Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.31.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі қазақстандық тележурналист Новикова іс-түссіз жоғалып кеткендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Шаңырақ қақтығысына қатысты істі қарап жатқан сотта айқай-шу шыққандығына тоқталса, тағы бір басылым Қарағанды қаласында әйелдерінен таяқ жеген еркектерге көмек орталығы ашылғандығына мән беріп өтіпті.

Қазақстандағы «КТК» телеарнасының жүргізушісі Анастасия Новикова іс-түссіз жоғалып кеткендігі туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың айтуынша, журалистің ата-аналары жақын күндері осындай мазмұндағы арызды Алматының ішкі істер департаментіне өткізген» делінген мақалада. «Анастасия Новика Ташкенте туылған, шамаман үш жыл бұрын Қазақстанға көшіп келген. Соңғы рет оны Австрия астанасы Вена қаласына кеткен кезде көрген. Содан бері Новикова туралы ешқандай хабар жоқ. Министрліктегілер журналистің жоғалып кетуіне қатысты істі іс-түссіз кеткен Нұрбанктің бұрынғы менеджерлері Хасенов пен Темірәлиевтің ісіне біріктірілуі мүмкін екендігін айтып отыр» деп жазды «Время» газеті.

«Жас Алаш» газеті болса Шаңырақтағы қақтығысқа қатысты істі жарты жылдан бері қарап жатқан сотта прокурор ауысқандығына мән беріп өтіпті. «Өткен жұмада Шаңырақтың ісіне қатысты кезекті сот тағы да айқай-шумен басталды. Жаңадан келген прокурор Гүлбаршын Нұрымбетова сот отырысының ойран-топырын шығарды» делінген мақалада. «Сот барысында сотталушы Марғұлан Сүйіндіков қоғамдық қорғаушы сұрап, судьяларға өтініш жасағанда «су жаңа» прокурордың бетпердесі сыпырылып қалды. Судьялар Марғұланның өтінішіне қатысты прокурордың пікірін сұрағаны сол еді, орнынан ұшып тұрған прокурор Нұрымбетова атойлап қарсы шықты. Судьялардың да күткені осы болса керек, Нұрымбетованы қолдап кетті. Сондағы сыныққа сылтау еткендері мынау: «Сүйіндіковтың кәсіби қорғаушысы бар. Заңдық білім жоқ адам қоғамдық қорғаушы бола алмайды». Марғүланға қоғамдық қорғаушы болуға ниет білдірген Бақтылы Түменованың мамандығы дәрігер екен. Алайда, «дәрігер қоғамдық қорғаушы бола алмайды» деп еш жерде жазылмаған. Әділетсіздікке төзбеген қорғаушылар мен айыпталушылар өре түрегелді. Қайдан алғанын кім білсін, айыпталушылардың бірінің қолында ұстара бар екен, өзінің күре тамырын кесуге оқталды. Сүтпісірім уақытан соң қайтадан орындарына келген судьялар айыпталушының қоғамдық қорғаушы алу туралы өтінішін қанағаттандыратындығын айтты. Прокурор Нұрымбетовадан пікір сұрап еді: «Қарсы емеспін, сот шешсін», - деп бұл ете қалды» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

«Айқын» газеті мұнайлы өңір – Маңғыстауда құбыр өртенгендігіне тоқталып өтіпті. «Шілденің 30-күні жергілікті уақытпен таңғы сағат үштердің шамасында Өзен – Атырау – Самара магистральды мұнай құбырында өрт шықты» делінген мақалада. «Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Қажымұрат Қайрушевтің айтуынша, өрт Жаңаөзен қаласынан жүз шақырым жердегі осы агрегаттардың бірінде, жоспар бойынша істелініп жатқан жұмыс кезінде басталған. От шарпыған бір жұмысшы тікұшақпен Жаңаөзен қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Өртті сөндіру мақсатында магистральды мұнай құбыры тығындалып, мұнай тасымалдануы дереу тоқтатылды. Тілсіз жау түскен кейін ауыздықталған. Қазір оқиға орнында құбырға мұнай жіберу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себептерін мамандардан құрылған арнайы комиссия анықтайды» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Ал «Комсомольская прапвда: Казахстан» газеті болса Қарағанды қаласында әйелдерінен таяқ жеген азаматтарға көмек көрсету орталығы ашылғандығына мән беріп отыр. «Сөз болып отырған орталыққа, бір аптаның ішінде, 40 азамат көмек сұрап барған. Олардың 30-ы далада қаңғырып қалғандар» делінген мақалада. «Қарағандыда тұрмыстық зомбылықтан зардап шегуші ер азаматтарға арналған сенім телефонының жұмыс істеп тұрғандығына бірнеше ай болыпты. Бірақ генлерлік ақпарат-сараптама орталығының басшылығы қалада ер азаматтарды қорғау мекемесін ашу қажет деп шешкен. Көмек сұрап келген ер кісілерге мұнда психологиялық және заңдық тұрғыда көмек көрсетілетін болады» деп жазды «Комсомольскя правда: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG