенбі күнгі отырысында сайлау ұйымдастырушылардың кәсіби даярлығын арттыру және халықты құқықтық оқыту жөніндегі үйлестіру әдістемелік кеңесі туралы ереже бекітілді. Ол кеңес, сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының жанында тұрақты жұмыс істейтін консультативті кеңесші орган ретінде құрылып отыр». Сонымен қатар, мақала авторы сөз болып отырған кеңестің міндеті - сайлау процесіне қатысушы халықтың құқықтық мәдениетін арттыру екендігін атап көрсеткен. «Құқықтық ағартушылық сайлаушы халық арасында ғана емес, сол сайлаудың әділ өтуіне жауапты орган – сайлау комиссиясы мүшелері арасында да жүргізілетін болады. Сол үшін әзірленген оқу курстарының бағдарламасы бекітілді» деп жазды «Айқын» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса сайлау алдында теледебаттар өтетіндігіне мән беріп отыр. «Қазақстандықтарды тосын жаңалық күтіп тұр: республикалық телеарналардың эфирінде мәжіліс депутаттығынан үміткерлер өз партияларының тұғырнамаларымен сынасатын болады» делінген мақалада. «Орталық сайлау комиссиясы мұндай үгіт-насихат думаны сайлаушыларға дұрыс таңдау жасауға көмектеседі деп есептейді. Үміткерлердің өздері бұл бастаманы қалай қабылдағаны белгісіз. Бірақ олардың барлығы бірдей тікелей эфирде шоумен рөлін атқара алмасы анық» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Сайлау қарсаңында жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері жөнінде «Литер» газетінде баяндалыпты. «Ksilon зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасына сәйкес, респонденттердің шамамен 73 пайызы алдағы сайлауда «Нұр Отан» партиясына дауыс беретіндігін айтты» делінген мақалада.. «Әлихан Байменовтың «Ақ жол» партиясы сауалнама барысында шамамен 5 жарым пайыз жинапты. Ал «Нағыз АҚ ЖОЛ» партиясымен қосылған социал-демократтарға респонденттердің шамамен 2 жарым пайыздайы дауыс беруге дайын екендіктерін білдірген». Сонымен қатар, мақала авторы зерттеу барысында бес мың адамнан жауап алынғандығын ескертіп отыр. «Владислав Косарев басқаратын халықтық коммунистік партиясы, сауалнама бойынша, қазіргі күні халықтың 2,2 пайыз сеніміне ие екен. Ал Серкіболсын Әбділдиннің коммунистік партиясы болса барлық респонденттердің шашамен 1 жарым пайыз дауысын жинаған. Олардың қасында зерттеуге қатысқандар «Ауыл» партиясына көбірек сенеді – 3 жарым пайыз. Зерттеу барысында Патриоттар партиясы мен «Руханият» партиясының жинаған дауысы бір пайызға да жетпейді» деп жазды «Литер» газеті.

«Экспресс К» газеті болса Атырау қаласының көшелерінде сиырдың жайылуына тиым салынғандығына мән беріп өтіпті. «Қалада үй жануарларын ұстайтын орын ашылды. Егер жануардың егесі келмейтін болса, онда қамаудағы мақұлық иесіз деп танылады» делінген мақалада. «Бұрындары Атыраудың орталық көшелерінде жайылып жүрген сиырларды көп көретін едік. Бірақ қала басшылығы мұндай көріністі келмеске жіберетін үкім шығарды. Енді көшедегі сиырлар ұсталатын болады. Ал оны іздеп барған жануар иесі 20 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеуі керек. Оған қоса жануарға берілген жем-жөп шығынын да өтеуі тиіс. Иесі табылмаған жануарлар союға жіберіледі де оның еті мемлекеттік мекемелерге таратылады» деп жазды «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG