Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.10.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Алматы әуежайында үш күннің ішінде екі апатты жағдай тіркелгендігіне мән беріп өтіпті. Сонымен қатар, газеттердің бірі экс-депутат Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына әкім болып баруы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздесе, тағы бір басылым Қазақстанда сайлаушылар тізімінде қателіктер көп екендігіне тоқталып отыр.

Шілденің 7-күні түрік жолаушы ұшағының Алматы әуежайына апатты жағдайда қонғандығы туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Ұшақтың ішінде 213 жолаушы болған, оның 49-ы балалар» делінген мақалада. «Ресми дерек бойынша, апатты жағдай барысында алты адам зардап шеккен. Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінің өкілі Сергей Құлназаровтың айтуынша, сөз болып отырған ұшақтың бірінші двигателі істен шыққан. Соған байланысты аэробус көкке көтеріліп бара жатқан сәтінде жерге қайта құлаған. Соққының салдарынан өрт шыққандығын көрген жолаушылар әбігерге салынған. Төтенше жағдайдың куәгерлері апаттан құтқару жұмыстарының дұрыс жүргізілмегендігін айтуда. Соған қарамастан жолаушылардың көбі Түркияға басқа бір ұшақпен ұшып кетті» деп жазды «Время» газеті.

Ал шілденің 9-күні қазақстандық бір ұшақтың доңғалағы жарылып, әзер қонғандығына «Айқын» газеті мән беріп өтіпті. «Дүйсенбі күні Шымкенттен ұшып шыққан АН-24 ұшағы Алматы әуежайына апатты жағдайда қонды» делінген мақалада. «Әуежай құтқару қызметінің хабарлауынша, қонуға бет алған ұшақ доңғалағының резинасы жерге тиген кезде жарылып, ұшып кеткен екен. Қисалаңдап әрең тоқтаған ұшақтан үрейлері ұшқан 13 жолаушы мен үш ұшқышты құтқарушылар түсіріп алыпты. Барлығы дін аман» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

«ZONAKZ» тәуелсіздік интернет сайты болса «Нұр Отан» атынан алдағы сайлауға қатыстандардың тізіміне енбей қалған экс-депутат Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына әкім болып баруы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздепті. «Жақында Ақтөбе қаласында өткен үлкен бір кеңеске жиналған жұртшылық президент Назарбаевтың үлкен қызы облыстың жаңа әкімі болып келуі мүмкін деген тұжырымға келді» делінген мақалада. «Мемлекеттік бағдарламаларды таныстыру салтанатына вице-премьер Аслан Мусиннің өзі келген. Бұған дейін Ақтөбе облысын басқарған Мусин Қазақстанға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін тартылған бес миллиард доллардың жарымынан көбі осы аймаққа аударылғандығын атап көрсетті. Бір айта кетерлігі, экс-әкім Аслан Мусин және облыстың қазіргі әкімі Елеусін Сағындықов «Нұр Отан» атынан алдағы сайлауға түсетін үміткерлер тізіміне енген. Ал, керісінше, мемлекет басшысының үлкен қызы Дариға Назарбаева болса партиялық тізімнен табылмады» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Бұл уақытта мемлекет басшысының бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің төңірегіндегілерге қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Берік Имашевтің ешқандай туыстық қатынасы жоқ екендігі туралы «Литер» газетінде сөз болыпты. «Бұған дейін Венадағы Рахат Әлиевтің көмекшісі Төлеген Имашевтың есімі Нұрбанктің бұрынғы топ-менеджерлерін ұрлауға қатысы барлардың қатарында аталған еді. Сол кезде бірқатар ақпарат көздері оның қауіпсіздік кеңесі төрағасы Имашевтың туысқаны екендігі туралы әңгіме таратқан болатын» делінген мақалада. «Алайда Берік Имашевтың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Имашевтың айтуынша, Рахат Әлиевтің төңірегінде жүргендердің арасында оның ешқандай туысқаны жоқ» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Время» газеті болса Қазақстанда сайлаушылар тізімінде «аттастар» көп шыққандығына мән беріп отыр. «Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылар тізімін дұрыстауға кірісіп кетті» делінген мақалада. «Аталған комиссияның төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, сайлаушылар тізіміне бірқатар азаматтар енбей қалған. Сонымен қатар, тізімге бірнеше мәрте жазылып кету жағдайы да көп кездеседі дейді ол. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының сайлаушылары тізімінде осындай 21 мың жағдай тіркелген. Бұл қателіктердің барлығы тамыздың 3-не дейін жөнделу керек» депті Қуандық Тұрғанқұлов «Время» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG