Accessibility links

Оппозициялық партия сайлау кезіндегі үгіт-насихат жұмыстары алғашқы кезден қысым-кедергілерге тап болғанын айтады


Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы парламент сайлауы науқанына дайындаған бейне-жарнамаларын республика аумағында хабар тарататын 4 телеарна эфриге беруден бас тартып отырғандарына өз наразылығын білдірді. Оппозициялық партия бұны сайлау кезіндегі өзінің заңды құқығын бұзу деп бағалап, кінәлі тараптарды жөнге салуды сұрап, Орталық сайлау комиссиясы мен прокуратураға шағым берді.

Қазақстанда биылғы парламент сайлауына қатысушылардың бірі – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның телеэфирге арналған әрқайсы 30 секундтық жарнамалық материалдарында ел өміріндегі әртүрлі әлеуметтік топтардың қарама-қайшы тіршілігін бейнелейтін көріністер суреттелген.

«Алайда, осы телероликтерді ел аумағында хабар тарататын мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасы мен жартылай мемлекет иелігіндегі «Хабар» агенттігі, сондай-ақ жеке меншіктегі «КТК» және «31-ші арна» телекомпаниялары эфирде көрсетуден бас тартты. Олар бір ғана сылтауды: жарнамада бейнелегенген әрбір адамнан жазбаша рұқсат алған жоқсыңдар дегенді алға тартып отыр», - дейді оппозициялық партия жетекшілерінің бірі Болат Әбілов.

Оппозиция өкілдері мұндай талапты негісіз деп санайды.

«Өйткені, сайлау заңында сондай талаптың барын білгендіктен, бейнежарнамадағы гольф ойнап жүрген немесе сән-салтанатта тойлап жүрген шенеуніктер мен Шымкенттегі ВИЧ дертіне шалдыққан балалар көрсетілген бейне-материалдардағы адамдардың бет-жүзі арнайы техникалық әдіспен жасырылған болатын», - дейді Әбілов.

Бірақ, соған қарамастан, телеарналардың бұл материалдарды беруден бас тартып отырғанына себеп басқа деп түсіндіреді оппозициялық партия өкілі Әміржан Қосанов:

- Мен ойлаймын, егер де біз сол кейіпкерлердің бетін ғыны емес бүкіл денесін жауып қойсақ та олар бәрібір бізге басқаша сылтау табар еді. Бейнероликтерде біздің Қазақстандағы шылқыған байлар мен қара су мен қара нанға қарап отырған кедейшілік арасындағы қарама-қайшылықты көрсеткен едік. Сол кадрларды жалпақ жұртшылық көрсе оның «ақпараттық бомба» сияқты екенін білгендіктен ғана олар көрсетпей отыр. Өйткені, биліктегілер біздің партияны ақпараттық құрсауда ұстауға тырысып келеді. Айтыңызшы, қазірге дейін осы телеарналарда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия туралы тұщымды хабар көрдіңіз бе? Көрген жоқсыз. Міне, сол әлгіндей құрсауды бұлар бұзғысы келмей отыр, мәселе сонда!..

Бұны саяси ұйымның сайлау барысындағы өзін жарнамалауға деген заңды құқығын бұзу деп бағалаған оппозициялық партия шілденің 21-күні Орталық сайлау комиссиясы мен прокуратураға шағым жолдаған.

«Бірақ олардан әлі жауап жоқ», - деді дүйсенбі күні түстен кейін журналистер сұрағына жауап берген партия өкілі Б.Әбілов.

Бұл мәселеге байланысты шілденің 23-күні Орталық сайлау комиссиясынан «Азаттық» тілшісіне жауап алу мүмкін болмады. Ал «31-арна» телерадиокомпаниясы осы жайтқа қатысты партияға берген жауабында, бұл істе «ешқандай саяси астар жоқ, басты себеп – бейнематериалдардағы белгілі адамдардың өздерін көрсетуге жазбаша рұқсат бермегендігі» айтылған. Сонымен бірге, «егер талап етілген құжаттар толық өткізілсе біздің арна жарнамалық роликтерді көрсетуге әзір» делінген «31-арна» жолдаған хатта.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы болса сайлау науқаны кезіндегі үгіт–насихат жұмыстарының алғашқы сәтінен билік органдары тарапынан өздеріне қарсы қысымның күшейгенін айтады. Осы партияның Ақтөбедегі сайлау штабының хабарлауынша, шілденің 21-күні үгіт-насихат мақсатында үстіне партияның атауы жазылған қызыл жейде киіп, қаланың орталық бөлігіндегі автобус аялдамаларына шыққан бірнеше адамды полиция ұстап әкетіп, полиция бөлімінде 3 сағат бойы ұстаған соң, ешқандай түсінік берместен қоя берген. Бұл жайында Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті мен қалалық полиция басқармасындағылар «Азаттық» тілшісіне қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Қазақстанда тамыздың 18-іне белгіленіп отырған парламент сайлауы ел тарихында алғаш рет партиялық тізім бойынша өткелі отыр. Парламент Мәжілісіне сайлауға түсетіндер үшін шілденің 18-інен, ал жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлер үшін шілденің 23-інен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ресми рұқсат берілген.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG