Accessibility links

Ресейде жүрген британдықтар саяси дау-дамайға алаңдамайды


Ресей мен Британия арасында осы аптада дипломатиялық дау шықты. Алдымен Британия, сосын Ресей бір бірінің дипломаттарын елден шығаратындарын жариялады. Себебі екі ел арасында Лондонда қасақана өлтірілген Ресейдің бұрынғы офицері Александр Литвиненконың ісіне қатысты келіспеушілік бар. Осы дипломатиялық дауды Мәскеуде тұратын британдықтар қалай қабылдап жатыр екен?

"Азаттық" радиосы Мәскеуде жүрген кейбір британиялық азаматтардың пікірін сұраған болатын. Олардың кейбіреу Ресейде бұрыннан тұрады, кейбіреуі қыдырып келген, кейбіреуі Ресей азаматтарымен тұрмыс құрған. "Уеррен сосиджис" компаниясының директоры Джон Уеррен Ресейде 16 жыл тұрып жатыр. Ол бұрын бидай саудасымен айналысқан, қазір шұжық өндірумен айналысады:

- Тіршілігімді қалай жасасам деген ойыма бұл әсер ете ме? Мүлдем әсер етпейді. Барлық достарым екі тарапты да қарап отыр, несі дұрыс, несі бұрыс болуы мүмкін деп отыр, оқиға ешкімнің де көзқарасын өзгерткен жоқ. Скинхедтер, не болмаса "Наши" қозғаласының жастары, не болмаса басқа біреу маған қол жұмсайды деп ойламаймын. Тіршілігімді әдеттегідей жасай беремін. Мен соншалықты кішкентай адаммын. Мен "Бритиш петролеум" не болмаса "Шелл" сияқты үлкен нәрсе емеспін.

Ресейде тұрып жатқан британиялық кәсіпкер екі ел арасында орын алған дау өкінішті, текетірес ұлғаймас деп үміттенеді. Мұндай пікірді Мәскеуге қыдырып келген саяхатшы Ричард Хоуберт де айтады:

- Мен туриспін, Ресейге бірінші рет келіп отырмын. Қалай болғанда да Ресейге бару жөнінде кішкене алаңдағанмын, себебі бұл елде бұрын болмағанмын, бұл мен үшін жаңа ел. Әлбетте Шығыс пен Батыс арасында ортақ тарих көп. Саяси келіспеушілік бұрқ ете түскен жағдайда алаңдаушылық сәл өсе түседі деп ойлаймын. Бірақ бұл негізі әке-шешеңізге қай жерде жүргеніңізді айтқаныңызда шығатын мәселе сияқты.

Саяхатшы Ричард Хоуберт Ресейге дипломатиялық дау басталған сәтте келді. Саяси араздық туризм саласындағы инвестицияларға кері әсер етпеу керек, Ресейде маған ешкім тиіскен жоқ дейді ол. Радиомызға пікір айтқан мына британиялық азаматша Энн Браунның екі баласы бар. Энн Браунның күйеуі орыс, ол өзі Ресейге алғаш рет 1980-жылдардың соңында келген:

- Өз басыма бұл еш әсер еткен жоқ, себебі көшедегі адамдар британиялық екенімді білмейді, олардың білуі қажет емес. Ресей бұлақтарынан жаңалық қазір көп түсіп жатыр, оларды білуді жөн көремін. Дәл қазір жұртты Британияға қарсы қою мақсатта қатты науқан жүріп жатқандай. Жалпы, мен танитын орыстар мәселеге алаңдап отырған жоқ, Литвиненконың жағдайын олар жат елде орын алған оқиға ретінде қабылдайды. Олар Березовскийдің версиясына сенуге құштар, жаңалықтарды олар осы сипатта ғана қабылдап отыр.

Энн Браун саяси текетірес қарапайым азаматтарға қырсығын тигізбесе жөн, дегенмен, виза алу жағы қиындап кетуі мүмкін дейді. Бірақ жалпы бұл дау ұзаққа бармайтын сияқты, бұл жай ғана сайлау алды науқанның әңгімесіне ұқсас дейді ол. Мұндай пікірді Ресей азаматына тұрмысқа шығып, Мәскеуде тұрып жатқан Херриет Калинин да айтып отыр:

- Күнделікті тіршілігіме бұл еш әсер етіп жатқан жоқ. Сізге шынымды айтсам, бұл туралы көп ойламаймын, себебі бізге мұның қатысы жоқ. Негізі жаңалықтарды көріп отырмын, бірақ бұл бізге әсер етеді деп ойламаймын.
XS
SM
MD
LG