Accessibility links

Қызыл мешіттегі бүліктен соң Перуез Мұшаррафтың билігі әлсіреуі мүмкін бе?


Пәкістан астанасы Исламабадта орналасқан Қызыл мешітте бүгін үкімет әскері мен діни радикалдардың шайқасы жалғасын тапты. Қызыл мешіттегі діндарлар елде қатаң ислам тәртібін орнату керек деп нәсихаттап, үкіметпен соңғы айларда қатты тірескен. Текетірес қарулы қақтығысқа айналды. Президент Перуез Мұшарраф қару алған радикалдарды күшпен басуды бұйырды. Осы жайт президент Мұшаррафтың саяси болашағына қалай әсер етуі мүмкін?

Қызыл мешіттегі бүлік президент Мұшарраф пен қатаң бағыттағы діни топтарының кешегі күніне көз жүгірткізіп отыр. Өзгерістің негізгі өлшемі ретінде 2001 жылы 11 қыркүйегін алса болатындай. Америка Құрама Штаттарына террорлық шабуылдар жасалмас бұрын олардың қатынастары жақсы болған. Көршілес Ауғанстанда Талибан үкіметі билік жүргізіп тұрғанда, Мұшарраф Талибанның ықпалы Пәкістанға өтіп кетпесін деп түрлі амалға жүгінді, келіссөзге де барды, күш те көрсетті, діни топтарды бөлшектеп жіберуге де күш салды. 11 қыркүйек шабуылдарынан соң Америка Құрама Штаттары Ауғанстанда терроризмге қарсы соғыс ашқан соң Мұшарраф ресми Вашингтонның жанында табылды.

Пәкістанның кейбір аймақтарында орталық үкіметтен көрі жергілікті үкіметтердің, тайпа басшыларының билігі көбірек жүреді. Америка Құрама Штаттары қатаң діни топтармен келіссөзді азырақ жүргізіп, көбірек күш көрсетуді қалады, дейді америкалық сарапшы Александер Леннон. Вашингтонда орналасқан Стратегия және халықаралық қатынастар орталығында істейтін маман, Оңтүстік Азия істері бойынша сарапшы Александер Леннон осы мәселе жайында "Азаттық" радиосына сұхбат берді. Президент Мұшарраф пен консерваторлық бағыттағы діни топтардың қатынастары 2001 жыл 11 қыркүйектен кейін бұзылды.

Оңтүстік Азия істері бойынша сарапшы Александер Леннон Қызыл мешітте бүлік шығарған жекелеген топ енді оқшауланып қалуы мүмкін дейді, бірақ көпшіліктің іштей қолдауы өсуі мүмкін дейді:

- Діни топты күшпен басудан соң Мұшаррафтың абыройына әбден нұқсан келуі мүмкін. Мешітті басып алған топқа діни топтардың көпшілігі енді бірінші кезекте қолдау танытуы мүмкін. Бірақ Пәкістан халқының көпшілігі олардың негізгі принциптерін кеңінен қолдайды деп айта алмаймын. Үкіметтің реакциясы асыра сілтенді ме, жоқ па, әлде бұл діни топ күш көрсетуден соң оқшауланып қала ма, бұл осыған байланысты.

Сарапшы Александер Леннонның айтуына қарағанда, ең үлкен мәселе Пәкістанда демократиялық реформаға жол ашылмай жатқанында. Мұшаррафтың беделі негізінен екі жайттан түсіп отыр, біріншіден, ол жоғары қолбасшы қызметінен бас тартқысы жоқ, өзі әскери төңкеріс жолымен келген генерал формасын шешкісі жоқ, погонын тастағысы келмейді.

Екінші жайт – Мұшарраф коррупциямен айналысты деп күдіктелген Жоғары соттың төрешісін жұмыстан шығарып жіберді. Бұл жаппай қарсылық тудырды. Наразы жұрттың арасында орта әлеуметтік топтар да бар. Бірақ, дейді, сарапшы Александер Леннон, кейбір халық толқулары шықса да Мұшарраф әскер жіберіп, толқуларды күшпен басуы әбден мүмкін.

Президент Мұшарраф демократиялық реформаға жол аша ма, жоқ па деген алаңдаушылық Қызыл мешіттегі бүліктің алдында көп болды. Енді бүлік шыққан соң, бүлік күшпен басылған соң Мұшаррафтың дұрыс қимыл жасауына уақыты тым аз, дейді сарапшы Александер Леннон. Перуез Мұшарраф билік тетіктерін Пәкістанда мықты ұстап отыру үшін әскер күшін пайдалану ұтымды деп біледі, сондықтан ол қолбасшылық қызметін тастағысы келмейді. Жекелеген діни топтың қимылы жекелеген топ, мешіттегі бүліктен соң ислам революциясы шығуы шарт емес, бірақ Мұшарраф әскери сипат алған президенттік билігін жұмсартпас.
XS
SM
MD
LG